Павлодар тұрғыны зейнеткердің 1 млн теңгеден астам ақшасын жымқырған
Қазір полицейлер ер адамды іздестіріп жатыр
Павлодарда алаяқ 74 жастағы зейнеткер әйелді алдап, 1 млн 100 мың теңге ақшасын өз шотына аударып алған, деп хабарлады turkystan.kz.
Polisia.kz сайтының мәліметінше, павлодарлық 74 жастағы зейнеткер алаяқтың қулығына тап болды. Әйелге бейтаныс жігіт қоңырау шалып, өзін ұялы байланыс операторының қызметкері ретінде таныстырған.
«Зейнеткерге ұялы байланыс операторынан сыйлық ұтып алғаны туралы қуанышты жаңалықты хабарлаған. Тосын жаңалыққа қуанған зейнеткер жалған байланыс операторына тұрғылықты мекенжайын хабарлайды. Біраз уақыттан кейін қолында шоколады мен бокалы бар ер адам зейнеткердің үйіне келіп, әйел кісіні әңгімеге тартқан», - делінген хабарламада.
Зейнеткер өзі туралы және анасының ауруы туралы ер адамға бәрін айтып берді.
«Келесі күні жігіт әйелдің үйіне қайтып келеді, жәбірленушінің анасына сыйлыққа торт ала келген. Тағы бір күннен соң ер адам зейнеткерге қайта барып, оған жеміс әкелді, өзінің ерікті екенін айтқан. Жәбірленушінің айтуы бойынша ол сыпайы және кішіпейіл болған», - делінген хабарламада.
Әңгіме барысында зейнеткер жігітке ас үйдегі үстелдің сынған жерін жөндеу қажеттігін айтқан. Жігіт оның өтінішіне жауап беріп, зейнеткердің үйіне тағы да бас сұққан.
«Жас жігіт зейнеткердің қосымшасын телефонға жүктеп, Face-ID көмегімен зейнеткердің депозитінен ақшаны телефон нөмірі бойынша өз шотына аударып, содан кейін белгісіз бағытта жасырынған. Қазір полицейлер ер адамды іздестіріп жатыр. Жақын жердегі бейнебақылау камераларының барлық жазбалары көтеріліп, жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр», – деді Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Тәртіп сақшылары банктердің қосымшаларынан жеке мәліметтер мен парольдерді белгісіз адамдарға бермеуге, сондай-ақ бейтаныс адамдармен телефон арқылы сөйлеспеуге кеңес береді. Айта кетейік, жыл басынан бері Павлодар облысында алаяқтықтың 481 фактісі тіркелген.