Экс-министр Қуандық Бишімбаев ай сайын 8-15 млн табыс тауып отырған
Қуандық Бишімбаев кезекті сот отырысында жалақысының мөлшерін жариялады.
Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаев әйелімен бірге тұрғанда айына 8 миллион теңгеден 15 миллион теңгеге дейін табыс тауып отырған, деп хабарлады turkystan.kz Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Бұл мәліметті Бишімбаев сотта жәбірленуші тараптың адвокатының сұрағына берген жауабында айтты. Экс-министрдің сөзінше, ресми айлығы 1 миллион теңге болған. Бірақ Бишімбаев кісі өлтіру орын алған мейрамханадан да табыс тауып отырған. Сот отырысы барысында жәбірленуші тараптың адвокаты Жанна Уразбахова сотталушының Салтанат Нүкеноваға ай сайын 4-5 миллион теңге аударып отырғаны туралы айтқанын еске алды. Ол одан жалақысының мөлшерін жариялауды өтінді. “Ресми тіркелген жерімнен айына 1 миллион теңге жалақы алып отырдым. Бұл менің тұрақты жалақым. Ай сайынғы табысым мейрамхананың (Bau – ред.) табысына қарай 8-15 миллион теңге аралығында болды”, – дейді сотталушы. Ол "Bau" мейрамханасына өзі иелік ететінін де түсіндірді. Бұл ретте оның анасы Альмира Нұрлыбековаға мекеме орналасқан Гастроцентрдің үлесі тиесілі болған.