Қытай әсерлері
Қытайлықтар әлемдегі ең көп оқитын ұлттардың бірі саналады. Ел халқының 80 пайызының бойында тасқа басылған сөзді оқу дағдысы қалыптасқан, ал 36 пайызы күніге кітап, газет-журнал оқып отырады. Алғаш қағаз жасауды, кітап түптеп, газет шығаруды ойлап тапқан халық олай етпесе түсінбей де қалар едік-ау. Енді ше, мұндағы қайсыбір шығармалар осыдан 3 мың жыл бұрын қағаз бетіне таңбаланған.
2009 жылдың жазында Қытайдың Қазақстандағы елшісі Че Го Пин мырзаның жәрдемімен он бес күн бойы аспан асты елін араладық. Бір күні бізді алып жүрген ҚХР сыртқы министрлігінің жігіттері «Дүниежүзілік қаржы орталығына» баратынымызды айтты.
Несі бар, барсақ барайық. Мұхит жағалауында орналасқан Шанхай соншама қапырық, қоңыр салқын қонақүйден сыртқа шыққаныңызда бейне саунаға кіріп кеткендей боласыз. Мұндай жерде демократияшыл кеңқолтық casual-дан ыңғайлы киім жоқ. Соған бағып, бұл жолы да аяққа тәпішке іліп, үстімдегі жеңіл мәйкі, жұқа слаксимен шыға салдым. Баста – күн сәулесінен қорғайтын делиме қалпақша. Бізді Пудун ауданына алып келген микроавтобусымыздан арсалаңдап түсе сала басымды шалқайтып, алдымызда тұрған алып ғимараттың ұшар басына қарай бергенімде үйде бақшаға киіп жүрген сары панаманың ұшып түскені: енді ше, 492 метр биіктік, барлығы 101 қабат және осынау монстр Жер-ананың зілі 7 балдық қимылдауына еркін төтеп беретінін айтсайшы (біз барған жылы әлемдегі ең биік «небоскреб»-тұғын, бүгінде 12-орынға түсіп қалды). Әлденеге көлігіміз тоқтаған жерден кіреберісіне дейін ұзына бойлатып «кремлевка» аталатын қызыл кілем төсеп тастаған екен, жалаңаяққа сұға салған қайран да қайран «ветнамка» сандалигіммен әлгі қалың кілемді тарсылдатып безіп келем. Алаңқайда бір қызық болып жатыр: кілемнің екі жағын ала әскери киім киген оркестр музыканттары асай-мүсейлерін ұстап сап түзіп тұр – сол қаладағы өріктей жігіттер, оң жақта алмадай қыздар. Біз жақындай бергенде оркестр бір салтанатты марш әуенін құйқылжыта ойнап қоя берді. Жанымдағы аудармашы, «қытай Серікке» (Кенебаев) қарап: «Бір құрметті қарсы алмаққа дайындық жасап жатыр-ау, сірә?!» деп едім, ол: «Жоға, бұл оркестр сіздердің келу құрметтеріңізге марш ойнап тұр» деді. Қырмызы қызылымның үстінде тәпішкемнен түсіп қала жаздадым. Блиин, «какой-то бір...» елордалық «Астана» журналының қызметкерлерін қарсы алу үшін Қытай халық-азаттық армиясынан әскери оркестр алдырған ба? Шатырлары жылжып кеткеннен сау ма мына шанхайлықтардың!? Сол бір уақиғаға да, міне, он бес жыл толыпты. Енді Бейжіңге тағы да жол ашылғалы тұр еді, бәлкім, сонда ретін тауып сұрап көрермін шеше алмай кеткен жұмбақтарымды. «Ат тұяғы – тентек» деуші еді мұндайда марқұм Рахаң (Рахымжан Отарбаев).
* * * Бейжің халықаралық әуежайынан қонақүйге түнделетіп жетіп, шамалы тынығып алғаннан кейін, дүйсенбіде аудармашы, осындағы пединституттың магистранты астаналық Ахметбек Акбаров екеуміз қаланың Хайдянь ауданына келіп, алғашқы кездесуімізді өткіздік. Алдын ала уағдаластық бойынша бізді China Intercontinental Press ұйымының баспа орталығына қарасты Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Ян Сюэ (Yang Xue) ханым және оның орынбасары Лю Тинтин (Liu Tingting) ханым қабылдады. Екі сағатқа созылған әңгімелесуден соң «Димаш. Шыған дауысты аңсау» кітабымды аталған баспадан қытай тілінде шығаратын болып келісімге келдік (Қытайда ауызша уағдаластық, қол алысу, яғни жентелмендік келісімге келу – заң-құқық күшіне ие екен). Әрине, алда жазбаша контракт жасалады, бірақ бұл іс едәуір уақыт алатын сияқты, себебі дәстүрдегі таралым, маркетинг, баға саясатын белгілеуден бөлек бұл елде кітап шығарудан алдын ала тексеру, екшеу, сүзгіден өткізу секілді бірнеше сатыдан тұратын өзіндік қатаң тәртібі бар. Қытай құрлықаралық баспасы 1993 жылы құрылған, Жуңго компартиясы орталық комитетінің жарнама бөліміне қарайды. Негізгі атқару міндеті – шетел тілдерінде жоғары сапалы кітаптар шығару арқылы «Қытайды әлемге және әлемді Қытайға таныстыру». Осы орайда баспа орталығы Қытай тақырыбында жылына оннан аса әлем халықтары тілінде 300 түрлі қағаз және электрон кітаптар, өңге де мәдени-шығармашылық өнімдер шығарады екен. Бұл өнімдер дүниежүзі бойынша құрылған 300-дей сауда нүктесінің көмегімен әлемнің 200-дей еліне тарайды. 47 елде «Бұл Қытай» деген атпен орталықтың 400 кітап сөресі жұмыс істеп тұр. Аталған орталық 50 елде 100 баспамен ынтымақтаса жұмыс істейді, солардың дені Латын Америкасы мен Таяу Шығыс елдерінде шоғырланған, яғни, кітаптың қағаз және цифрлық оқуға арналған түрлерінің дені араб, испан тілдес оқырмандарға бағдарланған. Бір дерек: араб тіліндегі цифрлық оқу қосымшасын әлемнің 175 елінде тұратын 6 миллионнан аса пайдаланушы жүктеп алған. Баспа орталығының Facebook-тегі испан тіліндегі парақшасына 40 елден 680 мыңның үстінде адам жазылса, арабша парақшасы 10-нан аса арабтілді елдерде тұратын 100 мыңдай жазылушыға ие. Еуразия құрлығымен ынтымақтастық мәселесіне ынта қойған біздің сұрағымызға жауап бере келіп, Ян Сюэ ханым: «Біз үшін халықаралық ынтымақтастық дегеніміз – әлемге қытайша кітап тарату мәселесінде бастамашылықты өз қолымызға алу, осы орайда, әсіресе, «Бір белдеу – бір жол» елдеріне басымдық беру» деп атап көрсетті. Сонымен бірге, айтуынша, Орталық Азия елдерімен арадағы жұмыс әлі де болса ойдағыдай емес. Аталған аймақтағы түркітілдес халықтардың тілдерінде Қытай хақында, сол сияқты түркі тілдеріндегі кітаптарды ханзу тілінде шығарып тарату ісі енді-енді қолға алынып жатқан сыңайлы. Қазақстанға бағдарланып, яки қазақ тіліне аударылып бізден бірде-бір кітап шықпаған. Біздің «Димаш» жобамыз осы бір шаруаға ұрымтал келген болуы ықтимал. «Бұл жоба жүзеге асып жатса, бұл біздің орталықтың Қазақстанмен тікелей ынтымақтаса жұмыс істеуінің басы болмақ» деді директор ханым. Лебізіне рахмет!
* * * Қытайлықтар әлемдегі ең көп оқитын ұлттардың бірі саналады. Ел халқының 80 пайызының бойында тасқа басылған сөзді оқу дағдысы қалыптасқан, ал 36 пайызы күніге кітап, газет-журнал оқып отырады. Алғаш қағаз жасауды, кітап түптеп, газет шығаруды ойлап тапқан халық олай етпесе түсінбей де қалар едік-ау. Енді ше, мұндағы қайсыбір шығармалар осыдан 3 мың жыл бұрын қағаз бетіне таңбаланған. Дүниежүзі тарихындағы уақыт жағынан ең бағзы әдеби дәстүрдің елі осы аралықта әлемдік мәдениетке қанша жауһар қазына қосқанын есептеп шығарудың өзі бір жұмыс. Қазір де ҚХР кітап жазғыштары саны жағынан өзгелерге есе бермей келеді – елде олардың қарамы миллионнан асып жығылады, ал өңге жерде авторды бақуатты кісіге айналдырып жіберетін миллиондаған дана таралым адам мұхиты елі үшін кәдуескі нәрсе. Мысалы, үш жылда Маоның бір кітабы 800 миллион дана таралыммен жарық көрген. Бұл – әлем тарихында орасан көп тираждардың бірі. Ханзу жұртының кітап сатып алу жолдары сан қилы. Бейжің метросымен жүріп көргенімізде, қолдарындағы ноутбук, айпад, смартфон арқылы шұқшиып әлдене оқып отырған жолаушылардың қарасы аз емес екен. Сондай-ақ көше бойына вендинг аппараттары қойылған, бұл сауда-саттық автоматтарынан тән азығы – коланы да, жан азығы – кітапты да бірдей сатып ала беруге болады. Ең қызығы, қайсыбір вендинг оқылған кітапты кейін қабылдайтын кітапхана түзілімінде де жұмыс істей береді. Alibaba электронды сауда платформасының есептік баяндамасына айтқызсақ, қытайлықтар жылына қағаз түріндегі бес жарым кітапты сатып алады екен. Елде 2003-2013 жылдар аралығында ең өтімді кітап Гарри Поттер туралы романдар сериясы болған, бірақ кейінгі жылдары саясаттың өзгеруіне байланысты батыстық үлгідегі андеграунд шығармаларға шектеу қойылып, елдегі кітап нарығының түр-түрі айтарлықтай өзгеріске ұшырағанын айтқан жөн. Мұны кітап дүңгіршегін аралағанда байқадық. «Дүңгіршек – көптің үстінен күн көретін, азды байытып жатқан супер және гипермаркеттер жүйесіне қарсы қойылған балама, бутиктер желісі көптің әл-ауқатының артуына алып баратын жолдың басы» деген сөз бар ғой. Қытайдың ірі қалалары әлемдік ауқымдағы брендтер мен қытайлық брендті киім-кешек, заттар сатылатын ірі сауда орындарына кенде емес, оларда кітап сататын қазыналық нүктелер де тоқтаусыз жұмыс істеп тұр. Сөйтсе-дағы Бейжіңдегі ұзына-шұбақ сауда қатарларында кітап сататын дүңгіршектер де аз емес. Ені тарлау болып келетін көшенің екі жағы біріне бірін жалғастыра салған бутик-дүкендер, көше жаққа қараған қабырға тұтас есік – айқара ашылып тұрады, өте ыңғайлы. Сондай бір дүңгіршекке қызық үшін бас сұққан аз ғана уақытта екі жайтты байқадық: біріншіден, сөрелерге сүйіспеншілік романдары, фэнтези және хронофантастика (уақыт кеңістігінде сапар шегу) жанрлы шығармалар көбірек қойылған екен, бұл уақыт, заман сазымен ханзу жұртының да әдеби талғам-тұшымы жедел өзгеріп жатқанынан хабар беріп тұр. Екінші әдейі ескерер жағдай, кітаптардың бағасы өте арзан: мысалы, өте сапалы қағазға басылып, қалың мұқабада әсем безендірілген Мо Янның (Қытайдың атақты нобелист жазушысы) 400 беттік романы 19 юань (1200 теңгедей) тұратынын көріп қайран қалдым. «О-от это да» деппін ғой, қапелімде айналайын ана тілімнен аузыма сөз түспей. Сірә, мұның себебі, сатып алушылардың көп болуы себепті бірден мол тиражбен шыққан кітаптың өзіндік құны төмен болатынынан және қағаз өздерінде жасалатынында болса керек. Бір назар тіктетер жағдай, аспанасты елінде орысша кітаптар жоғары сұранысқа ие екен. Мәселен, Николай Островскийдің «Құрыш қалай шынықты» романы 80 түрлі аударуда 273 рет басылым көріпті! Сондай-ақ Маркстің «Капиталы» аса танымал, бұл өреде оған «Әлемді өзгерткен кітап» деп сәтті маркетингтік ат таққан баспагерлердің жаһанкерлігіне тәнті болмасқа әддің жоқ. Және де аталған екі кітапты оқитындардың арасында жастардың қатары көп болуы ой саларлық. Біздің «Димаш» кітабымыздың мына құмырсқадай көп елде жолы оңғарылар ма екен, ә?!» деген оймен шықтық кітап бутигінен.
* * * Қытайда «Ұлы қорғанға шықпаған жігіт – жігіт емес» деген нақылға айналып кеткен сөз бар. Қой, құрсын, шықпай қалып мігіт атанармыз деп біз де шықтық. Осымен екінші реті. 2009 жылы келгенімнен өзгеріс көп: дуалдың ең биік тұсына фуникулермен көтерілесің де қайтарда шанаға отырып, зау биіктен қақтаған ақ күмістей, металл қауаша ішімен зырғып түсесің. Бобслей, қысқасы. Қиын болса да ұшардағы қорғаныс үйіне жетіп, дамылдап бір-ақ отырдым. Мынадай көп жұртты жапырақша қалтыратып, 500 шақырымға созылып жатқан ұлан-қиыр дуал тұрғызуға мәжбүр еткен қайран бабаларыма сүйсініп отырдым. Бәлкім, ғұндар ізерлемегенде, бұл халық қазірде іргелес отырған жұрттарды түгел дерлік аждаһа құшағына қысып отырар ма еді деп. А, бәлкім, отырмауы да мүмкін еді ғой, жауынгер көшпеліні сылтауратып, жан-жағын мықты дуалмен бекітіп тастау, бұл халықтың ішкі конституциясынан, ділінен, дүниетаным-көзқарасынан да бастау алып жатуы да мүмкін ғой. Әйтпесе, неге қытай шаруасының ауласынан ғасырларға кететін ата-бабасының басын тауып алуға болады?! Ата рухы, баба қулығы емес пе екен бұларды дуалдан әрі аттатпай шідерлеп қойған, жүздеген жыл бойы әлемнен оқшауланып, өз қазанында өздері қайнап тірлік етуге бет нұсқаған?! Қайтарда гидіміз бастап әкелген Нефрит музейіне бір есептен әлгіндей оймен бас сұқтым десем, өтірік айтқандық болар еді. Қытайлар негізінде бұл музейді (дұрысы, әйгілі нефрит бұйымдар жасайтын фабрика жанындағы музей-дүкен) шетелдіктерге аса бай тарихын, ғажайып қолөнерімен таныстыру мақсатында ұйымдастырғаны зайыр ақиқат, десе де, объективті түрде мен Ұлы дуалда отырып ойлаған сұрағыма дәл осы жерде бір жауап тапқандай да едім. Қытай нефриті туралы біздің түсінік әлі шектеулі. Көбінесе, «Нефрит іншікке емірене енетін нефрит шыбықша...» сықылды бұралқылау әңгімелерден аспай жатады. Ал Қытайда бұл аталған тасты қырнап-өңдеу ісі өнердің шыңы болып есептеледі. Енді ше, нефритті қытай өңдегелі 10 мың жылдан асты, атадан балаға беріп отыратын дәстүрдің мұрты бұзылмаған. Біз кіреберісте қыл үкісін дырылдатып, қолдың басындай тасты шырға сап айналдырып отырған шеберге қарап біраз тұрдық. Мәужіреген шал, Құдай біледі, жетінші атасы да өстіп отырған болар-ау. Жонып отырғанының түсі зүмірет екен. Ішке кіргенімізде, осы реңкті тастан сұпыланған сандаған зат-жәдігер көздің жауын алды. Олардың түр-түрін санамалап шығуға бұл жерде қалам мұжылып тұр, сондықтан уақыт оздырмай өзім іздеген бір заттың жайын ғана айтайын. Әңгіме нефриттен жасалған алты кеме сұлбасы жайында. Бәсі осы жерге қойылған жәдігерліктердің бәрінен де жоғары – 480 мың юань, бұл дегеніңіз 30 миллион теңгедей болады! Міне, қытай жұрты өз тарихын, өнерін қалай жоғары бәстейді! Тарих демекші, аталған өнер туындысының Қытай тарихына қатысы тікелей. Заманында, кейінгі орта ғасыр дәуірінің ілкі кезеңінде қытай шеберлері шынымен де осындай үлкен-үлкен кемелер жасаған. Алыптығы сонша, әрбіреуіне 200 голланд каравелласы еркін сыйып кетеді екен. Солардан жасақталған теңіз флоты үшбу елде ойлап табылған құбыланама көмегімен алыс-алыс елдерді қарыштап, сауда-саттық жасаған. Тіпті, қытай теңізшілері Колумбтан көп бұрын Америка құрлығына жүзіп барып жүрген деген мәлімет те бар. Содан... күндердің бір күндері елдің ойшы, басшы, ақылман адамдары жиылып, әлгі жойқын флотты күйретіп, кемелерді тып-типыл жойып жіберу жөнінде бұйрық алады. Солай етеді де. Сондағы ойлары – шетпен, жат жұртпен жойдасыз араласу салдарынан тұқым бұзып алудан сақтану, ата дәстүрден айрылып қалмаудың қамы екен. Нефрит тасын қазақ бұрын «қас» деген, жазушы Жарылқап Бейсенбайұлы мұны дәлелдеді. «Жүзікке қас қондырғандай» деп жатамыз ғой, осындағы жүзіктің көзі – нефрит. «Хаса сұлу» дейміз, «хас шебер» дейміз, асыл түбі араб сөзіне барып тірелсе де өзі білсін, әйтеуір, бізге жат емес. Айтайын дегенім, қытайлар жоғарыдағыдай төтен шешімнің арқасында жүзікке қас қондыру өнерін, жалпы қас өнерін, дәстүрін, сүйкімді салтын, ғайып-ғадетін жат әсерден аман-есен сақтап қалды. Әдейі өзін-өзі оқшаулау (изоляционизм) тәсілі арқылы. Қазақ жұрты енді өстіп оқшау өмір сүре алмайды, сүргісі келсе де оған ырық бере қоймайды мына дүниенің күштілері мен тістілері. Оны айтасыз, жаһандану әлгіндей берік дәстүрлі қытайыңның өзін жұтып қоюға шақ қалды. Сонда да қазіргі Қытай – біз осыдан оншақты жыл бұрын көрген Қытай емес. Кісіге қараса, көздері шатынайтын біздей емес, әзелден салмақты, байыпты халық қой, қандай жағдайда да соларына бағып, тәртіпке құл болатын ханзу елі бүгінде әлемдегі қауіпсіздік белдеуі ең жоғары елдердің біріне саналады. Бейжіңде бір аптада паркингте сонадайдан бір-біріне айбат шегіскен екі шопырдан өңге өзара жанжалдасқан жан баласын көрмедік қой. Заттарыңды көшеге, жол шетіне қойып кетіп, бірнеше сағаттан кейін оралсаң со күйінде тұрады. Жол құрылысы жоғары деңгейде, тек электромотороллер легі ғана анда-санда апат жағдайын туғызатыны болмаса. Тәртіп, тәртіптілік жастар арасында да жоғары. Мұнда кәдуескі біздің ұғымдағы интернет жоқ, жұрт оның рөлін атқаратын төрт микроблогнигті пайдаланады, ірісі Weibo. Елге келген шетелдіктер жергілікті SIM-картаны орнатып алады да (қақы 100 юань, 6 300 теңге шамасы), WeChat дейтін байланыс арнасы арқылы (WhatsApp-тың аналогы) хабарласып отырады. Әлемдік мессенджерлерің де, Google, Facebook те кіре алмаған бұл елге. Тіпті, Қытайға күйеубала Марк Цукерберг бұл елге талай келіп, күштілерді жағалап, әрекеттеніп көрген екен, күштілер күйеубалаға есікті көрсетіпті. Мұнда мемлекеттің пәті, ұлттық идеология бәрінен де жоғары қойылады, әйтпесе, жан саны бір жарым миллиардқа жететін қарақұрым елді басқарып, ұстап тұру мүмкін емес. Міне, солай. Дүние тіршілігінде өзгермейтін ештеңе жоқ. Қытай да өзгерген, өзгеріп те жатыр. Бірақ есігі аңғал-саңғал ашық біздей емес, есікті жауып алып, ақылмен өзгеріп жатыр екен.
Мақсат ТӘЖ-МҰРАТ