Бейжіңде Қазақстанның туристік мүмкіндіктері таныстырылды
Іс-шараның негізгі мақсаты – қазақтың мәдениеті мен салт-дәстүрін бейжіңдік тұрғындарға таныстыру.
Бейжің қаласында Қытайдағы Қазақстан туризм жылының ресми ашылуына орай қазақтың ұлттық құндылықтары мен әр облыстың туристік мүмкіндіктері таныстырылды.
Kazinform-ның мәлімдеуінше, Бейжіңде Қазақстанның әр өңірінен келген делегация мүшелері қазақтың құрты мен ірімшігін, қазы-қарта, жал-жаясын, бауырсақ пен еліміздің таза балын, тіпті, Наурыз көжесіне дейін дайындап ала барған. Сонымен қатар ұлттық қолөнер бұйымдарын да қонақтар алдына жайып салып, ұлттық музыкалық асаптарымызбен әндерін әуелетіп, күйлерін құйқылжыта тартып, қытайлық азаматтарды өнерімен таңғалдырып жатыр. Іс-шараның негізгі мақсаты – қазақтың мәдениеті мен салт-дәстүрін бейжіңдік тұрғындарға таныстыру. Айта кетейік, кеше Бейжің қаласында Қытайдағы Қазақстан туризм жылының ресми ашылу салтанаты болды. Іс-шара аясында Бейжіңде Қазақстан мен Қытай өкілдерінің қатысуымен бірқатар құжатқа қол қойылды.