Димаш Құдайберген су тасқынынан зардап шеккендерге 15 млн теңге аударды
Әнші Димаш Құдайберген туған жері Ақтөбеге барды.
Ол саяжай аумағында тұратын, бірақ қазір баспанасын тастап № 40 мектепте уақытша тұрып жатқан тұрғындармен кездесті, деп хабарлады turkystan.kz «ҚазАқпаратқа» сілтеме жасап.
Ол алдымен баспанасына су кірген қамкөңіл жерлестеріне демеу болып, олардың жанынан табылды.
Жылы сөзін арнап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтің тапсырмасы негізінде елдегі атқарылып жатқан істерге тоқталды.
— Бала кезден бастап тілеуімді тілеп, биікке қанат қағып, қалықтап жүруіме тілекші болып жүрген жерлестерімнің қал-жағдайын білмей кете алмадым. Жаңалықтардан мемлекет тарапынан ауқымды сомада көмек беріліп жатыр дегенді оқып жатырмын. Ең бастысы, еліміз аман болсын, жұртымыз тыныш болсын, — деді әнші.
Өзі де игі істен шет қалмай, туған жеріне сапары барысында қайырымдылық қорға ақша аударды.