Жаңалықтар

ТЖМ: Су басу аймағында 5 облыс қалып отыр

ТЖМ

Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында жағдай әлі де күрделі.

Су тасқынына байланысты еліміздің өңірлерінде жергілікті ауқымдағы 20 төтенше жағдай жарияланды. Бұл туралы Үкімет отырысында Төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов айтты, деп хабарлады turkystan.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

«Министрлік су тасқыны салдарын жою бойынша іс-қимылдарды үйлестіруді жалғасып жатыр. Министрліктің, әкімдіктердің, Қорғаныс, Ішкі істер министрлігі, Ұлттық ұлан, Ұлттық қауіпсіздік комитет бөлімшелерінің күштері мен құралдары жұмылдырылды. Әрекет ету жедел санатта жүзеге асырылуда. Су тасқының жағдайы тұрақты – күрделі. Батыс аймақтарда су аздап төмендеді, орталық, солтүстік және шығыс бөліктерінде керісінше өзендер деңгейінің қарқынды жоғарлауы байқалады. Су басу аймағында 5 облыстар қалуда, әкімдіктермен жергілікті ауқымдағы 20 төтенше жағдай жарияланды», - деді вице-министр.

Оның атап өтуінше, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында жағдай әлі де күрделі. Бұл жерлерге дереу күштер мен құралдар жұмылдырылып, жіберілді. Өңірлерде авариялық-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.

Төтенше жағдайлар аймағынан ең алдымен мүмкіндігі шектеулі адамдар, қарттар, әйелдер және балалар қауіпсіз жерге шығарылды. Су тасқыны кезінен бастап 15 мың 786 адам құтқарылды. Оның ішінде 6 187 бала бар. Адам шығынына жол берілмеді. Қазіргі таңда уақытша орналастыру пункттерінде 4 113 адам, оның ішінде 1 911 бала бар. Олар үшін барлық қажетті жағдай жасалған», - деді Бауыржан Сыздықов.