Қоғам

Артында 3 баласы қалды: Түркістан облысында құдыққа құлаған әйелге қатысты тың дерек айтылды

Жақындары Рима Черныхты біреу өлтіруі мүмкін деп топшылайды.

Осыдан 20 шақты күн бұрын 29 жастағы келіншек құдыққа құлап, көз жұмды деген ақпарат тараған еді. Марқұмның туыстары әлеуметтік желіде бұл жайтқа қатысты әлі күнге тергеу жұмыстары жүргізілмей жатқанын айтып наразылығын білдірді, деп хабарлады turkystan.kz otyrar.kz сайтына сілтеме жасап.

Олар Рима Черныхты біреу өлтіруі мүмкін деп топшылайды.

18 наурызда Майтөбе ауылы маңындағы құдық құбырынан 29 жастағы әйелдің денесі шығарылған еді. 40 метрден аса тереңдіктен арнайы құралдарымен тартып шығарылған келіншекті туыстары өзіне қол жұмсауы мүмкін емес деп топшылайды. Себебі қайтыс болған әйелдің басында ісік пен денесінің көгерген жерлері болыпты. Сонымен қатар, бір уыс шашы марқұмның қолыннан табылған. Ал күйеуі олар тіпті бірге шетелге саяхат жасауды да жоспарлағанын айтады.

Марқұм Рима Черных өз ауылынан 5 шақырым ары қашықта орналасқан ауыл маңындағы құбырдан табылған. Қара жамылған отбасы оны біреу қасақана өлтіруі мүмкін деп санайды. Сөздерінше денесін алып шығу үшін түскен қыздың өзі онда әрең кірген. Ал 29 жастағы келіншектің сырт киіммен онда бірден түсіп кетуі қызық жайт дейді енесі.

Аталған жайтқа қатысты марқұмның жақындары әлеуметтік желіде әлі күнге тергеу жүргізілмегенін айтып, көмек сұраған. Ал полицейлер істі «өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабы бойынша тіркегенін айтады. Ал қазір тергеу жұмысы жүріп жатыр.

Рима Черныхтың артында 3 баласы қалды. Оның үлкені 9-да болса, кішісі небәрі 4 жаста.