Жаңалықтар

Павлодарда оқушыны соққыға жыққандар сотталды

askeri.sud.kz

Сотталышулардың кінәсі жиналған дәлелдемелермен, жәбірленушінің айғақтарымен және сот сараптамасының қорытындыларымен дәлелденді.

Павлодар облысы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алдын ала сөз байласу арқылы кәмелетке толмаған адамның денсаулығына қасақана ауыр зиян келтiрді деген екі жасөспірімге қатысты қылмыстық іс қаралды. Бұл жайында облыстық Pavlodarnews.kz сайты жазды.

Аталған оқиға былтырғы 24 шілдеде болған. Сол күні сағат 18:00-ден 21:00-ге дейінгі аралықта екі кәмелетке толмаған сотталушы Торайғыров университеті стадионының аумағында жеке бас өшпенділігімен және алдын ала келісіммен бір оқушыны ұрып-соққан. Салдарынан зардап шеккен баланың денсаулығына ауыр зиян келген болатын.

Сотталышулардың кінәсі дәлелденді. Дегенмен олар оқушының денсаулығына ауыр зиян келтірді деген айыппен келіспей, кінәні ішінара мойындап, бас бостандығынан айырмауды сұрады.

– Екі жасөспірімге 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Олар кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемелерінде жазасын өтейді,– делінген сот үкімінде. 

Айта кетейік, сондай-ақ, сотталушылардың заңды өкілдері моральдық зиянды өтеу үшін 3 миллион теңге өндіру қажет.