Спорт

Абиба Әбужақынова олимпиадалық рейтингіде алғашқы үштікке енді

qazdauiri.kz

Абиба Әбужақынова биыл өзі қатысқан ресми турнирлердің бәрінде үздік үштікке енді.

Дзюдодан Қазақстан әйелдер командасының үздігі Абиба Әбужақынова олимпиадалық рейтингте үшінші, әлемдік рейтингте төртінші орынға көтерілді, деп хабарлады turkystan.kz Olympic.kz сайтына сілтеме жасап. 

48 келі салмақта сынға түсетін Абиба олимпиадалық рейтингте 4576 ұпаймен үшінші орында тұр. 

Бірінші орынға 5945 ұпай жинаған Ассунта Скутто (Италия), екінші орынға 5200 ұпаймен Нацуми Цунода орналасқан. 

Әлемдік рейтингте жерлесіміз 5184 ұпаймен төртінші орында. 

Айта кетелік, Абиба Әбужақынова биыл өзі қатысқан ресми турнирлердің бәрінде үздік үштікке енді. 

Португалияда өткен Гран-при турнирінде, Баку мен Антальядағы Grand Slam турнирінде қола жүлдегер атанса, Ташкенттегі Grand Slam-да күміске қол жеткізді. 

Абиба Әбужақынова дзюдодан қазақ қыздары арасында әлем чемпионаты мен Grand Slam турнирлерінен жүлде алған алғашқы спортшы. Сондай-ақ, ол Азия чемпионаты мен Азия ойындарының күміс жүлдегері.