Жаңалықтар

Қорғаста 6 казино мен жезөкшелер притоны жойылды

ҚМА

Астыртын ойын мекемелері түнгі уақытта шектеулі адамдар үшін, атап айтқанда Қытай азаматтары үшін ғана жұмыс істеген.

«Қорғас» ШЫХО аумағының Қазақстан жағында 6 заңсыз ойын бизнесін және бір жезөкшелер ошағын ҚХР азаматтары ұйымдастырған.

Аталған орындарды ҚМА Жетісу облысы бойынша департаменті облыстық прокуратурасымен, Ұлттық қауіпсіздік департаментімен, облыстық полициямен және шекара қызметімен бірлесе отырып жойды.

Анықталғандай, астыртын ойын мекемелері түнгі уақытта шектеулі адамдар үшін, атап айтқанда Қытай азаматтары үшін ғана жұмыс істеді.

Тінту нәтижесінде 4 коммерциялық ғимаратта 76 ойын автоматы, 43 ойын үстелі, құмар ойындарын ұйымдастыруға қажетті көптеген техникалық құрал-жабдықтар, сондай-ақ 60 мың юаньнан астам ақшалай қаражат табылып тәркіленді.

Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. ҚПК 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіндегі өзге де мәліметтер таратылуға жатпайды.

Конституцияның 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.