Жаңалықтар

БҚО-да су тасқыны кезінде өлген мал саны мыңнан асты

ТЖМ

Аудандарда құрылған арнайы комиссия өлген мал санын есептеу үстінде.

Батыс Қазақстан облысында су тасқынына байланысты қауіпсіз жерге шығарылған және өлген мал саны нақтыланып жатыр.

БҚО әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, өңірде 26 наурыздан бастап Бөрлі ауданында Ақсу, Кеңтүбек, Қарағанды, Пугачев, Қаратөбеде Қоржын, Шалғын, Теректіде Аңқаты, Сырымда Жымпиты, Бұлдырты, Өлеңті ауылдарын су басты. 

Құтқару жұмыстары барысында 983 бас ірі қара (Теректі – 76, Сырым – 447, Бөрлі – 460), 1814 ұсақ мал (Теректі – 128, Сырым – 731, Бөрлі – 955) және Бөрлі ауданында 31 бас жылқы қауіпсіз жерге айдалды. 

Аудандарда құрылған арнайы комиссия өлген мал санын есептеу үстінде.

«Алдын ала мәлімет бойынша 91 бас ірі қара, 35 бас жылқы, 899 бас ұсақ мал (соның ішінде Сырым ауданында 43 ірі қара, 141 қой-ешкі, 10 жылқы, Теректіде 21 ұсақ мал, 1 жылқы, Бөрліде 42 ірі қара, 679 ұсақ мал, 2 жылқы, барлығы 1025 бас мал) және Қаратөбе ауданында 112 үй құсы шығынға ұшыраған. Өлген мал санын нақтылау жұмыстары жалғасуда. Облыста сондай-ақ 8 мал моласы (Қаратөбе – 1, Сырым – 6, Теректі – 1) және 14 түйнемеден өлген мал қорымы (Сырым – 13, Тасқала – 1) суға кетті», деп хабарлады ведомстводан.