Жаңалықтар

Су тасқыны: Зардап шеккен әр отбасына 100 АЕК мөлшерінде біржолғы өтемақы беріледі

Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігінің баспасөз хатшысы Арай Дәулетқызы ОКҚ брифингінде мәлім етті.

Қазіргі уақытта Үкімет жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп республикалық және жергілікті бюджеттердің барлық қолда бар ресурстарын жұмылдырды. Осы мақсатта Үкімет жергілікті атқарушы органдардың орталық мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл алгоритмімен су тасқыны салдарын жою жөніндегі іс-шараларды қаржыландыру жоспарын бекітті, деп хабарлады turkystan.kz ОКҚ-ға сілтеме жасап.

Жоспарға сәйкес, әрбір зардап шеккен отбасына 100 АЕК мөлшерінде біржолғы өтемақы берілетін болады. Қираған үйлер Үкімет резерві есебінен қайта салынады. Өңірлерге қаражат Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі арқылы бағытталады. Жөндеуді қажет ететін үйлер әкімдіктердің қаражаты есебінен қалпына келтіріледі. Залалды бағалауды әкімдіктер су кеткеннен кейін бірден жүргізеді. Саяжай үйлері бойынша өтемақы мөлшері 100 АЕК дейін құрайды. 

Зардап шеккен адамдардың тізімін және залалды бағалауды әкімдік өкілдері жүргізеді. Зардап шеккен мүліктің тізімімен бірге бір мезгілде құқық белгілейтін құжаттардың көшірмелері болған жөн. Ақпарат жаңартылған сайын Қаржы министрлігі оны жедел түрде хабарлайтын болады.