Жаңалықтар

Сахна падишасы

ашық дереккөзі

Сахна падишасы

Есімі қазақтың театр өнерінің тұтас бір кезеңіне анықтауыш бола алатын тұлғалар бар. Олардың есімі аталса, сол кезеңнің айқын да айшықты суреті көз алдыңызда сайрап сала береді. Сондай дара дарындардың арасында қазақ сахнасының падишасы Хадиша Бөкееваның орны ерек. Ол – ұлт сахнасына еуропалық үлгідегі аристократизмді алып келіп, қазақы тектілікпен ұштастыра білген актриса. Хадиша Бөкееваның кейіпкерлері ақсүйектерге тән кірпияздығымен, өзіндік өмір сүру мәнерімен ерекшеленді. Әлемдік классикадағы маңдайалды бейнелерді жасап, өзгелерді қазақ деген қасиетті халықтың дарынына тамсандырған даңқты актрисаның туғанына биыл 100 жыл толып отыр. КСРО және Қазақстанның ха­лық әртісі, КСРО Мемлекеттік сый­лығының лауреаты Хадиша Бөкееваның өнегелі өнері ғана емес, жібек мінезі, биік парасаты мен мәдениеті де аңызға айнал­ды. Актрисаның ешкімге ұқсамай­тын ерек болмысының сырын заман­дас­тары, ең әуелі, оның туған жері, өскен ортасымен байланыстыруы заңды. Өйткені Хадиша Бөкеева тарихы терең, тағылымы мол өлкеде, талай дүлдүлді дүниеге әкелген қасиетті Орал топырағында дүниеге келді. 1917 жылы Батыс Қазақстан облысы, Казталов ауданы, Казталов ауылында туған актрисаның ата-анасы ерте дүние салған. жетімдер үйінде өскен қыздың қуанышты күндері көп болған жоқ. Туған ағасы Орынбор милиция мектебін бітіріп келген соң, олар Шымкентке көшеді. Бастапқыда дәрігерлік жолды құп көріп, 1932 жылы Хадиша Бөкеева Алматыдағы медициналық институттың дайындық курсына түседі. Сонда оқып жүріп, Қазақ радиосында әнші болып жұмыс істейді. Ұлттың үнжариясы арқылы әсем үні құлақтарға жетіп, өнерге, сахнаға деген ықыласы арта бастайды. Арманның жетегінде жүрген сондай күндердің бірінде Алматыға Ресейден қазақтың дарынды жастарын іріктеу үшін арнайы комиссия келеді. Тісқаққан мамандардың сынағынан 25 жас сүрінбей өтеді. Сол таңдаулылардың ішінде Хадиша Бөкеева да бар еді. Сөйтіп, 1934 жылы ол Ленин­град Мемлекеттік театр өнері техникумының (қазіргі Санкт-Петербург Мемлекеттік Театр өнері академиясы) студенті атан­ды. Театр өнерінің ұлағатты ұстаз­дары – В.Меркурьев, Л.Ви­вь­ен, И.Мейерхольдтың сүйікті шәкірті болған Х.Бөкеева 1938 жылы оқуын бітіріп, 1938 жылы елге оралады. Келген бойда курстастарымен бірге Шымкент облыстық қазақ драма театрына қабылданады. Осы театрда Еңлік (М. Әуезовтің «Еңлік – Кебегінде»), Ақтоқты (Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқтысында»), Людмила (А.Островскийдің «Кешіккен махаббатында») сияқты рөлдермен көрермен ықыласына бөленген. 1942 жылы Алматыға М.Әуезов атын­дағы Қазақ мемлекеттік драма театрына ауысады. Сол кезден бастап актрисаның шығармашылық тағдыры осы қара шаңырақпен тығыз байланыста болды. Ұлттық сахна іргетасын қалаушылар, өзі ұстаз тұтқан Қ.Қуанышбаев, С.Қожам­құлов, Е.Өмірзақов, Ш.Ай­манов­пен және тағы да басқа өнер саңлақтарымен бірге қазақ театрының жұлдызын жарқы­ратқан Х.Бөкеева М.Әуезовтің «Қарақыпшақ Қобыландысында» Қарлыға, «Абайында» Бастаушы, Т.Ахтановтың «Сәулесінде» Сәуле, Ә.Тәжібаевтың «Майрасында» Майра, «Көңілдестерінде» Маржан, Ш.Айтматовтың «Ана-Жер-анасында» Жер-ана, сондай-ақ, көрнекті драматург Қ.Ысқақтың актрисаға арнап жазған «Қылкөпір» драмасында Бәйбіше, т.б шоқтығы биік образдар жасады. Ал әлемдік драматургиядан Шекспирдің «Отеллосында» Эмилия, «Ричард ІІІ» трагедиясында Маргарита патшайым, Мольердің «Сараңында» Элиза, Островскийдің «Найзағайында» Катерина, Гогольдің «Күннен туғандарында» Меланья, Чеховтың «Ваня ағайында» Н.Войницкая рөлдерін сомдау арқылы шеберлік шыңына шықты. Қазақ театрының сахнасында небір айшықты бейнелерді дүниеге әкеліп, бірнеше буын көрермендердің мәдени-көркемдік талғамын қалыптастыруға ықпал еткен дарын иесінің көп рөлдерінің ішінде Катаринасының (Шекспирдің «Асауға тұсауында») ерек аталуы бекер емес. Сахна өнерінің бүкіләлемдік деңгейіне жеткен бұл образ Хадиша Бөкееваның төлқұжаты іспетті еді. Оттай лаулап, құйындай ойнаған Катаринасы ерекше құбылыс деп танылса да, Бөкеева «ағылшынданып» кеткен жоқ. Керісінше, Катаринаны қазақ қызының бойындағы ашық, еркін, ерке де ұстамды, жүрек қозғайтын қылықты мінездерімен байытты. У.Шекспирдің 400 жылдық торқалы тойында Англияда өткен театр мерекесінде Петручио-Шәкен Аймановпен серіктестікте ойнаған ғажайып рөлі арқылы актриса ағылшындарды мойындатып, қазақ театр өнерін алғаш рет әлемге танытты. Хадиша Бөкееваның кинодағы рөл­дері де алтын қордағы аяу­лы дүниелер. Актриса ұлттық кино өнерінде «Райхан» (1940), «Асау Ертіс жағасында» (1959), «Тұлпардың ізі» (1964) фильмдеріндегі рөлдері арқылы қайталанбас образдар галереясын жасады. Актриса сонымен қатар «Даладағы қайыңдар», «Біздің сүйікті дәрігер», «Дауыл», «Ертіс жаға­сында», «Тұлпардың ізі» фильмдеріне түсті. Хадиша Бөкееваның айрықша құрметпен аталатын тағы бір аты – ұстаз. Өзінің тұла бойындағы таңғалдырар тамаша талантын республикамыздың әр қиырындағы театрларда еңбек етіп жүрген шәкірттеріне жомарттықпен сыйлай білген ардақты жан ұзақ жылдар бойы Алматы Мемлекеттік Құрманғазы атындағы консерватория жанындағы театр бөлімінен бастау алған Театр және көркемсурет институтында ұстаздық етті. Профессордан тәлім алған өнер иелерінің барлығы дерлік бүгінде есімі елге белгілі азаматтар. Атап айтсақ, қазақтың Қыз Жібегі мен Төлегені – Құман Тастанбеков пен Меруерт Өтекешова, белгілі режиссерлер, көрнекті театр және кино актері Тұңғышбай Жаманқұлов, қазаққа «Біржан сал» сияқты сүйекті туынды тарту еткен режиссер, атақты актер Досхан Жолжақсынов, өнердің өрістеуіне сүбелі үлес қосқан өнертанушы, қазақтың дара сыншысы Әшірбек Сығай, сондай-ақ белгілі өнер қайраткері, сахна шебері Рахилям Машурова, өмірінің соңына дейін тәлімгеріне демеу болған актриса Ғайникамал Байқошқарова сынды шәкірттерін мақтан тұтты. Ізбасарларының бойына сахнаға деген адалдықтан бөлек, өмірге деген махаббаты сіңіріп, жақсы актер ғана емес, жақсы адам болуды үйреткен ғазиз жан сағынышқа айналғалы бірнеше жылдың жүзі болды. Сахна падишасының ғасырлық мерейтойы қарсаңында ең алғашқы және ең соңғы шәкіртімен сұхбаттасудың сәті түсті.   Рахилям Машурова, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі:

Сырласымды сағынып жүрмін

– Ерлан Әбділдаұлы, сіздердің курстарыңыз Хадиша Бөкеевадан тәлім алған ең соңғы шәкірттер екен. Ұлағатты ұстаздың ұстанымы қандай еді? – Иә, біз – Хадиша апайдың ең соңғы түлетіп ұшырған шәкірт­те­ріміз. Соңғы дәрісін біздің курсқа оқыды. Хадиша Бөкеева болмысында өте тұнық, жаны жайсаң жан болатын. Қазақтың қандай қадірлі сөзі болса, соның барлығымен де әспеттеуге тұрарлық айрықша болмыс-бітімімен әріптес-достарына сыйлы, шәкірттеріне қадірлі, көрерменіне аяулы болды. Ұстазымыздың мәдениеті, өмірге деген таным-таразысы, көзқарасы, парасаты биік еді. Хадиша апайдың балалық ша­ғының қызығынан көрі қиын­дығы көп болған. Алғаш ағасы екеуі білім қуып келіп, әуелі медициналық училищеге түскен. Одан кейін радиода әнші болып істейді. Сол арқылы көзге түсіп, күндердің күнінде Ленинградқа оқуға қабылданатын жастардың іріктеуінен сүрінбей өтеді. Ресейден оқуын тәмамдап келген соң еңбек жолын Шымкенттен бастаған. Кейіннен М.Әуезов театрына ауысып, өмірінің соңына дейін осы қарашаңырақта қызмет етті. Ұстазымыздың тілі кестелі болатын. Ақындарша өлеңдетіп сөйлегенде шеберлігі таңдай қақ­тыратын. Өмірді сүйді, сол сүйіспеншілігі әр ісінен менмұндалап тұратын. Адамның өмірінде тек қана қуаныш қана емес, қиындық да, қайғы мен мұң да болады. Бірақ соның бәрінде адам адамгершілігімен, пайым-парасатымен жоғары тұруы керек. Міне, ол кісінің басты ұстанымы – осы еді. Хадиша апай өмірге деген немқұрайлы, салғырт көзқарасты жақтырмайтын. Орташа, қалыпты дегенді құптамаушы еді. Істегенің өте жақсы деген баға алып, жарқырап көрінуі тиіс. Өзіне қоятын осы талабын шәкірттерінің бойына да сіңірді. Хадиша Бөкеевадай ұлы ұстаз­дан тәлім алғандықтан өзімді бақытты шәкірт деп білемін. Ол кісіден актерлік шеберліктен бөлек, тазалықты, мәдениеттілікті, өз-өзіңе деген талапшылдықты үйрендік. Хадиша апай адам баласына дауыс көтеріп көрген емес. Сын-ескертпелерінің өзін жұмсартып, көңіліңе қаяу түсірмейтіндей, намысыңа тимейтіндей етіп жеткізетін. «Менің айтуға қақым бар ма, жоқ па, білмей тұрмын. Оны сіз қабылдайсыз ба, қабылдамайсыз ба – оны да білмеймін. Бірақ айту парызым», – деп бастайтын сөзін. Театрға келген соң да ол кісінің ойынын көріп, сахна үшін, өнер үшін туған жан екеніне көзіміз әбден жетті. Хадиша апайдың «Асауға тұсаудағы» Катаринасын жұрт аңыз қылып айтатын. Шолпан апайымыз «Ақан сері – Ақтоқтыдағы» Ақтоқты рөлімен, Зәмзәгүл апайымыз ұлы Мұқаңның «Қарагөзіндегі» Қарагөз образымен танылса, Хадиша апайды әйгілі еткен – Катарина. Оған дейін де, кейін де бұл рөлді талай актриса ойнады, алайда ешқайсысы Хадиша Бөкеева көтерген биікке жеткізе алған жоқ десек, асыра айтқандық емес. Театр тарланының КСРО халық әртісі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атануы заңды еді. Театрға режиссер Ә.Мәмбетов жетекшілік етіп тұрған кезде 15 республиканың ішінде Ресейден кейін 8 КСРО халық әртісі осы театрдан шықты. Бұл қазақ театр өнері үшін үлкен жетістік болатын. Кеңес Одағын түгел ауызға қаратып, әлемдік классиканың керемет образдарын сахнаға алып шыққан өнер ұжымында үлкен қажыр мен қайрат, биік парасат иелері, нағыз таланттар шоғыры қызмет етті. Солардың арасында, әрине, Хадиша Бөкеева апайымыздың орны ерек. М.Әуезов театрында «Театр көк­темі» фестивалі дәстүрлі түр­де ұйымдастырылып келе жат­қаны белгілі. Бұған дейін Шолпан Жандарбекова, Сәбира Майқанова апаларымыздың атымен аталған фестиваль биыл Хадиша Бөкееваның 100 жылдығына арналып отыр. Бір аптаға созылатын шара барысында әр түрлі мастер-кластар, кез­де­сулер, ғылыми-практикалық конфе­ренция өтеді. Фестиваль 18 наурыз күні Хадиша Бөкееваны еске алу кешімен қорытындыланбақ. Өмірдің қандай сынағында да ірілігін жоғалтпаған Хадиша апайы­мыздай дара өнерпазды біз де, көрермені де сағынды. Жүрген жерінде мөлдіретіп өлең оқып жүретін. Мағжанды, Мұқағалиды, Қасымды, Фаризаны оқығанда, ол кісінің үніне құлақ түрмейтін жан кемде-кем еді. – Сіздер театр табалдырығын ат­та­ған уақыт актрисаның егде тартқан кезі ғой. Қандай спектакльдерде ойнап жүрді? – Әйгерім рөлімен «Абай» спек­такліне шығып жүрді. «Қылкөпірдегі» ойынын көрдік. Біз келгенде Хадиша апай 80-нен асқан актриса еді. Сондай егде тартқан шақта ол кісілерден образ сұрау қисынсыз емес пе? Ең мықты рөлдерін, жарқыраған образдарын жалындаған жастық шақта алып шықты сахнаға. Десе де, болдым, толдым, қартайдым демей, берілген рөлдерді ерекше шабытпен ойнайтынын, жасы ұлғайса да сахнадан алыстағысы келмейтінін көретінбіз. – Шәкірттерінің арасында сіз­ге ерекше көңілі түскен екен. Сіз ашығып қалмасын деп үйінен тамақ тасығаны рас па? – Ол кісі маған ғана емес, барлық шәкіртіне анасындай қамқор болды. Ауырып қалсақ, дәрі-дәрмегін, тамағын ала жүгіретін. Студент кезі­мізде таңғы сағат 9-дан кешкі 7-8-ге дейін сабақ оқып, одан кейін өзіндік жұмыстармен айналысып, түнгі 10-11-ге дейін жүретін кезіміз болатын. Тамақты уақтылы ішпейміз. Ол кезде тәулік бойы істейтін дүкендер жоқ. Біз институттан шыққанда асханалар да жабылып қалады, ашық болған күнде де қалтада үнемі ақша бола бермейді. Жатақханада нан да, шай да болмай қалады кейде. Сүрлігіп барып, ашқұрсақ күйде төсекке құлай саламыз. Сөйтіп жүріп асқазан ауруына шалдықтым. Екі бүктеліп, сахнада құлап қалған күндерім болды. Бір күні Хадиша апай сабақ өтіп жатқанда асқазаным қатты ауырып, екі бүктеліп қалдым. Апайдың есі шығып, не істерін білмей дал. Курстас қыз-жігіттер сырқатымның асқынып кеткенін, мұндай жағдай жиі қайталанып жүргенін айтты. Сол күннен бастап Хадиша апай күнде үйінен бутерброт пен айранын арқалап әкеледі де, мені алдына отырғызып қойып тамақтандырады. Ол кісінің көзінше жеуге ыңғайсызданып: «Апай, сыртқа барып жеймін» деп шығуға әрекеттенсем: «Жоқ, балақай, көз алдымда отырып жеп ал. Ол жақта сені жан-жақтан талап, ас ішкен құрлы болмайсың. Асқазаның ауырады ғой, саған дұрыстап тамақтану керек», – деп жібермей қоятын. Ұстазымыз үйіне де жиі шақы­рып тұратын. Сыйлы кісілерді күт­кен­дей дастарқанды жайнатып қояды. Бізден бір-екі курс жоғары оқыған жігіттер: «Сендер, Хадиша апайдың тамағын соғып алып, үн-түнсіз кетіп қалмай, жасаған тағамдарына сүйсініп, мақтап отырыңдар» деп айтатын. Соны естіп алып, апайдың аспаздық шеберлігіне мақтауды үйіп-төгеміз: «Хадиша апай, тағамдарыңыздың дәмі тіл үйіреді, жей бергің келеді екен» дейміз. Мұндайды естігенде апай: «Балақай, күнде жасап жүргенім ғой. Оның несі жаңалық?» дейді ұялып. Сырттай сыр білдірмегенімен, іштей мақтауымызды ұнатып, жақсы сөздерге жаны рақаттанып тұрады екен. Қарап отырсақ, сол арқылы ол кісі бізді зейінділікке, адамның көңілін табуға, әр нәрсенің қадірін біліп, бағалай білуге тәрбиелеген екен. Әйтпесе ол кісі бізсіз де мақтау, құрмет-қошеметке кенде кісі емес еді. Тағамды дәмді дайындайтынын қолынан дәм татқан адамдар әлдеқашан айтып қойған. Десе де, мақтауды алғаш естігендей мәз болып, біздің зейінділігімізге, мәдениеттілігімізге қуанып қалатын. Ұстаз ретінде өз еңбегінің қайтарымын көріп, өз бойындағы жақсы қасиеттерді біздің бойымызға да сіңіре алғанына разы болғаны ғой. Ол кісімен бірер минут сөйлескеннің өзі адамды рухани байытып, әдемі, әдепті сөйлеуге баулитын еді. – Ұстазыңыздың қай сөзі жадыңызда жатталды? – «Өмірді сүйіңдер, үнемі ғашық болып жүріңдер» дейтін. Кейде сабақта отырғанда арамыздағы қыз-жігіттерді бір-біріне қосып, улап-шулап, қалжыңға айналдырып отыратынбыз. Мұнымызды естіген Хадиша апай: «Балақайлар, ол туралы айғайлап айтуға болмайды. Сезімді ойынға айналдыруға бола ма екен? Үнсіз жақсы көру керек», – деп түсіндіретін. «Жарларыңа көмектесіңдер, ер­кек екенмін деп дөңкиіп жата бермеңдер. Келіншектеріңнің қолы тимей жатса, білектеріңді түріп жіберіп, еденді де жуа салыңдар. Үйдегі ауыр жұмыстарға көмек­тесіңдер. Сонда бір-біріңе деген мейірім артады, сыйластықтарың нығаяды», – деп айтып отырушы еді. Хадиша апайдың сол ақылын әлі күнге дейін ұстанып келемін. Бітпей жатқан іске екеулеп жабылғанда жұмыс өнеді, әрі екеуміздің де көңіліміз көтеріліп, бір-бірімізге жақындай түсеміз. Бұл өсіп келе жатқан балаларымыз үшін де тәрбие. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші, олар да ертең бізден көргенін істейтіні анық. Сондықтан ұстазымыз бізге өнерде де, өмірде де таусылмас азық болар үлкен тәлім берді деуге болады. Жақсы актер ғана емес, жақсы адам болуды үйреткен екен. Өзім де қазір ұстаздық жолда Хадиша апайдың сол ұстанымын жадымнан шығарған емеспін.