«Қазақстан халқына» қоры су тасқыны салдарын жоюға 10 млрд теңге бөледі
Бұған дейін Қор ауылдық жерлерде 200 үй салу үшін 5 млрд теңге бөлу туралы жариялаған болатын.
«Қазақстан халқына» қорының Қамқоршылық кеңесі су тасқыны салдарынан зардап шеккен еліміздің бірқатар өңірлерінде көмек көрсету мәселесін қарады, деп хабарлады turkystan.kz.
Бұған дейін Қор ауылдық жерлерде 200 үй салу үшін 5 млрд теңге бөлу туралы жариялаған болатын. Апаттың ауқымы мен оның салдарын ескере отырып, Қордың Қамқоршылық кеңесі осы мақсаттарға барлығы 10 млрд теңге бөлу туралы шешімді бекітті.
«Бұдан бөлек 1-30 сәуір аралығында заңды және жеке тұлғалардан Қордың шоттарына түскен барлық қайырымдылық қаражаты зардап шеккендерге үй салуға аударылады. 9 сәуірдегі жағдай бойынша азаматтар мен компаниялардан 970 млн теңге түсті», - делінген хабарламада.
Қор қаражаты мен жиналған ақша есебінен 430-дан астам үй салуға болады. Жаңа донорлар белсенді қатысқан жағдайда Қор үйлер санын едәуір арттырады деп күтеді.
«Су тасқыны салдарынан қираған тұрғын үйді қалпына келтіру қажеттілігі анағұрлым жоғары екенін ескере отырып, «Қазақстан халқына» қоры жанашыр азаматтар мен заңды тұлғаларды Мемлекет басшысының зардап шеккендерге көмек көрсету үшін қаражат жинау жөніндегі бастамасын қолдауға шақырады», - делінген хабарламада.
Қор қайырымдылық үшін https://qazaqstanhalqyna.kz/kk/donors.html ресми сайтында көрсетілген шоттар мен деректемелерді пайдалануыңызды сұрайды.
Жеке тұлғалар үшін аударымдар банктердің мобильді қосымшаларында «қайырымдылық» бөлімінде қолжетімді.
«Донорлар мен қайырымдылық мөлшері көрсетілген егжей-тегжейлі есеп, сондай-ақ құрылыс барысы туралы ақпарат Қордың веб-сайтында орналастырылады. Қор төлеуші ретінде қаражаттың мақсатты жұмсалуын бақылауды қамтамасыз етеді. Елді мекендерді, құрылыс орнын таңдау және жер учаскелерін беру, құрылыс компаниялары атынан мердігерлерді айқындау жөніндегі жұмыс құрылысқа тапсырыс беруші ретінде әрекет ететін жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жүргізілетін болады», - делінген хабарламада.