Жаңалықтар

Қостанайлық ұландар су басқан елді мекен тұрғындарына көмектесті

Жеке құрам су көтерілуі мүмкін өзеннің аласа келген арналарына құм толтырылған қаптар төсеп, бөгет жасады

Қостанай облысында Қаратомар су қоймасынан тасып аққан су Тобыл өзенін тулатып жатыр. Салдарынан өзенді жағалай қоныстанған елді мекендерді су басты. Зардап шеккен тұрғындарды эвакуациялауға және өзен жағаларына бөгет тұрғызу мақсатында Ұлттық ұланның 6697 әскери бөлімі күндіз-түні қызмет атқарып жүр.

Мәселен, 6 cәуір таңертең 6697 әскери бөлімінің 50 сарбазы Қостанай ауданына қарасты Алтынсарин ауылын су басу қаупі туындағандықтан шұғыл көмекке аттанды. Жеке құрам су көтерілуі мүмкін өзеннің аласа келген арналарына құм толтырылған қаптар төсеп, бөгет жасады. 

- Ұлттық ұлан сарбаздары мен еріктілер қосылып, менің үйім тұрған тұстағы өзен жағалауына құм толы қаптарды бірнеше қатар тізбекпен тұрғызды. Бұл жігіттер барын салды. Жағдайымды түсініп, үйімді аман алып қалуға тырысты, - деді Алтынсарин ауылының Озерный көшесі 25/1 мекенжайының тұрғыны Жеңіс Мырзабеков.

Тасқыннан тайсалмаған ұландықтар су басқан үйлерден тұрғындардың асығыста қалдырған дүние-мүлкін және жан-жануарларын шығаруға қолғабыс етті. Ауыл халқының қауіпсіз жерге көшірілуіне атсалысты.

- Бұл ауылдың жағдайы таңертең ғана қанағаттанарлық деңгейде еді. Су басу қаупі бар деген соң біз дереу жетіп келдік. Бірден су жағасынан бірнеше қашықтықта құм толы қаптармен тосқауыл құрдық. Бірақ жылдам көтерілген өзен суы біз төсеген бөгеттерден асып, іргедегі ауыл үйлеріне дейін жетіп отыр. Сондықтан үй иелерінің заттарын көшірістік, - деді рота командирінің ТжӘҚЖ жөніндегі орынбасары Әлішер Қайролдинов.

«Қазгидрометтің» болжамы бойынша Жоғары Тобыл және Қаратомар су қоймаларына көктемде 450-ден 700 млн текше метрге дейін су жиналуы ықтимал делінген-ді. Мұның өзі – жылдық орташа 413 млн текше метр межемен алғандағы жорамал болатын. Алайда соңғы 2 күнде қос қоймаға 1 млрд текше метр су толған. Мамандар мұншалық ауқымдағы суды 1980 жылдан бері көрмегендерін айтып отыр. Мысалы, аталған Алтынсарин ауылында мұндай табиғи апат 2000 жылдардың басында ғана болған. 

- Үйімізді су шаймас бұрын су жағаларына бөгет тұрғызуға Ұлттық ұлан сарбаздары көп күш салды. Оларға өзге де азаматтар қолдау білдірді. Өкінішке қарай, тасқын су дес бермеді. Бірақ осындай қиын сәтте жанымыздан табылған, бізді тастамаған әскери қызметшілерге алғысымыз шексіз, - деді ауыл тұрғындарының бірі Николай Друца.

Соңғы мәліметтерге сүйенсек, Жоғарғы Тобыл мен Қаратомар су қоймаларынан су секундына 3000 текше метрден жіберіліп жатыр. 

- 6-7 сәуір күндері Қостанай қаласы мен Қостанай ауданы аумағында су шығып кету қаупі бар Тобыл жағалауларына бөгет тұрғызу және сақтық үшін халықты қауіпсіз жерге көшіру мақсатында Ұлттық ұланның 100 сарбазы көмек көрсетуге жіберілді. Әскери бөлімнің жауынгерлері 5 сәуір күні ғана су басқан Жангелді ауданының Тәуіш ауылынан оралған болатын. Ал бүгін олар тағы да маңызды міндет атқаруда. Қазіргі сәтте біздің сарбаздар Қостанай ауданының екі нүктесінде және қалада қызмет атқарып жатыр, - деді әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары  подполковник Ескендір Сараубеков.

Айта кетейік, Ұлттық ұлан сарбаздары аймақтағы ахуал тұрақтанғанша халықтың қасынан табылуға, оларға көмектесуге әзір. 

Жанболат КЕНЖЕҒҰЛ

Қостанай қаласынан