Жаңалықтар

Наурыз тойы ажарынан айырылып барады

ашық дереккөзі

Наурыз тойы ажарынан айырылып барады

Сонау 1991 жылы Кеңес Одағының шаңырағы ортасына түскен күннің ертеңіне Өзбекстан президенті мәлімдеме жасады. Сонда ол жақында шекара жабылады, «ендігәрі Өзбекстанда өзбек халқын, өзбек елін құрметтеп, оның тілін, салт-дәстүрін сыйлайтын, өсіп-өркендеуіне адал қызмет еткісі келетін азаматтар қалсын, ал өйткісі келмегендер дереу өз елдеріне көшсін»,– деп ресми түрде мәлімдеді. Көп ұзамай Өзбекстан Наурыз мейрамын ұлттық Жаңа жыл мейрамымыз деп жариялады. Ал азаттық алғанына 25 жылдан асып кеткен Қазақстанда Наурыз мейрамын Жаңа жыл мейрамымен салыстыру да ұят. Халқының 70 пайызы қасиетті ислам дініндегілер бола тұра Қазақстанда ең үлкен, ең мәртебелі мейрам негізінен христиандардың діни мейрамы болып есептелетін 31-ші желтоқсанның ақбасқын қарлы бораны мен сақылдаған сары аязында, түн ортасында келетін Жаңа жыл мейрамы. Не астрономиялық, не басқа ғылыми негізі, дәйек, дәлелі жоқ бұл Жаңа жыл мейрамына даярлық Қазақстанда қараша айының ортасынан басталып, ақпанның аяғына шейін, яғни, 3 айға жуық тойланады. Әсіресе, телеарналар шет-шегі жоқ бұл мейрамды әкесі тіріліп келгендей дуылдатады.  «Жұлдыз» атанып, қаптап кеткен той әншілері теледидардан «Жаңа жыл» «Жаңа жыл келіп қалды», «Бәріміз бақытты болайық», «алдырайық туған жердің шарабын», «Новый год» деп көкке секіріп билеп жатады. Григориан күнтізбесіндегі сол Жаңа жылды үш ай солай тойлаған Қазақстан телеарналарының былтырғы Наурыз мейрамы күні көрсеткен дүниелерін қараңыз: «Алып қашу операциясы» (Хабар), «Своя чужая сестра», «Бриллиантовая рука» (КТК), үнді фильмі (Астана). Қалған көрсетілімдер қасиетті Наурыз мейрамына мүлде қатысы жоқ, неге қажет екені түсініксіз бірнәрселер мен жарнамаларға толы болды. Құдай кешірсін, осының бәрі Қазақстандағы жергілікті ұлттың – қазақтың салт-дәстүріне, дініне, ұлттық тәрбиесіне қарсы жымысқылықпен біреулердің әдейі жүргізіп отырған залымдығы ма деген ойға кетеді екенсіз. Қарап тұрсақ, Жаңа жыл деп аталатын сол мейрам  моральдық та, материалдық та зиянға толы. Осы мейрам кезінде қанша адам ішімдіктен не уланып, не өліп жатады. Ішіп алған адамдардың жүріс-тұрысының, кейбіреулерінің аузынан шығып жатқан лас сөздерінің өзі қандай жиренішті, оның бәрін жас балаларымыз көріп отырады. Ал көшеде, не далада мас боп жатып қалып, мас күйінде көлік тізгініне отырып, апат жасап, өзге де аянышты жағдайларда опат болып жатқандар қаншама?! Бұл мейрамды  христиан дініндегі  ұлттар діни мейрамымыз, яғни, «Христостың туған күні» деп тойлайды. Ал біздің  биліктегі  азаматтар  «Бұл – діни  мейрам емес» деп әлдекімдердің алдында ақталып сөйлеуді де ұмытпайды. Және сонысын өздерінің  сұңғыла саясаткерлігі деп те ойлайтын сияқты. Иә, Қазақстан тәуелсіздік алардан 4-5 жыл бұрын Наурыз мейрамы, яғни өз Жаңа жылымыз қалай тойланғанын еске алсақ, қазіргі Наурыз мейрамы жетім қыздың тойындай екені рас. Бүгінде оның бар сән-салтанаты әр жерде киіз үйлер тігіліп, «кока-кола» сияқты сусындар сатылып, жұрт өз ақшасына ас ішіп, бір-екі әншінің, не «жұлдыздың» өнерін көріп қайтумен аяқталады. Дәл осы мейрам кезінде кейбір телеарналардан қазақтың ұлттығына, ұлттық тәлім-тәрбиесіне, салт-дәстүріне мүлде жат нәрселер көрсетіліп жататыны көзі ашық, көңілі ояу әр қазаққа осынау ұлық мейрамды кемсіту үшін әдейі жасалып жатқандай көрінері хақ. Ал бізбен тілі, діні бір, салт-дәстүрі, тағлым-тәрбиесі бір өзбек, түркімен, әзірбайжан, тәжік, татар сияқты халықтардың өз республикасында Наурызды қалай тойлайтынын көргенде ішің күйеді. Елбасы Н.Назарбаевтың бірде «Біз түптің түбінде Жаңа жыл деп 22 Наурызды белгілейміз» дегеніне де талай жылдың жүзі болды. Амал не, соған қарамастан қасиетті де киелі ұлық мейрам жыл өткен сайын өзінің ажар көркінен айрылып бара ма деп қорқамыз. Елдің елдігі, кімнің елі екені ұлттық мейрамын қалай тойлайтынынан да көрініп тұрады. Ендеше Наурыз – нағыз ұлтжандылық, жасампаздықтың  тойы, оны бүгінгідей құлдыратуға жол бермейік.  

Мырзан КЕНЖЕБАЙ