Ұлттық жоба білім биігіне жетелейді
2021-2025 жылдар аралығын қамтитын ұлттық жоба аясында балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен, біліммен қамту, қалалық және ауылдық мектептер арасындағы оқыту сапасының алшақтығын қысқарту, оқу орындарының тапшылығы мәселелерін шешу жолында мектептер салу, қауіпсіз әрі жайлы білім беру ортасын қалыптастыру мәселелері қарастырылған.
Елімізде 2021 жылдан бастап мемлекеттік бағдарламалар Ұлттық жобаларға көше бастаған болатын. Сол жылы қабылданған 10 нақты жобаның бірі – білім беруді дамыту тұжырымдамасының аясында әзірленген «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы.
2021-2025 жылдар аралығын қамтитын ұлттық жоба аясында балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен, біліммен қамту, қалалық және ауылдық мектептер арасындағы оқыту сапасының алшақтығын қысқарту, оқу орындарының тапшылығы мәселелерін шешу жолында мектептер салу, қауіпсіз әрі жайлы білім беру ортасын қалыптастыру мәселелері қарастырылған. Білім сапасын арттыруды көздейтін жобаға жалпы 1 970 535 267 теңге бөлінген. Ұлттық жоба 4 бағыттан, 5 міндеттен тұрады және 15 көрсеткіш пен 26 іс-шараны қамтиды. Бірінші міндет – Ваучерлік қаржыландыру немесе «Қаражат балаға» қағидаты. Мақсаты – мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету. Аталған міндетті орындау үшін ваучерлік қаржыландыру жолымен мемлекеттік тапсырысты орналастыру арқылы мектепке дейінгі ұйымдар желісін дамыту жөніндегі жұмыс жалғастырылатын болады. Жоба нәтижесі бойынша 2025 жылға қарай 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 95 пайызға, ал 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қамту 100 пайызды қамтиды. Былтыр мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде 67 мың жаңа орын ашылып, 2-6 жастағы балаларды біліммен қамту 91 пайызға дейін артты. Ал апат жағдайындағы және үш ауысымды мектептер мәселесін шешу мақсатында 137 мың орындық 165 жаңа мектеп іске қосылған. Сондай-ақ апат жағдайындағы 12 және үш ауысымды 29 мектептің мәселесі шешімін тапты. 230 мектеп күрделі жөндеуден өтіп, 2 100 мектеп жаңғыртылған. Оның – 1 008-і – ауыл мектебі. Жобаның екінші міндеті – орта білімнің сапасын арттыру. Әсіресе, өңірлер, қалалық және ауылдық мектептер арасындағы оқыту сапасындағы алшақтықты азайту маңызды. Бұл мақсатта кешенді шаралар қабылданды. Мәселен, бұл бағытта 12 жылдық оқытуға көшуді жоспарлау, қосымша білім беруге мемлекеттік тапсырыс орналастыру жұмыстарын атқару көзделген. Ұлттық жобаның үшінші міндеті – мектептерді жайлы, қауіпсіз және заманауи білім беру ортасымен қамтамасыз ету. Оқушыларға орын жетіспеушілігін азайту үшін 2025 жылға қарай 1 000 мектеп салу жоспарланған. Жоба сәтті жүзеге асырылса, үш ауысымды мектептер жойылып, апат жағдайындағы мектептер үлесі 0,1 пайызға дейін қысқармақ. Сондай-ақ келесі жылдың соңына дейін шағын қалаларда, аудан орталықтарында, ауылдарда 5 000 мектеп жаңғыртылып, балаларды қауіпсіз және қолайлы ортада оқытуға жағдай жасалмақ. – Әр оқушының жан-жақты білім алуы мен дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуы керек. Сондықтан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. 2025 жылға қарай 800 мың баланың заманауи мектептерде білім алуына жағдай жасайтын боламыз. Осылайша біз апат жағдайында жұмыс істейтін және үш ауысымда оқитын мектеп мәселесін толығымен шешеміз», – деген болатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. Бүгінде елімізде үш ауысымдағы 200 мектеп бар екен. Былтыр оқу жылы басталғанда Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жаңа 154 мектеп пайдалануға берілгенін айтқан болатын. «Жайлы мектеп» жобасы аясында 200-ден аса мектептің құрылысы басталған. 2024-2025 жылдары 740 мың орындық 369 мектепті пайдалануға беру жоспарлануда. – Балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарының қорғалуы – министрліктің ерекше бақылауында. 2023 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік білім беру ұйымдарын ЖБО-ға қосылған бейнекамералармен, лицензияланған күзетпен, турникеттермен және дабыл түймелерімен жарақтандыру толығымен аяқталды. Бұл бағыттағы жұмыс әлі жалғасады. Мектептегі тамақтануды ұйымдастыруға қойылатын талаптар заңнамалық түрде бекітілген. Бракераждық комиссиялар мен ведомствоаралық сараптамалық топтар қоғамдық бақылаудың рөлін күшейтті. Енді тек тағамның мөлшері ғана емес, сонымен қатар «жеткізушіден сақтауға» дейінгі технологиялық процесс бақылауда болады. Тамақтану сапасын арттыруда отандық кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігі де маңызды», – деді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев. Қолжетімді және сапалы техникалық және кәсіптік біліммен қамтамасыз ету – жобаның төртінші міндеті. 2025 жылға қарай жастардың 100 пайызы қажетті мамандықтар бойынша тегін техникалық және кәсіптік біліммен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар NEET санатындағы жастар үлесі төмендейді деп күтіп отыр. Бесінші міндет – қазақстандық жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Ұлттық жоба шеңберінде NU-дың тәжірибесі бойынша 20 академиялық артықшылық орталығы (15 өңірлік және 5 педагогикалық ЖОО) және 2 жетекші ЖОО құрылмақ. Сондай-ақ, 2025 жылдың соңына дейін шетелдік жоғары оқу орындарының 5 филиалын ашу жоспарланған. Бұл өз кезегінде жастардың елден кетуін қысқартуға мүмкіндік береді дейді мамандар. Жоба аясында кәсіпорындар мен орталықтарда үздіксіз білім беру, сондай-ақ техникалық және кәсіптік, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының түлектерін қолдау қамтамасыз етіледі. ЖОО-ларда зерттеу экожүйесінің жұмыс істеуі үшін жағдайлар жасалады. – Техникалық және кәсіптік білім беруде студенттердің оқу шеберханаларынан нақты өндіріске «үздіксіз ауысуына» басымдық берілді. 558 колледжде дуальды оқыту ұйымдастырылып, 410 колледжді 500 кәсіпорын қамқорлыққа алды. Бизнестің тікелей қолдауының арқасында 75 колледждің материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Жыл сайын мемлекеттік тапсырыс көлемі артып келеді. 2023 жылы техникалық мамандықтарға қабылданған студенттердің үлесі 60 пайызды құрады, – деген болатын министр. Жаһандану кезеңінде білім берудің мазмұны да жаңарды. Сондықтан бүгінгі білім беру жүйесінің мақсаты – сапалы білім мен бәсекеге қабілетті маман әзірлеу. Осы орайда еліміздегі білім беру саласындағы олқылықтар мен қордаланған мәселелерді шешуге бағытталған «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы нақты және маңызды міндеттерді жүзеге асыруды жалғастыра бермек.