Қоғам

14 жыл бұрын қайтыс болған бала әлі күнге тірілер тізімінде жүр

Сәби 7 айлығына дейін ауруханада ем алып, шетінеп кеткен.

Он төрт жыл бұрын қайтыс болған бала әлі күнге тірілер тізімінде жүр. Редакцияға хабарласқан Жамбыл облысының тұрғыны ұлының бақилық болғанын дәлелдей алмай келеді. Жеті айлығында шетінеген сәбидің жөргекпұлын бөгде біреулер алып отырған, деп хабарлады turkystan.kz Almaty.tv-ға сілтеме жасап.

Саяхат Сұлтанова тұңғышын 2009 жылы босанған. Бірақ сәби «туа бітті гидроцефалия» диагнозымен, яғни басында сары су жиналған күйі өмірге келген. Бірақ 7 айлығына дейін ауруханада ем алып, шетінеп кеткен. Ал арада 14 жыл өткен соң бақилық болған сәбиге Оқу-ағарту министрлігі сұрау салған. Қайғысы қайта үдеген ана сол кезде ұлының тірілер тізімінде тұрғанын білген.

Жеті ай бойы баласының аурумен әуре болған ана құжатты реттеу керек екенін білмеген, аудандық аурухана да «қайтыс болды» деген анықтама бермеген. Арада 12 жыл өткенде аурухана мен АХАЖ бөлімінің табалдырығын тоздырған ана жарты жылдан бері нәтиженің болмай жатқанын айтып наразы. Аталған мекемелер алты айдан бері «Балаңыз туралы ешқандай құжат сақталмаған» деуден әрі аспапты.

Мамандардың айтуынша, мәселені сот шешеді. Ол үшін қайтадан туу туралы куәлік алуы қажет. Содан кейін қайта сотқа жүгінеді. Бұл жұмыстарға азаматтарға арналған үкімет мекемесінің мамандары жәрдемдеседі.

Мамандар «құжатты дер кезінде өткізбеудің салдары осындай болады» дейді. Ал о дүниелік болған баланың жөргекпұлын кім алып отырғанын жауаптылар қызметтік тексеріс ашып, анықтамақ.