Қазақстан құрамасы: 25 жылда 15 бапкер
Қазақстан құрамасы: 25 жылда 15 бапкер
Көктемнің төртінші күні қазақ футболының тағы бір маусымы шымылдығын түрді. Дәстүр бойынша биылғы маусым да үздік екі команданың Қазақстан суперкубогіне таласынан басталды. «Астана» мен «Қайрат» командаларының маусым соңында чемпиондықты, ал маусымның ашылуында Суперкубокті сарапқа салуы заңды құбылысқа айналып кеткен тәрізді. Аталмыш командалар неше жылдан бері қазақ футболында көш бастап келеді. Алайда қазақ футболының кенже қалып жатқандығы ұзақ жылдар бойы талай әңгімеге тұздық болған. Десек те, соңғы жылдары қазақстандық футболшылардың асығы алшысынан түсе бастағанын да айтпай кетуге болмас. Мұнымен еліміздің футбол саласында қордаланған мәселелер жойылып кетті дей алмайтынымыз тағы бар. Әр маусымнан жаңалық пен серпіліс күтетін жанкүйерлерді қазақстандық футболшылар биыл қалай қуантпақ?
«Қайраттың» жеңісімен басталған маусым
«Астана» мен «Қайрат» құрамасы биылғы жылы үшінші рет қатарынан Суперкубок финалында жүздесіп отыр. Айта кетейік, өткен жылы да «Қайрат» Қазақстан Суперкубогін иеленген еді. Ал 2015 жылы Суперкубокті «Астана» жеңіп алған. Кездесу алдында өткен баспасөз конференциясында «Астана» командасының бас бапкері Станимир Стойлов өз сөзінде шәкірттерінің Суперкубок иегері атануын өзіне мақсат етіп отырғанын айтқан-ды. «Бапкер ретінде өзіме ылғи да жоғары мақсат қоямын. Ел чемпионатында, Қазақстан кубогында және Суперкубогында жеңімпаз атанып, еурододалардың топтық кезеңінде сәтті ойнағанымызды қалаймын. Алдыма жоғары мақсат қоймауға қақым да жоқ. Себебі мен үш дүркін Қазақстан чемпионы, Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының топтық кезеңінде ойнаған «Астана» командасының бас бапкерімін», – деген болатын Станимир Стойлов. Шын мәнінде, әрбір бапкер өз шәкірттерінен үлкен үміт күтетіні рас. 4 наурыз күні Алматы қаласындағы Орталық стадионға футболды сағынған жанкүйерлер көп жиналды. Күннің салқындығына қарамастан алаңда өнер көрсеткен футболшылардың ойынын басынан аяғына дейін тамашалады. Бұл күннің басты кейіпкерлері – «Астана» және «Қайрат» командалары. Еліміздің ең үздік екі құрамасы кездескен ойынның тартысты өтпеуі мүмкін емес, әрине. Өткен маусымды табысты аяқтап, чемпиондық атақты иеленген «Астана» құрамасы бұл жолы жеңіске жете алмады. Алғашқы таймда «Астана» ойыншыларының допқа иелік етуі басым болғанымен, қарсыластар қақпасына жасаған шабуылдары сәтсіз болды. Ойынның бірінші бөлімінде екі команданың да есеп ашуға мүмкіндіктері болғандай-ақ еді. Бірақ алғашқы тайм 0:0 есебімен аяқталды. Ал екінші таймда алаң иелері белсенділікті арттыра түсті. Сөйтіп, 76-минутта «Қайрат» ойыншысы Сезар Арзо қарсыластар қақпасын дәл көздеп, командасын алға шығарды. Испаниялық шабуылшының бұл голы соңғы 3 жыл ішіндегі Суперкубок сарапқа салынған ойында негізгі уақытта соғылған алғашқы доп болып отыр. Ал матч соңында берілген қосымша минутта Исламбек Қуат есепті еселеп, ойын 2:0 есебімен қорытындыланды. Осылайша, Қазақстан Суперкубогі алаң иелеріне бұйырды. Алматының «Қайраты» ел Суперкубогі сарапқа салынған сайыста қарсыластарын 2:0 есебімен жеңді. Бұл жолы Стойловтың үміті ақталмағанымен, алдағы маусымда «Астана» командасы сәтті ойын өрнегін көрсетеді деп сенейік. Алайда Станимир Стойлов мырза клубтың қаржыландыру жағынан қиындық көріп отырғанын да жасырып қалмады. Оның айтуынша, осының салдарынан команда ойыншыларының көпшілігі арендаға кеткен. Ал Суперкубок иегері атанған «Қайрат» өткен жылы чемпиондық атақты сарапқа түскенде дәл осы «Астана» командасына есе жіберген болатын. Бірақ «Қайраттың» бас бапкері Кахабер Цхададзе биылғы маусымда мүмкіндікті қолдан бермеуге барын салатындықтарын айтып отыр. «Өткен маусымдағы жағдай қайталанбайды деп үміттенемін. Жаңа маусымның оңай болмайтыны анық. Биыл «Ақтөбе» құрамы толықтай өзгерді, командаға жоғары дәрежедегі футболшылар келді. «Астана» ойыншыларының тең жартысы «Тобылға» ауысты. Бұдан бөлек «Ордабасыны» есептен шығаруға болмайды. Чемпионаттың қиын болатын түрі бар. Тұрақты әрі мықты болған команда жеңіске жетеді», – деді бас бапкер.Жаңа маусымның жаңалығы қандай?
Үнемі әзілге айналдырып, қазақ футболының кері кеткенін тілге тиек ететін көпшілік өткен маусымда командалар арасындағы бәсекелестіктің арта түскеніне куә болды. Егер командалар былтырғы қарқынмен ойнайтын болса, жаңа маусымның да тартысты өтері сөзсіз. Әрине, ел футболы шыңға шықпаса да, бұрынғыға қарағанда ілгерілеудің бар екендігін айтуымыз қажет. Бір өкініштісі, біздер футболға келген ауызды қу шөппен сүртуге дағдыланып алғандаймыз. Футбошылардан кемшілік іздеуге әзір тұратынымыз сондықтан. Жә, биылғы маусымнан жанкүйерлер не күтеді? Ал футболшылар қандай ойындар өткізеді? Осыған бір көз жүгіртіп өткеніміз дұрыс болар. Өткен жылы өтпелі матчта «Таразды» 3:0 есебімен жеңген Семейдің «Алтай» командасы биылғы маусымдағы елдің басты біріншілігінде бақ сынауы тиіс болатын. Сөйтіп, «Тараз» командасы бірінші лигада өнер көрсетуге тиіс еді. Алайда семейлік құраманың сертификаты дұрыс болмауына байланысты премьер-лигадан шығып қалды. Әлбетте, «Алтайдың» есептен шығуы «Тараз» командасына кезекті рет мүмкіндік берді. Өздерінің жоғары топта өнер көрсететінен ақпан айында ғана хабардар болған «Тараз» үшін бұл маусымда сәтті өнер көрсету қиынға соғуы әбден ықтимал. «Тараз» үшін өткен маусым да сәтті бола қоймады, тіпті, тараздықтар ел біріншілігінде 11-орынға әзер іліккен болатын. Сондықтан, премьер-лига жолдамасы «Таразға» күтпеген жерден бұйырды деуге болады. Енді осы мүмкіндікті «Тараз» тиімді пайдаланса болғаны. Сонымен қатар, жаңа маусым басталмай жатып «Атырау» командасы 9 ұпайынан айырылды. Мұның себебін ҚР кәсіпқой футбол лигасы былайша түсіндіреді. «Атырау» командасы Джонатас Рикардо Соуза да Коста атты ойыншысына қарызы үшін 3, ал Зоран Филлипович есімді бапкерге берешегі үшін 6 ұпайын жоғалтып отыр. Өз кезегінде «Атырау» футбол клубы бұл шешіммен келіспейтіндігін айтып, ресми мәлімдеме жасады. Айта кетейік, Зоран Филлипович аталмыш клубты 2011-2012 жылдары жаттықтырған. Осы кезде Филлипович өзіне тиесілі еңбекақысын дер кезінде ала алмаған. Сөйтіп ФИФА футболшылары мәртебесі жөніндегі комитет 2013 жылдың 2 қазаны күні «Атырау» облыстық футбол командасы» ЖШС-інен Зоран Филиповичке берешегін өндіріп беру туралы шешім шығарады. Ал «Атырау» клубы бапкердің тиісті ақшасын алғанын, мұны дәлелдейтін құжаттары бар екендігін де айтуда. 2011-2012 жылдары команда сапында өнер көрсеткен Рикардо Соуза да Костаға 11 940 098 теңге 67 тиын қарыз көрінеді. Ел біріншілігінде үздіктердің көш басынан табылатын «Астана» биылғы чемпиондар лигасында Қазақстанның намысын қорғайды. Рейтингтік көрсеткіш бойынша, «Астана» командасы бірден екінші іріктеу кезеңінен бастайды. Айта кетейік, 2015 жылы «Астана» турнирдің топтық кезеңіне шыққан еді. Егер елордалық команда іріктеу додасынан өтсе, қыркүйек пен желтоқсан аралығында топтық турнирде «Реал», «Барселона», «Челси» сынды футбол әлемінің үздік командаларына қарсы ойнайтын болады. Ал Еуропа лигасында ел намысын «Қайрат», «Ертіс» және «Ордабасы» командалары қорғайды. Ел біріншілігінде үздіктер қатарынан табылатын «Қайрат» Еуропа лигасының іріктеу кезеңінен өте алмай жүргеніне біраз болды. Сол себепті де, «Қайрат» биылғы жылы топтық турнирге жолдама алуды басты мақсат етіп отыр.Қайтып келген Бородюк...
Әр маусым сайын барлық командаларда ауыс-түйістердің орын алуы заңды құбылыс. Футболшылардан бөлек бапкерлердің де алмасуына ешкім таңдана қарамайды. Жаңа маусымның басты жаңалықтарының бірі – футболдан Қазақстан ұлттық құрамасына келген жаңа бапкер. Ұлттық құрама ойыншыларын енді Александр Бородюк қайта тәрбиелейді. Әуелі Бородюк ұлттық құрамаға келеді деген алыпқашпа әңгіме тарағанда, көпшілік бұл жаңалыққа үрке қарады. Мұның да себебі жоқ емес. Бородюк есімі футбол жанкүйерлеріне жақсы таныс. Алматылық «Қайрат» футболшыларын 4 айға жуық уақыт жаттықтырған-ды. Осы уақыт ішінде Александр Бородюк мықты команда жасақтауға мүмкіндігі бар. Алайда Бородюк көптің үмітін ақтамады. Үнемі жеңісті қолдан бермейтін «Қайрат» Бородюктің қанатының астында жүріп аутсайдер саналатын «Ақжайық» пен «Таразға» есе жіберді. Осыдан кейін Александр Бородюктың бапкерліктен кетпестен өзге амалы да қалмады-ау шамасы. Бородюк өз еркімен «Қайратпен» жасалған келісімшартты тоқтатты. Сонда Бородюк кетті деп шулаған жұртшылық енді Бородюктің ұлттық құрамаға келгеніне аң-таң. «Қайратты» жеңіске жетелей алмаған ресейлік маман ұлттық құрамаға қалай көмектеспек? Бұл өзгеріс қазақ футболына қандай пайда әкелмек? Жалпы, ұлттық құраманың бапкерін ауыстырудың қажеттілігі қаншалықты еді? Талғат Байсуфинов құраманы аса үлкен жетістікке жеткізбесе де, оның жұмысына анау айтқандай мін де тағылмаған болатын. Қазақстан футбол федерациясы басшыларының сөзіне сенсек, Александр Бородюктің ұлттық құрамалармен жұмыс істеген тәжірибесі, біздің ел футболымен жақсы таныс екендігі оның жаңа қызметке жайғасуына деген сенімді арттыра түскен. Байсуфинов баптаған ұлттық құрама ұландары 2018 жылғы әлем біріншілігінің іріктеу кезеңін жақсы бастап, «Астана-Арена» стадионында Польша құрамасымен тең ойнады. Осы ойында 2:0 есебімен ұтылып келе жатқан Қазақстан құрамасының есепті теңістіруі жанкүйерлердің есінде ұзақ сақталатыны анық. Бірақ одан кейінгі Черногориямен өткен ойын сәтсіз аяқталды. Бұл жолы ұлттық құрама қақпасына қарсыластар 5 доп соқты. Астана алаңында румындармен өткен ойында есеп ашылмады. Есесіне, Дания құрамасынан қазақстандықтар 4:1 есебімен ұтылды. Ал 2017 жылы Қазақстан ұлттық құрамасы әлем чемпионатының іріктеу додасы аясында 6 ойын өткізеді. Өз алаңында Дания, Черногория және Армения құрамаларын қабылдап, Польша, Румыния және Арменияға қонаққа барады. Әзірге ұлттық құрама өз тобында екі ұпаймен соңғы орында тұр. 2 ұпай ғана жинаған ұлттық құраманың жаңа бапкері жағдайды қаншалықты өзгертері уақыт еншісінде. Хош, келген бапкер келді. Бородюк ұлттық құрамадағы бапкерлік қызметін бастады. Бастысы, Бородюк «Қайратты» орта жолда қалдырған әдетін тағы да қайталамасын деп тілейік. Александр Бородюк – Қазақстан құрамасының 25 жыл ішіндегі 15-бапкері. Шетелдік бапкерлердің арасындағы алтыншысы. 2000 жылға дейін отандық бапкерлердің тәрбиесінде болған футболшылар кейіннен шетелдік жаттықтырушылардың қанатының астына өте бастады. Қазақстандық спорт саласында 2000 жылдардан кейін шет мемлекеттерден бапкерлер шақыру сәнге айналды. Шетелдік бапкерлер арасынан Голландиядан келген Арно Пайперс қана ұлттық құраманы біраз жетістікке жеткізді деуге негіз бар. 2008 жылғы Еуропа біріншілігінің іріктеу ойындарында Пайперс баптаған ұлттық құрама Алматы қаласында Сербияны ұтты. Еуропаның «қызыл сайтандары» деп бағаланатын бельгиялықтармен тең ойын көрсетті. Сырт алаңда Армения құрамасын тізе бүктірді. Міне, осындай сәтті ойындардың барлығы Арно Пайперстің кезінде орын алды. Жалпы есепте Пайперс тұсында ұлттық құрама 7 ойында жеңіс тұғырынан көрініп, 11 ойында тең түсті. Ал жеңіліс тапқан ойындар қатары 18-ге жетті. Ұлттық құрама тізгінін ұстаған Александр Бородюк алдағы үш жыл ішінде Пайперстің жетістіктерін қайталай алар ма екен?! Оның үстіне, Қазақстан футбол федерациясы Бородюктің алдына 2018 жылғы Ресейде өтетін әлем чемпионатында сәтті өнер көрсету туралы міндет жүктеп отыр. Ал Александр Бородюк федерация тапсырмасын қаншалықты сәтті орындайтындығы уақыттың еншісінде. Біздің қолдан келері – әліптің артын бағу.«Қазақ футболы өз бақытын Еуропадан таппайды»
Қазақ футболының қарыштап дамитындығына үміт артумен талай жылдарды артқа тастап келеміз. Қазақстан чемпионатындағы командалардың ойындары көңілден шыққанымен, шетелдік аренада бәсіміз биік бола алмай тұр. Бұрынғыдай «қаржының жетіспеушілігі» аяққа тұсау болып тұр деген сылтау келмеске кетті. Өйткені спорттың бұл саласына бөлінетін қаржы көлемі аз емес. Футболшылардың жалақысы да жоғары. Сонда да, қазақ футболының келешегіне күдікпен қарайтындардың қарасы қалың. Тіпті, жуырда ресейлік спорт комментаторы Георгий Черданцев қазақ футболы өз бақытын Еуропадан таппайтындығын айтыпты. Бородюктің жерлесі Қазақстан құрамасына Азияға қайта оралу туралы кеңес берген. Оның айтуынша, УЕФА-да жүрген Қазақстан құрамасы жақын уақытта әлем чемпионатына жолдама ала алмайды. Айта кетейік, Қазақстан құрамасы УЕФА мүшелігіне 2002 жылы өтті. Сонда қазақ футболының дамуына кедергі болып отырған не? Ұлттық құраманың жарқ етіп жеңіске жете алмауына не себеп? Бапкерлердің ағаттығы ма, ойыншылардың әлсіздігі ме? Әлде тәжірибе жетіспей ме? Футбол тақырыбына келгенде жауабы жоқ сауалдар жетіп-артылады. Десек те, көпшіліктің пікірі футболдағы сәтсіздік ойыншылардың әлсіздігінен орын алатындығын алға тартады. Яғни, жаттықтырушы қанша мықты болса да, ойынның қалай өрбитіндігі бәрібір ойыншыға байланысты. Сондықтан футболшылар тәжірибелі әрі білікті болуы тиіс. Бұл ретте, ел футболындағы қазақстандықтардың санын арттыру қажеттігі туралы сөз қозғамай өту мүмкін емес. Жыл өткен сайын өз ұландарымыздың қарасы көбейіп келеді. Алайда сырттан келетін легионерлерден әлі де бас тартып жатқан жоқпыз. Шетелден келген футболшыларға иек артуымыздың себебін еліміздегі белгілі футболшылардың бірі Самат Смақов өзінше түсіндіреді. Ойыншы өткен жылдың басында бұқаралық ақпарат құралдарының біріне берген сұхбатында шетелдік ойыншыларсыз қазақ футболы жоғары жетістікке жете алмайтындығын айтыпты. «Шетелдік ойыншылардың тек сапалы ойын көрсететінін алу керек деп ойлаймын. Олар арнайы шақыртылғаннан кейін жоғары деңгейде өнер көрсете алуы қажет. Ал шетелдік ойыншыларсыз үздік ойын көрсететіндей жағдайға біз әлі жеткен жоқпыз. Сондықтан, Қазақстандағы футболды шетелдік ойыншыларсыз көзге елестету әзірге мүмкін емес», – дейді Самат Смақов. Шынында да, Смақов айтқандай қазақ футболының беделі шетелдік ойыншыларға тәуелді болып тұрғаны ма? Алаңда доп теуіп жүрген қазақ жігіттерінің тізгінді өз қолдарына алуға шамалары жетпей ме? Қазақ жігітін әлсіз деуге де аузың бармайды, бірақ легионерлердің мысы басым болып тұрғаны тағы да шындық. Түбінде қазақ футболының көсегесін тек қазақ бапкерлері мен қазақ жігіттері ғана көгертері хақ.