T-Newspaper

Чехияда қамшыны насихаттап жүрген қазақ

сурет: turkystan.kz

Мен қамшы өруді осында өз бетімше үйрен­дім.

Бүгінде ұлттық брендімізге айналған қымыз бен қазы-қартаны Еуропада, соның ішінде Германияда бізден кем емес әзір­лейтін мамандар бар екенін естіп жүр­міз. Сол секілді ұлттық нақыштағы киімдер мен зергерлік бұйымдарды елден ғана емес, сыртта жүріп-ақ сатып алуға болады. Мы­са­лы, Америкада тұратын Ажар есімді қыз та­қия мен қазақша сөздер кестеленген ху­дилер тігеді. Анкарада бір топ маман дом­быра жасап, сатады. Швейцарияда текемет то­қитын қандасымыз тұрады. Жуырда Чехияда қамшы өретін қазақ тұратынын естіп білдік.

1996 жылдан бері көлік жөндеумен айналысамын

Нұрлан Бейсекеев – Қарағанды об­лысы Бұ­қар жырау ауданындағы Пушкино (қазіргі Ақбел) ауылында дүниеге кел­ген. Содан соң сол ауданға қарасты Пет­ров­ка елді мекенінде мектеп табалдырығын ат­таған. Онда шаруашылық агрономы бо­лып еңбекке араласқан ол тоқсаныншы жыл­дардағы тоқырау салдарынан ауылды артқа қалдырып, қалаға қоныс аударған.

«Ол уақытта құлдырау қатты сезілді. Сон­дықтан 1996 жылы қалаға көшіп келіп, кө­лік жөндеумен айналыса бастадым. Есеп­теп қарасам, сол  кезден қазірге дейін көлік жө­ндеу ісімен айналысып келеді екенмін. 2008 жылға дейін бірнеше сервисте ав­то­ме­ханик болып жұмыс істедім. Одан соң цех шебері, сосын цех басшысы лауазымына тағайындалдым. Кейін техникалық дирек­тор қызметін атқардым. Чехияға кеткенге дейін цех басшысы болып жұмыс істедім», – дейді Нұрлан.

Елде басшылық қызмет атқарған Нұр­лан­ның шетелге жұмысқа келуіне не түрткі болғаны бәрімізді қызықтыратыны анық. Көрген-білген ойға азық екенін алға тарт­қан ол мұнда көпшілік ойлағандай саяхат­тау­ға емес, жұмыс істеуге келгенін айтады.

«Өзге ел тұрғындарының қалай тұра­тынын, қалай жұмыс істейтінін көрсем деймін. Сыртқа шығып, жұмыс істеп көргім кел­ді. Сөйтіп, Праганың маңында орна­лас­қан Градец-Кралове қаласына келіп, жұ­мыс­қа орналастым. Мұнда фирмада көлік жөн­деуші болып жұмыс істеймін. Бұл қа­лада тұрып жатқаныма бір жарым жыл бол­ды», – дейді ол мұндағы жұмысы өзіне ұнайтынын айтып. 

Қамшы өруді өз бетімше үйрендім

Нұрланның қамшы өретінін естіген біз оның Қазақстанда жүріп үйрен­ген болар деп ойласақ, қателесіппіз.

«Мен қамшы өруді осында өз бетімше үйрен­дім. Біздегі жұмыс уақыты – он сағат. Жұ­мыстан шығып, кешке үйге барғанда ішің пысады. Ал мен үйде шалқайып жат­қан­ды ұнатпайтындардың қатарынанмын. Телефон немесе теледидарға телміруге – жаным қас. Дұрысы, жұмыста қалып, қам­шы өрейін деп шештім. Сосын интернеттен, YouTube-та қамшыны қалай дұрыс өру керек екенін 2-3 рет көріп алдым да, бір күні өзім істеп көрдім. Алғашында қолымда қан­дай материал бар, содан өріп шыққан едім. Бірде дәнекерлеуші киетін тері фар­туктен істедім. Сосын тапсырыс беріп, кә­дім­гі теріні сатып алатынды шығардым. Бұл ісім көпшілікке ұнаса керек», – дей­ді маман қолы қалт етсе бос отырмайтынын тілге тиек етіп.

«Айтпақшы, Прагада мәңгіге қалайын деп жатқан жоқпын. Жұмыс істеймін де, со­дан соң елге қайтамын», – дейді Нұрлан сө­зімізді бөліп. «Тек қол қусырып отырмас үшін бірдеңе істеуім керек болды. Бастап­қыда түрлі зат сала­тын кәрзеңке өрсем бе де­ген ой болған. Сосын ше­т­ел­­діктерге ерек­ше болып көрінетін ұлттық бұйымды неге жа­сап көрмеске деп ой­ладым. Сол кезде осын­дағы белсенді ұл-қыздар­дың бір мере­кеге қызу дайын­дық жүргізіп жатқан бо­ла­тын. Біреуі «Мен бауыр­сақ әзірлеп әкелемін» десе, енді бірі «Мен асық іздеп кө­рейін», ал кейбіреуі «Мен қо­лөнер бұйымдарымызды тауып көрейін» деп жамы­ра­са айтып, бел­сенділік та­­­­­нытты. Сол кезде мен «Он­да мен қамшы өріп әке­лейін» деп ұсыныс айттым. Жұ­мысқа келіп, жасап көр­ген едім. Қо­лым­нан келеді екен. Содан бері бұл іс хоб­биі­ме ай­налып кетті. Ж­ұ­мыс аяқталған соң, сонда қалып, неше түрлі бұйымдар әзірлеймін. Қам­шыдан бөлек, теріден білезік жасап шы­ғардым. Алдағы уақытта тағы көп нәрсе іс­тегім келеді», – дейді Нұрлан мұнымен тоқ­тап қалмайтынын айтып. 

Нұрланның бұл шеберлігі туралы Чехиядағы белсенді қазақтар ғана бі­леді. Сыртта жүріп, төл мәдениетімізді дә­ріп­теп жүрген бір топ жас Прага алаңын­да өтетін түрлі мәдени ивенттерге Нұрланды да жиі шақырады екен.

Праганың үлкен алаңында қамшы өруден шеберлік сыныбын өткіземін

«Былтыр қыркүйекте осында жыл сайын өтетін REFUFEST фестиваліне қа­тыс­тым. Онда Чехия аумағында тұратын түрлі ұлт өкілдері өз мәдениеті мен дәстүрін ұлт­­тық тағамдар мен бұйымдар арқылы та­­ныстырады. Осындағы белсенді қазақ қы­зы Дарина Жұмағұлова қолқа салған соң, сонда қазақ бұрышын әзірлеп, жи­нал­ған жұрт­шы­лыққа Қазақстанды таныстыр­дық. Мен сол кезде екі қамшы әзірледім. Алайда ол уақытта тәжірибем аз болатын. Ең оңайын өрдім. Ал қазір кәсіби маман­мын десем де болады. Қазір бұрынғыдан да күр­делісін істеймін. Бірте-бірте материал­дар мен құрал-жабдықтар жинап жатыр­мын», – дейді ол ұлттық бұйым болғасын мұны сапалы етіп жасау маңызды екенін айтып.

Оның қамшы өретінін Чехиядағы қазақтар ғана біледі. Аз сөйлеп, көп әрекет еткенді құп көретін ол көпшіліктің көзіне түскенді ұнатпайтын секілді. 

«Дегенмен алдағы уақытта хабарлан­дыру жасамақпын. Чехиядан бөлек, басқа елдерде біздің мәдениетке қызыға қарай­тын­дар да тапсырыс беріп қалар. Бір қызы­ғы, қазір сыртты айтпағанда, Қазақстанда менің қамшы өре алатынымды естіп-білген та­ныстарым тапсырыс беріп жатыр. Ара­сында орыстар да бар. Күні кеше 5 қамшыға тапсырыс берді. Осында 30 жыл бұрын кө­шіп келген, қазір қой өсіретін жеке фир­масы бар Асхат есімді бауырымыз тұрады. Біз онда жиі жиналып, самаурыннан шай ішіп, қазақша ет пісіреміз. Ол менің қамшы өретінімді көріп, өтініш айтқан еді. Мен оған бір қамшы жасап, сыйға тарттым», – дейді Нұрлан мұнда тұратын қазақтардың жиі бас қосатынын айтып.

13-сәуір күні Qazaq Nomad қауымдас­ты­ғы­ның бастамасымен Праганың Панк­рач атты үлкен саябағында Наурыз мере­ке­сі тойланбақ. Нұрлан кемі 500 адамның ба­сын қосуды көздеп отырған бұл ивентте көпшілікке қамшы өруден шеберлік сыныбын өткізбек.

«Қамшының түрлі өрімі бар. Төрт өрім, алты өрім, сегіз өрім деп бө­лінеді. Бұйырса, ғасырлар бойы ұстаған ұлт­тық бұйымдарымыздың бірі, халқымыз­дың тұрмыс-тіршілігінде, салт-дәстүрінде ерекше орын алатын қамшыны қалай өре­тінін шетелдіктерге көрсетпекпін», – дейді Нұрлан сөз соңында.

Әзірлеген

Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ