T-LIFE

Қадір түнін қалай өткізген дұрыс?

ei.unida.gontor.ac.id Қадір түні

«Қадір» сөзі «үкім түні» мағынасын береді.

Рамазан айының ең құнды, ең қасиетті түні - Қадір түні.  Өйткені, қадір түнінде ақ пен қараны ажыратып, тура жол көрсетуші қасиетті Құран Кәрім түскен.

Қадір түні дегеніміз не?

«Қадір» сөзі «үкім түні» мағынасын береді. Демек, қадір түні – Алланың тағдырды үкім ететін түні. Құранда: «Ол кеште барлық хикметті істер айырылады», - деген («Духан» сүресі, 4-аят). Қатада: «Бұл түнде келесі жылғы істердің тағдыры жазылады», - дейді. «Қадір» сөзінің тағы бір мағынасы «абырой, бедел». Мұндай жоғары дәрежеге лайық болуының себебі, бұл түннің қадір-қасиеті мың айдан да қайырлы. «Қадір түні мың айдан да артық», - деп «Қадір» сүресінде баяндалады. Рамазан келгенде, Алла Елшісі (оған Алланың  салауаты мен сәлемі болсын): «Расында, сендерге бұл ай келді! Онда мың айдан да қайыры бір түн бар. Сонда кім ол түні бейқамдық танытса, оның барлық игілігінен құр қалады. Ал оның барлық игілігінен тек нағыз марқұм адам ғана айырылып қалады!» - деп жеткізген.

Қадір түнін қалай өткізген абзал?

Қадір түні мың айдан да қадірлі ерекше түн. Яғни, 83 жыл 4 айды бәлкім одан да көп уақытты құрайтын қасиетті түн. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім Аллаға иман келтіріп, сауабын Алладан үміт ете отырып қадір түнін құлшылықпен өткізетін болса, оның өткен барлық күнәлары кешіріледі», - деген (Бұхари). Ал қасиетті Құранның «Духан» сүресінің 3-аятында бұл түннің берекеге толы түн екендігі баяндалады. Ислам ғалымдары осы аят пен хадистерге сүйене отырып, кімде-кімнің құлшылығы, дұға-тілегі мың айдан да қадірлі қадір түніне, сол сәтке сәйкес келетін болса мың ай құлшылық жасағандай, бәлкім одан да көп сауапқа кенеледі деп тұжырымдама жасаған. Демек, бұл түні көбірек құлшылық жасауға, Алладан біліп және білмей істеген күнәларымыз үшін тәубе етіп кешірім сұрауға, көбірек Құран оқуға, Пайғамбармызға салауаттар айтып күн батқаннан таң атқанға дейін уақытымызды құлшылықпен өткізуге ден қоюымыз қажет.   

Биыл сәуір айының 5-нен 6-на қараған түн – қасиетті Қадір түні. 

 

«Рамазанға қатысты 200 сұрақ» кітабынан алынды