ҰСТАЗҒА ГҮЛ СЫЙЛАУ ҚЫЛМЫС ПА ЕКЕН?..

ҰСТАЗҒА ГҮЛ СЫЙЛАУ ҚЫЛМЫС ПА ЕКЕН?..

ҰСТАЗҒА ГҮЛ СЫЙЛАУ  ҚЫЛМЫС ПА ЕКЕН?..
ашық дереккөзі
Көрген көз бен естіген құлақта жазық жоқ. Өткен аптаның сенбі күні «31 телеарнасы» Ақтөбедегі бір қазақ орта мектебінде болған жайды көрсетті. Мектеп директоры Марат Махамбеталиев ер азамат мұғалімдерге: «Барлығымыз «Сазды» кафесіне барамыз. Кафеге бармаған адам мектеп саясатына кедергі жасайтын адам деп түсінемін. Барлық құрмет сіздер үшін» деп Whats App желісі арқылы жазып жіберіпті-міс. Бірақ мектеп мұғалімдері мұны жалған деп отыр. Тек арасынан бірі аудандық оқу бөліміне телефон шалып, мектепте ақша жиналып жатқанын хабарлаған. Содан ауданның оқу бөлімі бастығының орынбасары Гүлжанат Сисенбаева мектеп директорын өзіне шақырып, түсінік алады. Сол күннің ертеңіне-ақ бүкіл республика мектептерінде «Ақша жинап, мұғалималарды 8 наурыз мерекесімен құттықтауға болмайды. Білім министрлігі бұл коррупцияға жататындықтан тыйым салып отыр. Егер бұған құлақ аспаса, сол күні барлық мектептерге тиісті орындардан тексеру жүргізіледі екен» деген жайсыз хабар лезде тарап кеткен. Содан әйел мұғалімдердің мереке алдындағы көңіл күйлері күрт түсіп: «Апырай, министрліктегілер  оқушылардың ата-аналары бізге жылына бір рет беретін бір шоқ қызыл гүлін де көп көргені ме?», − деп налып жүргендерін де көз көріп, құлақ естіді. Ата-аналар да мұндайды күтпесе керек. «Министрліктің мұнысы қалай? Ұстаздарға гүл ұсынып, мерекелерімен құттықтағанымыз коррупцияға жатқаны ма? Шенді шенеуніктер біле білсе, бұл ертеден қалыптасқан игі дәстүр емес пе?! Мұғалімге көрсетілген сый-құрмет басқа да, жемқорлық басқа ғой. Ұл-қыздарымызға білім мен тәрбие беріп жатқан ұстаздарды  мерекемен құттықтап, гүл сыйлау мәдениеттілк белгісі, оларға  деген біздің тарапымыздан жасалатын бір сәттік ілтипат пен сыйластық. Оның үстіне мұны «бармақ басты, көз қысты» деп кім айта алар екен?», − деп таңданғаннан жағаларын ұстаған. Баланы білім нәрімен сусындатып, тұлға ретінде тәрбиелеу өте қиын жұмыс. Соны жақсы білетін дамыған елдердің мұғалімдерге деген құрметі өте жоғары. Олардың ай сайын алатын жалақысын біз көзге елестете алмаймыз. Қазақ шенеуніктері оны бізден де жақсы біледі. Ал біздің мұғалімдердің жалақысы олармен салыстыруға мүлдем келмейтінін несіне жасырамыз. Оқушылар соны сезбейді дейсіз бе? Сезгенде қандай! Мектепке әкесі қымбат көлікпен алып келетін кейбір оқушылар жұпыны киінген ұстаздарын менсінбейтіндері соншалық сәлем де бермейтінін көріп жүрміз. Телеарналар ара-тұра болса да кездесіп қалатын ұстаз бен оқушылар арасындағы келеңсіз кикілжіңдерді де көрсетіп жүр. Осыдан-ақ мұғалімдердің беделін бағамдай беріңіз. Құлақты қарып түскен сол бір хабар желдей есіп, Астанадағы білім министрлігіне де жетсе керек. Кеше министрліктің өкілдері шұғыл түрде журналистердің алдына шығып, өздерінің тарапынан ондай пәрменнің берілмегенін айтып, бәрін жоққа шығарды. Ата-аналар мен ұстаздардың көңілдері орнына түскендей болды. Дегенмен бұрын жеткен жалған сөз қаншама ізгі жанның көңіліне қаяу салды десеңізші.