Құрдымға апарар жол
Елімізде кәмелет жасқа толмаған балалардың лудоманияға шалдығуы туралы ресми дерек жоқ. Алайда бейресми деректерде бәс тігетін «ойынпаз» балалардың көбейіп келе жатқаны туралы айтылады. Мамандар кәмелет жасына толмағандар компьютерлік, мобильді онлайн-ойындарға әуес екенін айтып дабыл қағып отыр.
Қоғамда құмар ойынға тәуелділер саны күн сайын көбейіп отыр. Құрдымға кеткен ойыншылар тек өзіне ғана емес, отбасына, айналасына, қоғамға зиянын тигізіп жатыр. Бұл мәселе тіпті Президент төрағалығымен өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында талқыланған еді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев лудомания мәселесін жақында өткен «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты Ұлттық құрылтайда да көтерген болатын. – Лудомания, яғни құмарпаз-дық – қауіпті кеселдің бірі. Кейбір мәліметтерге қарасақ, 400 мыңға жуық азамат – букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиенті. Бұл – тұтас бір қаланың халық санына пара-пар көрсеткіш. Шын мәнінде, лудомания – бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қатер. Соның кесірінен талай шаңырақ шайқалды. Талай азамат заң бұзып, қылмысқа ұрынды. Құмар ойын үшін қарызға батып, өзіне қол жұмсаған жандар туралы хабарлар, өкінішке қарай, күн сайын тарап жатады. Бұл дерт жас ұрпаққа өте үлкен зиян келтіреді. Онлайн-ойындар балалардың күнделікті ермегіне айналып барады, – деді Мемлекет басшысы. Елімізде кәмелет жасқа толмаған балалардың лудоманияға шалдығуы туралы ресми дерек жоқ. Алайда бейресми деректерде бәс тігетін «ойынпаз» балалардың көбейіп келе жатқаны туралы айтылады. Мамандар кәмелет жасына толмағандар компьютерлік, мобильді онлайн-ойындарға әуес екенін айтып дабыл қағып отыр. Гаджетке «байлаулы» балалар интернеттегі түрлі ойындарға тәуелді. Егер ата-аналар балаларының ойынға әуестігін байқап, қадағалап, алдын алмаса, болашақта олардың лудоман болу қаупі де жоғары. АҚШ-тың құмар ойындар мәселелерімен күрес жөніндегі ұйымы жүргізген зерттеуге сүйенсек, әлемдегі кез келген қала тұрғынының аяқ астынан қылмыскерге айналуы – 6 пайыз, маскүнемге айналуы – 34 пайыз, нашақорлыққа салынуы 32 пайызды көрсетсе, ойынқұмар болуы 48 пайызға жетеді екен. Бір алаңдатарлығы, бұл көрсеткіш жылдан-жылға өсіп бара жатыр дейді ұйым қызметкерлері. Ал біздің елімізде құмар ойын құрдымына түскендер санының артуы елімізде арнайы заң жобасының дайындалуына түрткі болды. – Құзырлы органдар былтыр интернет-казиноның белгісі бар 4 мыңнан астам сайтты бұғаттады. Біз нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күресу үшін кешенді жоспар қабылдадық. Үкімет лудоманиямен күреске қатысты дәл сондай жоспар қабылдауы керек. Құмарпаздыққа заң жүзінде шектеу қою қажет. «AMANAT» партиясы Фракциясының бастамасымен осы мәселе бойынша тиісті заң жобасы әзірленді. Парламентте қаралып жатқан сол жобаны осы сессияның соңына дейін қабылдау қажет. Біз жастардың құмар ойынға салынып, арзан табысқа ұмтылуына жол бермеуіміз керек. Адал еңбекпен тапқан табыс қана берекелі болады, – деген болатын Президент. Осы аптада Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы таныстырылды. Аталған заң «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Кодекске ілеспе түзетулермен бірге азаматтарды құмар ойындарға және бәс тігуге қатысудан қорғау, сондай-ақ жағымсыз құбылыстардың алдын алу мақсатында Парламент депутаттарының бастамасымен әзірленген. Жаңа жоба құмар ойынның әлеуметтік, экономикалық және құқықтық салдарының алдын алуды көздейді. – Құмар ойынның былайша етек алып кетуіне оның ешбір тежеусіз жарнамалануы да әсер етіп отыр. Букмекерлік кеңселер жарнамаға қомақты қаражат жұмсап жатыр. Телеарналар, ресми интернет сайттар, Youtube арналары, Тik-tok, Instagram, Telegram сияқты әлеуметтік желілерде букмекерлік кеңселердің жарнамасы толып жүр. Сонымен қатар кейбір қоғамдық пікір көшбасшылары, белгілі блогерлер, медиа жұлдыздар да осы зиянды құбылысты жарнамалап жүргенін білеміз. Ұсынылып отырған заңда құмар ойынды жарнамалауға да тыйым қарастырылған. Енді осы заң жобасын тағы да жан-жақты пысықтап, тез арада қабылдауымыз керек», – деді Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев. Жаңа заң қабылданса, заңды тұлғалар рұқсат етілген жасқа толмаған адамдарды құмар ойынға тартқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке, сондай-ақ онлайн-казино ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жазаға тартылады. Көшелерде, интернетте және бұқаралық ақпарат құралдарында букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамасын орналастыруға және таратуға қойылатын талаптар да қатаңдатылып отыр. Алимент, салық және несие бойынша борышкерлер тізілімінде тұрған жеке тұлғалардың құмар ойын ойнауына тыйым салу да қарастырылған. Сонымен қатар тұрғын үйлерде, дүкендерде, медициналық және білім беру мекемелеріне лотоматикалық машиналарды әкелуге және орнатуға тыйым салынады. Енді тек 25 жасқа толғандар ғана құмар ойынға қатыса алады. Сондай-ақ ойын бизнесін ұйымдастырушылар өз ақпараттық-қаржылық жүйелерін мемлекеттік кірістер органдарының аппараттық кешенімен біріктіруі керек. Осылайша, мемлекет барлық қаржылық операцияны бақылап отырады. Жалпы, құмар ойынға байланысты 2 Кодекске және 7 заңға 50-ден астам түзетулер дайындалған. Құмар ойынды мүлдем шектеу әзірге мүмкін емес. Мәселені шешу кешенді тәсілді қажет етеді. Ал кешенді тәсіл кеселдің салдарымен емес, себептерімен күресуден тұрады. Қай мәселенің болсын, алдын алу шаралары арзанға түскен. Әдетте, «ойынпаздар» тәуелді болудың ауру екенін білмейді, білсе де мойындай қоймайды. Өзінің тәуелділігінің себебіне үңілуден бас тартатындар да жиі кездеседі. – Бұл кесел маскүнемдік, есірткіге тәуелділік секілді адам ағзасына аса қауіпті болмағанымен, жанын, ішкі дүниесін жаралайды. Ал жан жарасы тән ауруына қарағанда жиырма есе қатты болады. Яғни, оны емдеу үшін айтарлықтай көп уақыт пен күш-жігер қажет. Лудоманияның астарында өзін уысынан шығармай тәрбиелеген ата-анаға деген қарсылық жатыр. Ата-анасы тым қатал болып, көп тыйым салған болса, бала құмар ойынға салыну арқылы оларды жазалайды. Сондай-ақ осылайша ол өмірінің тізгінін өз қолына алдым деп ойлайды, – дейді Орталық Азия психоанализ институтының директоры, психоаналитик Анна Құдиярова.