Жайлаубай ЖҰБАТОВ: Табиғатты қорғауды әркім өзінен бастауы керек

Жайлаубай ЖҰБАТОВ: Табиғатты қорғауды әркім өзінен бастауы керек

Жайлаубай ЖҰБАТОВ: Табиғатты қорғауды  әркім өзінен бастауы  керек
ашық дереккөзі
Еліміз үшін әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан маңызы зор «Байқоңыр» ғарыш айлағы алғашқы жер серіктерін ғарышқа ұшырып қана қоймай, адамзат баласына тың жаңалықтар әкелуде. Алайда, мәселенің екінші қыры бар. Соңғы жылдары ғарыш айлағынан көкке бағыт алған тасымалдағыш зымыранның үш мәрте апатқа ұшырауы қоғамды үрей құшағында қалдырғаны рас. Ал апаттық жағдай кезінде бірінші болып көмекке келетін «Ғарыш-экология» ғылыми-зерттеу орталығының мамандарын біреу білсе, біреу білмес. Тасымалдағыш зымыран құлаған аймақтың экологиясы мен халқының денсаулығы да осы орталық мамандарының қадағалауында. Апаттың салдары мен салмағы қандай? Одан табиғатқа келетін залал мен шығын мөлшері қаншалықты? Біз осы сауалдарға жауап алу үшін «Ғарыш-экология» ғылыми-зерттеу орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры, техника ғылымдарының докторы Жайлаубай Жұбатов мырзаны әңгімеге тартқан едік. – Жайлаубай Қызылбайұлы, былайғы жұрт «Ғарыш-Экология» ғылыми-зерттеу орталығының Байқоңыр ғарыш айлағындағы апаттар­дың алдын алу, жерге құлаған тасымалдағыш зымырандардың қоршаған ортаға келтіретін зардаптарын анықтаумен айналысатынынан хабардар болса да, нақты атқарып жатқан шаруаларыңызды біле бермейді. Сондықтан да әңгімені талай жылдан бері өзіңіз басқарып отырған мемлекеттік кәсіпорынның жалпы қызметі мен міндеті жайынан бастасаңыз... – «Ғарыш-экология» ғылыми-зерттеу орталығы 2001 жылы үкіметтің арнайы қаулысымен құрылды. Оған себеп – 1999 жылы «Протонның» екі мәрте апатқа ұшырауы болды. Сол зымырындардың ұшырылуы кезінде экологиялық қауіпсіздік туралы мәселе көтерілді. Ол тұста бұл іспен айналысатын кәсіпорын болған жоқ. Қазақстандағы зертханалар мұндай ауқымды жұмыс істеуге дайын емес еді. Арнайы әдістемесі, зертханалық құрал-жабдықтары болмады. Демек, тасымалдағыш зымыранның отынын қалай зерттеу керек, оны су, өсімдік, қоршаған орта, топырақтан қалай табу керек деген сұрақтарға шешім табу үшін құрылған кәсіпорын алғашқы күннен бастап «Байқоңыр» ғарыш айлағының экологиялық қауіпсіздігі жайында зерттеуді қолға алды. Зерттеу орталығының негізгі қызметі – «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұшырылатын тасымалдағыш зымырандардың ұшырылымдарын экологиялық жағынан сүйемелдеу, сондай-ақ тасымалдағыш зымырандардың бөлшектері құлаған аумақта зерттеу жұмыстарын жүргізу. Сондай-ақ, біз Қазақстан тарапынан техногендік апат орын алған аумақта экологиялық және әлеуметтік-гигиеналық мониторинг бағдарламасын жүзеге асырамыз. Мамандар штаттан тыс жағдайлар орын алған жерлерге алғашқылардың бірі болып жетіп, сынамалар алып, ластану деңгейін анықтайды, сондай-ақ, апаттардың зардаптарын жою жұмыстарының жоспары мен көлемін әзірлеуге қатысып, уытсыздандыру жұмыстарын бақылайды. Кәсіпорында экологиялық және медициналық бағдарламалар бөлімі бар. Яғни, біз ғарыш зымыран қызметінің қоршаған орта мен тұрғындарға әсерін салыстыра зерттей аламыз. – Бұған дейін қоршаған ортада зымыран отыны компоненттерінің болу-болмауына қатысты жедел сараптама жүргізетін орталық Алматы қаласында ғана болғаны белгілі. Алайда апат болған жерден тез арада сынама алып, тиянақты зерттеу жүргізу қаншалықты мүмкін? – Әрине, тиімді әрі нәтижелі сараптама жүргізу үшін жалғыз зертхана көп жоспардың орындалуына мүмкіндік бермеді. Кез келген зерттеу жұмысын апат болған кезде жедел жүргізу қажет. 2006 жылы Қармақшы ауданында гептил отынын пайдаланатын «Днепр» зымыраны құласа, 2007 жылы Жезқазғаннан 45 шақырым жерде «Протон» апатқа ұшырады. Екі облыста құлаған зымырандардың сынамасын Алматыға әкелу мәселесі қиын болды. Азаматтық авиация сынаманы жеткізуден бас тартты. Топырақ сынамаларын автокөліктермен жеткізу екі тәулік уақытты алды. Міне, содан кейін Байқоңырда және Жезқазғанда зертхана ашу мәселесі күн тәртібіне қойылды. Сөйтіп, 2010 жылы аталған екі өңірде де барлық талаптарға сай заманауи құралдармен жабдықталған, аккредитациядан өткен зертхана ашылды. Байқоңырда ашылған себебі, мұнда апат жиі орын алады, сосын қалыпты жағдайда зымырандардың отын құрамаларын құюы және зымыранның ұшырылуы кезінде сынама алу керек болды. Өйткені біздің жұмысымыздың бір саласы – штаттық ұшырылымдарды экологиялық жағынан сүйемелдеуді қатар жүргізу. Бұл зертхана 2013 жылы ұшу алаңында апаттық жағдай болғанда да өзінің жұмысын толық атқарды. «Ғарыш қызметі саласындағы қолданбалы ғылыми зерттеулер» РББ бойынша мемлекеттік тапсырыс шеңберінде «Ғарыш-зымыран қызметінің қоршаған орта мен халықтың денсаулығына тигізетін жағымсыз әсерін барынша азайту және экологиялық тәуекелдерге баға жүйесін дамыту» нысаналы ғылыми-техникалық бағдарламасы бойынша жұмыстарды орындау үшін, «Ғарыштық мақсаттағы зымырандардың апаттық құлау аймақтарындағы қоршаған орта нысандары мен халықтың денсаулық күйі көрсеткіштерінің серпінін зерттеу» және «Тасымалдағыш зымырандардың ажырайтын бөліктерінің құлау аудандарының экологиялық тұрақтылығын зерттеу» жобаларын жүзеге асыру үшін 2016 жылдың 31 мамыр және 14 маусым аралығында Қарағанды облысының Ұлытау ауданындағы «Протон-М» ТЗ-ның апаттық құлау ауданына және Павлодар облысының Железин ауданына жұмыстық топ далалық экспедициялық сапармен шыққан болатын. 2016 жылы маусымда «Ғарыштық мақсаттағы зымырандардың апаттық құлау аймақтарындағы қоршаған орта нысандары мен халықтың денсаулық күйі көрсеткіштерінің серпінін зерттеу» жобасын жүзеге асыру кезінде Қарағанды облысының Ұлытау ауданында «Протон-М» ТЗ-ның апаттық құлау ауданындағы топырақ пен өсімдіктерді далалық зерттеу жұмыстары жүргізілді. Топырақтық бұрғымен «Протон-М» ТЗ бөліктерінің 3 құлау орнынан 90 топырақ сынамасы олардың құрамында СЕДМГ, НДМА, МТ, ДМФА,  нитрат-иондардың болу не болмауын және олардың мөлшері мен деңгейін анықтау мақсатында талдауға арнап алынды. «Протон-М» ТЗ бөліктерінің құлау орындарында 16 өсімдік сынамасын алумен өсімдік қауымдастықтарына олардың құрамында СЕДМГ мен НДМА-ның болу-болмауына және олардың мөлшеріне қатысты оқшаулы экология-флористикалық зерттеу жүргізілді. Сондай-ақ, біздің қарамағымызда екі жүк көлігінде орналасқан көшпелі зертхана бар. Олар бізге далалық жағдайда дер кезінде зерттеулер жүргізуге мүмкіндік береді. Біз деректерді ғарыштық байланыс арқылы жеткізе аламыз. Бұл жерде әрбір жағдайда ғарыш айлағының аумағы мен зымыраннан бөлінетін бөлшектер құлаған аймақта ауаның, жердің және өсімдіктердің химиялық ластану деңгейіне қатысты бақылау жүргізіледі. Жылжымалы зертхананың жұмысы да үлкен жетістік. Алайда бұл зертхананың бір кемшілігі бар. Негізінен сараптаманың көбі судағы ерітінділермен жасалынады. Қиындығы сол, суды апат болған жерге жеткізіп тұру керек. Ал қыстыгүні, 30-40 градус аязда су қатып қалады. Осыған орай, келесі жылдан бастап жаңа газды ортада жүргізілетін әдістемелер жасауды қолға аламыз. Бұған біздің мамандардың тәжірибесі де, дәрежесі де жетеді. Біріншіден, газ қатпайды, екіншіден, оған судың да керегі жоқ. Жұмыс та азаяды, уақыт та үнемделеді. – Апаттан кейін зымыран отынының топыраққа төгілу қаупі басым. Жалпы, бір грамм гептил бір текше метр жерді ластайды екен. Оның үстіне гептилді ауамен дем алған адам, не жануардың ұрпағы мутацияға ұшырайтыны ғылыми дәлелденген. Қоршаған ортаның қауіпсіздігі, адамның денсаулығын сақтау мәселесіне қатысты қандай шаралар қолға алынуда? – Гептил – өте улы зат. Сондықтан гептилдің адам денсаулығына зияны орасан. Әрине, кім болса да, денсаулығы үшін алаңдайды. «Шаттлдың» апаттық ұшырылымы кезінде елді мекен халқының денсаулығына арыздануы күрт өсіп кеткені жұрттың есінде шығар. Денсаулық сақтау мекемелеріне шағым түсірушілер күрт көбейген. Бізде де осындай жағдай болды. Апат болған аймақтың халқы ауырып, статистика бойынша, медициналық мекеменің көмегіне жүгінушілер саны артқан. Алайда сол елді мекендердегі топырақ, су, ауаның тазалығын тексергенде, ешқандай зиянды зат таппадық. Химиялық гептилдің уы бұл ауылға жетпесе де, халық ауырды. Неге? Ешқандай қауіп төнбесе де, тұрғылықты жұрт қан тамырлары, қан қысымы, яғни, жүрек ауруларына шалдыққан. Мұның бәрі стрестің нәтижесі. Адамда психо-эмоционалды фактор деген болады. Бірауыз сөздің өзі адамға қатты әсер етпей ме?! Бұрын қазақтың салтында қаралы хабарды ауылдың ақсақалдары естіртетін. Қазіргі кезде байқайтыным, жақыны өмірден өтсе де, науқас қатерлі ісікпен ауырса да, төбеден түскендей тарс еткізіп айта салады. Әлгі адам қатты соққы алатыны соншалық, дертінен емес, жүрек талмасынан кетіп қалуы мүмкін. Гептил мәселесінде де солай. Зымыран құлаған соң, әңгіме де тез тарайды. Ал, шын мәнінде халықтан бұрын жұмысшыларға қауіпті. Олар қорғаныс киімдерін киіп жұмыс істесе де, біз мамандардың апат болған жерде жұмыс уақытының мейлінше аз болғанын қадағалаймыз. Гептил – синтетикалық, табиғатта жоқ зат. Ол ауада жанып кетеді. «Союз» зымыраны керосинмен ұшады. Міне, бұл табиғи зат. Ал гептил 3 пайыз оттегі бар ауада жана бастайды. Апат болған аумақтан 5-10 метр арадағы жерден топырақты тексерсеңіз де, гептил болмайды. Сондықтан ол 50 шақырым жерге де бармайды. Мұны талай мәрте зерттеп, көз жеткіздік. Апаттық ұшырылым кезінде залалды жою үшін Үкіметтің жанынан арнайы комиссия құрылады. Біз апат болған күннен бастап-ақ сол аймақтағы елді мекендерді бақылауда ұстап, ауылдардың топырағынан, ауыз суынан, өсімдіктерінен, ауадан сынама алып, зерттеп отырамыз. Бұл жұмыстар қашан апат болған жердегі гептилдің топырақтағы, ауадағы деңгейі қалыпты жағдайға түскенше жалғаса береді. Зымыран құлаған жерде зиянды отын қанша жерге төгілді? Оның ауданы, тереңдігі қанша? Улы отынның залалы тұрғындарға жетті ме? Міне, жұмыс тобы нәтижені анықтағаннан кейін залалсыздандыру шарасына кіріседі. 2013 жылы апатты құлау кезінде Роскосмос кәсіпорындары тарапынан 4 мәрте залалсыздандыру жұмысы жасалды. Яғни, біз деңгей шектеулі рұқсат етілген концентрацияға түскенге дейін бұл жұмыстың тоқтамауын қадағалап отырдық. – Ресей бір жылдары «Байқоңырдан» ғарышқа жылына 30-ға жуық зымыран ұшыратын. Оның бірнешеуі апаттық жағдайда құлағаны мәлім. Әсіресе, 2013 жылы «Протон» ұшыру алаңы маңында құлағанда Қызылорда халқы үрейдің құшағында болды. Мұның бәрін көріп-біліп отырған «Роскосмос» агенттігі тарапынан не атқарылды? – Әлбетте, бұл мәселеде Ресей жағы көзжұмбайлыққа салынған жоқ. Ол үшін үкіметаралық келісім бар. Соған байланыс­ты екі жақ сынаманы бірге алып, өз зертханаларында дербес сараптау жұмыстарын атқарады. Екі жақтың да зертханалары Қазақстанда акредитацияланған және әдістемесі, құралдары бірдей. Зертханалық жұмыстардың  нәтижелерін жоғарыда айтқан арнайы жұмыс тобы қабылдап, апаттың залалдарын жою жөнінде хаттамалық екі шешім қабылдайды. Ресей жағы апаттың залалын жою жұмыстарын жүргізеді, ал біз бақылау жасаймыз. Жұмыс процесі бір шектеулі рұқсат етілген концентрацияға азайғанша, яғни құлаған жердегі топырақтың құрамындағы улы отын әсері төмендегенге дейін үзілмейді. Сондай-ақ, апат аймағында орналасқан елді мекендерде де жұмыс тұрақты жүргізіледі. Мамандар Қазақстандағы әдістемелерді пайдалану арқылы экологиялық шығынның көлемін анықтайды. Айта кету керек, «Роскосмос» тарапынан апат болған аймақтың экологиялық зардабын және маңайда орналасқан халықтың денсаулығын зерттейтін үш жылдық бағдарлама қабылданып, қаржыландырылады. Мысалы, 2006 жылғы апаттан кейін қабылданған үш жылдық бағдарламаның нәтижесін Қызылорда облысында отандық және ресейлік ғалымдардың қатысуымен өткен ғылыми семинарда халыққа жария еттік. Үш жылдық бағдарлама уақыты біткеннен кейін қауіпті мәселе күн тәртібінен алынып, тұрақты жағдай қалыптасады. Бұдан кейінгі жылдары еліміздің республикалық бюджеті арқылы апат аймағының және маңайдағы елді мекендердің қоршаған ортасын, тұрғындардың денсаулығын бақылауды мониторингілеу жұмыстары жалғасады.  – Кейбір мәліметтер бойынша, гептил отынынан бөлек зымыран бөлшектерінің өзі шамамен 140 гектарға шашылады екен. Тіпті, оның зардабы ақбөкендердің қырылуына да әкеп соқты деген пікірді жиі естиміз? Сіз мұны құптайсыз ба, әлде... – Білесіз бе, 1930 жылдардың басында 1,5 миллион киік жаппай қырылған. Бәлкім, аштықтан өлді ме, басқа себебі бар ма, мұны зерттеп жатқандар бар. Ал соңғы жылдары ақбөкеннің қырылуының бір гәбі бар. 2015 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігі құрған жұмыс тобының мүшесі болдым. Бұл – эпидемия. Пастереллез – ақбөкен ауырып, әлсіреген кезде қозады. Пастереллездің вирусы кез келген сау киіктің ағзасында болады екен. Иммунитеті әлсіреген кезде күшейеді. Ал киіктің осы жағдайға қалай тап болғанын зерттеген ғалымдар әртүрлі жағдаймен байланыстырады. Бірінші, өңірде қыс қатты болғанда, екінші, әртүрлі вирус тарататын кене түрлері көбейгенде ақбөкендер осы дерте шалдығады. Тағы бір ескеретін жайт, қырылып қалғанның көбі – аналықтар. Бұл құбылысқа мамандар жауап беруі тиіс деп ойлаймын. 2011 жылы Батыс Қазақстанда киіктер жаппай қырылғаны белгілі. Ол өңірге тасымалдағыш зымыран құлаған жоқ. Бірақ ақбөкендер өлді. Неге? Мұның себебіне үңілсек, аналықтар жыл сайын белгілі бір аумақта төлдейді. Олардың жаппай қырылуы да сол жерлерде анықталған. Зерттеуші ғалымдар сол аумаққа киімнен адам кейпін жасап, айнала іліп тастаған болатын. Бұдан кейін әлгі жерге аналық ақбөкендер жоламайтын көрінеді. Ақбөкеннің қырылуына байланысты құрылған жұмыс тобының құрамында болған соң, мамандардың пікіріне құлақ түрдім. Себебі, бұл – дұрыс тұжырым. – Қазақстанның аумағында жері жалға берілген 46 аудан бар көрінеді.  Осы аудандардың экологиялық ахуалы тексеріле ме? – Жылына аймақ бойынша 4-5 ауданды зерттейміз. Қоршаған ортаға қаншалықты кері әсері бар, төрт түліктің жем-шөбіне зияны жоқ па, бәрі де қадағалауда болады. Сондай-ақ, осы аудандарға жақын орналасқан елді мекен халқының денсаулығын да қоса бақылауға аламыз. Республикалық, облыстық, аудандық көрсеткіш бойынша денсаулық жағдайы төмен бе, мұны да басты назарда ұстаймыз. Егер тексеру кезінде кемшілік табылса, жергілікті әкімдікке, министрлікке ақпарат береміз. Мысалы, 2007 жылғы Ұлытау ауданында болған апатқа байланыс­ты зерттеулер былтыр жүргізілді. Біз зерттеу жұмысының нәтижесін облыс әкімдігіне жібердік. Бұл мәлімет жергілікті халықтың көкейінде қандай да бір сұрақ туындаса, дер кезінде жауап беру үшін маңызды. Сондықтан да апат болған жердегі бағдарлама есебі міндетті түрде облыс, аудан әкімдігіне жолданады. Яғни, біз зерттеген жұмыс нәтижелері есеп күйінде сөреде сарғайып жатпайды. – Кәсіпорын 2010 жылдан бері 74 тасымалдағыш зымыранның ұшырылуына экологиялық сүйемелдеу жасаған екен. Бүгінгі бет-алыстарыңыз қандай? – Әу баста 2001 жылы жұмыс басталған кезде тек қана гептилдің топырақтағы шектеулі рұқсат етілген концентрациясын пайдаланып, тасымалдағыш зымырандардың қоршаған ортаға, тұрғындар денсаулығына әсерін зерттеуді қолға алдық. Оның өзі Ресейдің нормативі еді. Егер гептил 1-1,5 метр тереңдікке сіңетін болса, топырақта көптеген жылдар бойы сақталады. Гептилдің химиялық атауы – 1,1-диметилгидразин. Гептил топырақта ыдырап, ондаған басқа заттар түзіледі. Олардың ішінде нитрозодиметиламин, тетраметилтетразен, диметилформамид, диметиламин, метилтриазол және формальдегид сияқты адам ағзасына, қоршаған ортаға зиянды заттар да бар. Бірнеше жылдар ішінде осы қосылыстардың шектеулі рұқсат етілген концентрациясын зерттеп, анықтадық. Бұл көрсеткіштер 2015 жылы Ұлттық экономика министрлігінің бұйрығымен гигиеналық нормативтер ретінде бекітіліп, қолданысқа енгізілді. Бұрын апат құлаған жердің залалсыздығын гептилмен ғана бағалайтын болсақ, қазір аталған гигиеналық нормативтерді пайдаланып, бағалау ауқымын кеңейттік. Мұның бәрі ғылыми жұмысқа негізделген. Кәсіпорын аталған улы заттардың химиялық анықтау әдістерін жетілдіру жұмыстарымен де айналысады. Осы кезге дейін 7 анықтау әдістері жасалынып, олардың 4-і мемлекеттік өлшеу жүйесінде тіркеуден өткізіліп, норматив ретінде қабылданды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Жасалған әдістердің жаңалықтары бірнеше мемлекеттік патенттермен дәлелденген.  – Ресей жағы осы отандық ғалымдардың әдістемесін пайдаланып отыр ма? – Біз басқа да отандық институттардың ғалымдарын жұмылдыра отырып, республикалық бағдарлама есебінен жоғары улы зымыран отыны – гептилдің төгілген жерлерін уытсыздандыру технологиясын әзірледік. 2012 жылы патенттеп, тәжірибеге енгіздік. Қазір Ресей тарапы гептил төгінділерін зарарсыздандыруға осы технологияны қолданады. Технология өзінің тиімділігін дәлелдеді. Зымыранның ұшырылымы кезінде апаттық оқиға тіркелсе, гептилдің, т.б. улы заттардың шектеулі рұқсат етілген концентрациясы сөзсіз артады. Бұл кезде ә дегеннен-ақ залалсыздандыру жұмысы атқарылуы керек. Бұрын бұл жұмысты көбінесе Ресей тарапы жасап, әртүрлі әдістер пайдаланды. Біз 2006-2007 жылдары олардың қолданған заттарын зерттеп, тиімсіз екенін дәлелдедік. Себебі залалсыздандыру кезінде топырақ хлормен уланады. 2007 жылғы апат кезінде ресейлік мамандар калий перманганатының ерітіндісін пайдаланса да, оңтайлы нәтиже болмады. Сондықтан апатты жою комиссиясының шешімімен қоршаған ортаға залалы аз, тиімділігі жоғары әдістемелік технология жасау туралы шешім қабылданған болатын. Біздің осы технологиямызды 2013 жылы апат болған кезде Ресей тарапы қолданды. Бұл технология екі сатыдан тұрады. Біріншісі, гептилдің топырақтағы концентрациясы жоғары кезінде химиялық катализаторлық әдіс арқылы залалсыздандыру процесін тездетеді. Гептилдің концентрациясы төмендегеннен кейін, біз микробиологиялық әдіске көшуді ұсынамыз. Гептил азайған кезде жергілікті топырақ құрамындағы микроорганизмдер ассоциасы оны жақсы ыдырататыны дәлелденді. Ол үшін технологияда топырақтың қолайлы ылғалдылығын, температурасын т.б көрсеткіштерін қамтамасыз ету көзделген. Технология топырақ микроорганизмдерін қалпына келтіруге де септігін тигізеді. Бүгінде қазақстандық ғалымдардың тапқан ғылыми әдісін «Роскосмос» тиімді қолданып келеді. Топырақта гептил қандай температурада қалай ыдырайды? Гептил төгілгенде өсімдікке қалай тарайды? Қандай зат күйінде өсімдік құрамына көшеді? Ол залалды ма, залалсыз ба? Соны зерттеуге кірісіп, үш жылдық бағдарлама қабылдаймыз. Біз қалай жаңалық ашамыз, нормативтер жасаймыз, оларды қолданысқа енгізуге күш саламыз. Тағы бір зерттеп жатқан дүние – апаттық жарылыс болған кезде әуелі бұлт көтеріледі. Қарақоңырқай түстес бұлт 500 метрдей биіктікке көтеріледі де, желдің бағытымен сейіле бастайды. Бұл көрген адамға үрей туғызады. Әрине, оның құрамын, неден тұратынын зерттеу өте қиын. Өйткені біз хабарды естіп, сол жерге барам дегенше, бұлт сейіліп кетеді. Осыған байланысты халық тарапынан «Бұл не? Оның құрамында не бар? Залалы қанша жерге дейін тарайды?» – деген әртүрлі сұрақ қойылады. Осы сауалдарға жауап беру үшін, зымыран апатынан пайда болатын бұлттың таралу моделін жасау гранттық бағдарламасын жеңіп алдық. Бұл бағдарламаны жүзеге асыру үшін біз әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Математика институты мамандарын тартып, биыл үшінші жыл жұмыс істеп келеміз. Бұл бағдарлама математикалық модель арқылы осы түйткілге жауап беруге тырысады. Математикалық модель әр апат кезінде зымыран бойында қалған уытты заттың мөлшерін, оның жерге соғылғандағы жарылыстың болжамды күшін, құлайтын жердегі топырақтың көрсеткіштерін, ауа райының көрсеткіштерін т.б. ескере отырып, аталған сұрақтарға мейлінше толық жауап алуға көмектеседі деп ойлаймыз. – Отандық ғалымдардың зерттеу жұмыстарын табысты атқарып жатқандығы қуантады. Алайда қазір ғалымдар «қартайып барады» деген пікір шындыққа айналғандай. Олардың орта жасы – 50-55 шамасында. Ал жастардың ғылымға деген қызығушылығын қалай арттыруға болады? – Қаншама жас маман тәрбиеленіп жатыр. Олармен сөйлесіп көрсеңіз, кей мәселені менен де жақсы білуі мүмкін. Біз жыл сайын ие болып жатқан 1-2 патент – ғалымдардың еңбегі. 2013 жылы «Шапағат» республикалық байқауында «Жылдың үздік өнертапқышы» аталымы бойынша жеңімпаз атандық. Мұндай жетістігіміз көп. Ал ғалымдардың әлеуметтік жағдайына келсек, еңбекақысы істеген жұмысына татымайтыны рас. Кейде жалақыларын да уақытында алмай жатады. Сондықтан да ғылымға қызыққан жастардың көңілі су сепкендей басылады. Ерекше бір құлшыныспен келеді. Бір-екі айдан соң жалақысы көп жұмысқа ауы­сып кетеді. Еңбекке деген қабілеті мол, қызуқанды жас­тарды қалай ұстап тұрасың? Әйтпесе, Алматы қаласы нағыз жоғары оқу орындары шоғырланған қала. Қай салаға маман қажет болса, табылады. Мәселе – жалақының аздығында жатыр. – Әңгімеңізге қарағанда, «Ғарыш-экология» ғылыми-зерттеу орталығы мамандары ақшасыз-ақ талай жаңалықты ғылымға ендіргенге ұқсайды. Бізде әлі де болса өз саласына жаны ашитын, ғылымға берілген нағыз мамандар баршылық деуге негіз бар ма? – Әрине, өмірде ақшаны  басты орынға қоймайтындар, ол – ғалымдар. Олар жаңа дүниені тудырғанша, жаны тыным таппайды. Нағыз өз саласының білгір, жанкешті мамандары. Жоғарыда біраз жетістіктерімізді ай­тып кеттім, ал жалпы алғанда кәсіпорнымыз жүргізген ғылыми зерттеулер инновациялық нәтижеге ие болып отыр. Соңғы 3-4 жылда кәсіпорнымыз Қазақстанның 3 инновациялық патентін алды, оның біреуі «Жыл өнертабысы» деп танылды, сондай-ақ тағы 2 патент беру туралы шешім шықты. Алынған нәтижелер түгелдей кәсіпорынның негізгі қызметтерін жүзеге асыруы барысында қолданылып отырады. Бұл – қоршаған орта нысандарындағы гептил мен оның туынды заттарын өлшеудің жаңа әдістемелері; гептилдің топырақта ыдырау өнімдері – нитрозодиметиламин, тетраметилтетразен, диметиламин, диметилформамид, метилтриазол мен көмірсутегілік зымыран отыны – керосиннің шектеуі рұқсат етілген кон­центрациялары, Қазақстан Республикасы аймақтарының ғарыш зымыран қызметінің әсеріне экологиялық тұрақтылығының критерийлер жүйесі, гептил және оның туынды заттарымен ластанған топырақтарды құрама әдіспен уытсыздандырудың технологиялық регламенті және тағы басқалар болып табылады. Аталған ғылыми-зерттеу жұмыстарына кәсіпорынның жас мамандары белсенді түрде қатысады. Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігінің басшылығы алдымызға жоғары оқу орындарымен жас ғалым­дарды даярлау бойынша жұмысты жандандыру міндетін қойды. Бұл бағытта біз ҚазҰТУ-ға жас ғалымдарды – ғарыш-зымыран қызметінің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы магистрлер мен РhD докторларын даярлауда қарым-қатынас жасауды ұсынып, келісімге қол қойдық. Президентіміз Н.Назарбаев өзінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жолдауында атап кеткендей, «бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек. Білім мен кәсіби машық – заманауи білім беру, кадрларды даярлау мен қайта даярлау жүйесінің негізгі бағдарлары». Қазір бізде 5 ғылым докторы, 4 ғылым кандидаты, 2 РhD докторы жұмыс істейді. Ғалымдардың үлкені – 78-де. Тәжірибесі жоғары. Сол ғалымдардың қарамағында жұмыс істеген жастар талай тәжірибе жинап, алда межелеген жетістіктерді бағындырады деп сенемін. Қазіргі уақытта кәсіпорын дамыған материалдық-техникалық және аккредитациядан өткен химия-аналитикалық базаға, жұмыстарды жүргізуге арналған лицензияларға ие, білікті ғылыми кадр­лармен (докторлар, ғылым кандидаттары, магистрлері) қамтылған, осының барлығы еліміздің ғарыш қызметінің экологиялық қауіпсіздігі жүйесін құруға және Қазақстанның қоршаған ортасы мен халқының денсаулығына тигізетін жағымсыз әсерін барынша азайтуға бағытталған міндеттерді сәтті түрде шешіп отыруға мүмкіндік береді.  – «Ғарыш-экология» ғылыми-зерттеу орталығы жаңадан құрылған Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне қарайтыны белгілі. Бүгінде министрлік тарапынан атқарылатын жұмыстарға қолдау көрсетіле ме? – Иә, ғарыш саласының жеке министрлік құрамына енуі осы салаға деген Елбасының ерекше көзқарасының белгісі деп білеміз. Бұл біздің атқарып жатқан қызметімізге жаңа серпін және үлкен жауапкершілік жүктейді. Жаңа министрлік алғашқы күннен бастап біздің жұмыс нәтижелерімен танысып, жоспарларымызды тыңдап, ғарыш зымыран қызметінің экологиялық қауіпсіздігі бағытындағы жұмыстарды дамыту барысында тапсырмалар беруде. Айта кету керек, министрліктің қолдауының арқасында биылдан бастап ғарыш айлағы нысаналарын экологиялық мониторингілеу жұмысы жеке бағдарлама болып бекітіліп, қаржыландырылатын болды. Бұл бағдарлама 2009 жылдан бері тоқтап тұрған болатын. Енді зымыран ғарыш қызметінің қоршаған ортаға және адам денсаулығына әсері туралы алынатын ақпарат барынша толық болады деп ойлаймыз. Бұл жұмыстар нәтижесін оқырман қауымға уақытылы хабардар етіп отыратын боламыз. Бұл мекемеде 2002 жылдан бері табан аудармай еңбек етіп келемін. 2007 жылдан «Ғарыш-экология» ғылыми-зерттеу орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры қызметін атқарамын. Содан бері біз тиісті министрліктермен де, сала мамандарымен де тығыз байланыс орнатып үлгердік. Жаңа министрлік те, оның құрамындағы Аэроғарыш комитеті де тікелей біздің атқаратын жұмыстарға мүдделі. Кәсіпорынның қолданбалы ғылыми жұмыстарына тікелей тапсырыс беретін де өзіміздің министрлік пен Аэроғарыш комитеті ғой. Біздің алдымызда жүзеге асуы тиіс ғылыми жобалар көп. Мұның бәрін Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен кеңесіп, кәдеге жаратсақ, тиімді болатыны сөзсіз. – Жайлаубай мырза, ушығып тұрған экология мәселесі бізден гөрі, сіздің мекеме мамандарына бататын шығар. Қалай ойлайсыз, қоршаған ортаны ластанудан сақтау жолын неден бастау керек? – Жасыратыны жоқ, қазір еліміздің қай өңірін алсаңыз да, экологиялық ахуалы назар аударуды талап етеді. Біз тұратын Алматының ауасы ше? Ең үлкен экологиялық түйткіл Алматы қаласында туындауда. Біріншіден, көлік саны көбейіп кетті. Қаладағы салынып жатқан жаңа ғимараттар ауаның тазаруына қалай әсер етеді. Қаланың маңайындағы қоқыс полигондарының адам денсаулығына қоршаған ортамызға әсері ескерілуі керек деп ойлаймын. Қаланың тазалығы көңілге қонбайды. Бұл мәселемен тек қалалық әкімшілік қана айналысуы керек деп ойлаймыз. Қаланың жасыл желегінің ахуалы да көңілден шықпайды. Барлық ағаш, декоративтік бұталар үнемі мониторигтік бақылауда болу керек деп есептеймін. Осы жұмыстарға жастар кеңінен тартылуы қажет. Қоршаған ортаны ластайтын өзіміз. Табиғат-ананы қорғауды әркім өзінен бастауы керек. Қарапайым қоғамдық мәдениетті соған бағыттау қажет.  – Білуімізше, әкеңіз Қызылбай жырау Сыр елі дүлдүлдерінің қатарынан орын алған екен. Демек, өнерден де құралақан емессіз ғой... – Дұрыс айтасыз, әкем Қызылбай Нұртуған жыраудың көзін көрген, оның қиссаларын жатқа айтқан. Үлкен Арал мен кіші Аралды бөліп тұрған Көкарал деген ауылда өмірге келдім. Кезінде аты қазақ даласына тараған жырау Нұртуған Кенжеғұлұлы әкемді тыңдап,: «Көкаралға жарайтын жыраусың!» - деп халықтың алдында баға берген екен. Сондықтан жерлестер әкемді Нұртуған жыраудың шәкірті деп атайды. Әкемнен дарыған шығар, мектепте оқып жүрген кезде, студенттік кезімде домбыра тартуды әуес еттім. Сол кездегі ҚазМУ-дың ұлт-аспаптар оркестрінде құрдастарыммен бірге ойнадым. Олардың көбі менің кейінгі өмірімде жақын достарыма айналды. Қазір домбыраны көп ұстай бермеймін, бірақ қазақ халық музыкасын тыңдауды ұнатамын. – Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен

Динара Мыңжасарқызы