T-Newspaper

Қанат Айтбаев: Арқасүйер халқымыз барына мың тәуба!

сурет: turkystan.kz

24 мамыр күні Ыстамбұлдағы Beşiktaş стадионында әнші Димаш Құдайбергеннің кон­церті өтеді. Біз сол концерттің қарсаңында әншінің әкесі, «ДимашАли» шығармашылық ор­талығының жетекшісі Қанат Айтбаевпен сұх­баттастық. Әңгіме арасында оның еліміздегі  басқа да мәселелерге көз­қарасын білгенді жөн көрдік.

– Қанат Құдайбергенұлы, әңгімемізді Димаш­тың Ыс­там­бұлда өтетін концертінен бас­та­сақ... 

– Анкарада «Юлдызлар» атты компания бар. Сол ком­панияға Димаштың түркиялық жанкүйерлері: «24 мамырда Ыстамбұлда Ди­маштың концертін ұйым­дас­тыр­саңыз­дар...» деген ұсыныс жасаған екен. Жүзбе-жүз кездесіп, уақыттың ретін қарап, ақыл­дас­­қанымызда, концертті 24-мамыр – Ди­маштың туған күнінде жасау жөніндегі ұсы­ныс көңілімізге қон­ды. Ұйымда­стыру­шы­лар атақты Beşiktaş футбол ко­ман­да­сының стадионын таңдапты.  Сонымен қатар 4 мамырда Венгрияның ас­та­на­сы Будапешт қаласы Papp Laszlo спорт аренасында Global events халық­ара­лық компаниясының ұйым­дас­тыруымен Ди­маштың жеке концерті өтпек. Бұйыр­са, дайындалып жатырмыз.

– Ыстамбұлдағы концерттің ерек­ше­лігі неде болмақ?

– Былтыр Димаш Алматыда Stranger атты концерт қойған болатын. Бұл – жоба. Ыстамбұлдағы концерт те сол жобаның ая­сында өтеді. Әрине, біршама толық­тыру­лар енгізіледі. Мысалы, Түркияда Димаш түрік тілінде ән шырқайды. Сонымен бірге кон­цертке танымал бірнеше өнер адамын ша­қыру да ойда бар.

– 24-мамырда Димаш, бұйырса, 30-ға толады. Басқа елдерден де ұсыныс түс­кен болар?

– Иә, тағы бір елден дәл сол күні кон­церт өткізу жөнінде ұсыныс түсті. Бірақ біз бұл кезде «Юлдызлар» компаниясымен ке­лісімшарт жасап қойған болатынбыз. 

– Концертте қазақ әндеріне басым­дық беріле ме?

– Димаш концерттерінде қазақтың ән-күйін міндетті түрде орындайды. Қай елде жүрсе де, туған елінің мәдениетін, өне­рін насихаттауға, танымалдылық көк­жие­гін кеңейтуге барын салады. Сонымен қа­тар өнер адамының басты миссиясы – бір­лікке, татулыққа үндеу, ынтымақ­тас­тыққа шақыру. Әлемнің көптеген елінен тың­дармандар келетіндіктен, Димаш әр түрлі тілде ән салып, концертте достық ат­мосферасын қалыптастыруға тырысады.

– Жұртшылық арасында: «Димаш ре­пертуарына халық әндерін көбірек қос­са...» деген пікір бар...

– Халық әндерінің арасында Димаштың ре­пертуарына жақсы келетін уақыттың сүзгісінен өткен, өміршең, көркем шығар­ма­лар көп. Болашақта халық әндерінен жинақ шығармақ ойы бар. Біраз дүниені дайындап та қойды. Бірақ ән таңдауда Димаш – өте кіді, талғампаз. Өз көңілінен шықпаған дүниені ешқашан тыңдарманына ұсынбайды. Сондықтан бұған уақыт керек.

– Кіші ұл – Әбілмансұр кішкентайын­да медицина энциклопедиясын кемі­ріп жататын. Дәрігер болатын шығар деуші едім. Бірақ музыкаға бет бұрды. Композитор ретінде ұсынған туын­дылары да бар. Beşiktaş стадионын­да­ғы концертте Әбілмансұр да өнер көр­сетеді ғой?

– Иә, баланың арманы сәт сайын өзгеріп отырады емес пе? Музыкалық мектепті дом­бы­ра класы бойынша бітірді. Қазір музы­ка­лық колледжде гитара класында білім алып жатыр. Димаш екеуінің арасы – бір мүшел. Де­генмен әңгімелері жарасады. Маған ер­келеуі мүмкін, ал көкесінің айтқаны ол үшін – заң. Ұстазы – сол. Айтқанын бұлжыт­пай орындайды. Димаш бір әңгімесінде: «Ман­сұр – жаңашыл, музыканы өзінің жа­сын­дағы менен де нәзік түсінеді...» деп қал­ды. Екеуінің бірге сахнаға шығып жүргені біз үшін, әрине, қуаныш. Түркияда да сах­наға бірге шығады, бұйырса. Ал медицина са­ласының да біздің әулетке өкпесі болмау­ға тиіс (күлді). Астанадағы медицина уни­вер­ситетінде тәлім алып жатқан Раушаны­мыз жақсы дәрігер болады деп сеніп отыр­мыз. 

– «Димаштың бағы Қытайда өткен «Мен әншімін» байқауынан кейін ғана жанды. Елімізде оның талантын ешкім танымады...» деген пікір әлі де әр-әр жер­де айтылып қалады. Осы мәселенің басын ашып алайықшы... 

– Әрине, 2017 жылы өткен әлеуеті үл­кен бұл байқау Димаштың әлемге та­нылуына зор септігін тигізді. Ол ақиқат. Сол үшін де рахмет. Бірақ Димаштың музыкант ре­тіндегі «іргетасы» Қазақстанда қаланғанын ұмыт­паған жөн. Димаш музыкалық білімді Қа­зақ­станда алды. 2012 жылы 18 жасында рес­публикалық «Жас қанат» байқауында топ жарып, бас жүлдеге ие болды. Қазылар ал­қасындағы Төлеген Мұхамеджанов, Нұр­жамал Үсенбаева, Абзал Мұхитденов секілді кәсіби мамандар өнерін жоғары бағалап, батасын берді. Мұнан кейін еліміздің аты­нан бірнеше халықаралық байқауға қаты­сып, жеңімпаз атанды. Өзі білім алған Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры, әлемге әйгілі скрипкашы Айман Мұсақо­жаева­­­­ның бастауымен студенттік құрамда Еуропа мен Азия елдерінің сахналарында өнер көрсетті. 2015 жылы 21 жасында Бе­ларусь елінде өткен «Славян базары» халық­аралық байқауында жеңімпаз атанып, бас жүлде алды. Содан кейін Қытайға барып, «Мен әншімін» байқауына қатысты. Яғни, оған дейін біршама сыннан өтіп, әбден ысыл­ған кәсіпқой әнші ретінде барды. Ал енді әлеуметтік желі арқылы тарап кет­кен ертеректегі бір телебағдарламадағы үзін­діге ғана сүйеніп, «Қазақстанда Димаш­тың өнерін ешкім танымады, бағаламады» деу – мүлде қате пікір.  2015-2024 жылдар аралығында үш мәр­те «Халықтың сүйіктісі» атты марапатқа ие бол­ды, 20 жасында «Дарын» мемлекеттік жас­­тар сыйлығын, 25 жасында Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген қайраткері атағын алып, 29 жасында Қазақстанның Халық әртісі атан­­ды. Мұнан артық қандай құрмет, қан­дай баға керек?  Ал халықтың ықылас, ниетін, ақ пейілін күн сайын сезініп отырмыз. Әкем: «Туған же­ріңе табаныңды тіреп, арқаңды халқыңа сүйе­сең, ешқашан жаман болмайсың!» дей­тін. Арқасүйер халқымыз барына мың тәуба!

– Димаштың өнерін насихаттап жүрген Dears-тар жөнінде не дейсің?

– Димаштың өнер әлеміндегі таны­малдылығының артуына үлкен үлес қосып жүрген Dears қауымдастығына деген құр­метіміз шексіз. Әлемнің қай түпкіріне бар­сақ та, бізді риясыз ықыласымен қарсы ала­ды. Ең ұнайтыны –Димаштың өнеріне сүйіспеншілігі арқылы пікірлес болған түрлі елдерде тұратын жандардың өзара достығы. Қонаққа барып, бір-бірінің мә­дениетімен танысып, шұрқыраса табысып жат­қандарын әлеуметтік желі арқылы көр­генде көңілімізді шексіз қуаныш билейді. Димаш өзінің өнері аясында қалыптасқан жанкүйерлерін үлкен отбасы санайды. Олардың шексіз қолдауын, сүйіспеншілігін сезінеді. Бұл – үлкен бақыт. Ыстамбұл мен Будапешттегі концерттердің де ұйымдас­ты­рылуына осы елдердегі Dears қауымдастық ұйытқы болды. 

Жақсы дүниелерімізді көрсете алмай жүрміз

– Осы күні әлеуметтік желіде «Мүм­кін­дік болса, Қазақстаннан кету керек» де­ген әңгіме жиі айтылатын болды. Қа­ғынан жеріну, үмітсіздік байқалады. Әлем­нің біраз елін араладың. Расымен де, жұрттың бәрі дамып кетіп, біз көш соңында қалдық па? 

– Өз басым қай елге барсам да, бір апта, он күннен соң елге қайтуға асығамын. Аста­на әуежайынан түсіп, кеудемді кере дем ал­ған­да бір рахат сезімге бөленемін. Әрине, қа­зір кез келген адамға, әсіресе, жастарға әлем­нің қай түпкіріне де барудың алуан түр­лі мүмкіндігі бар. Барып, істің көзін тап­қандар да жоқ емес. Бірақ «Пәлен жерде ал­тын бар, барсаң бақыр да жоқтың» кебін кие­тіндер де бар. Әрине, экономикасы озық мем­лекеттер көп. Бірақ түйіткілді мәселе­лері толығымен жүз пайыз шешіліп қойған ел жоқ-ау.  Өз жерімізде біздегі білім жүйесіне сын ай­татындар көп, бірақ шетелге барып, елі­мізде алған білім нәтижесімен әлемдік дең­гейдегі түрлі жоғары оқу орындарына тү­сіп, үздік оқып жатқан балаларымыз же­тер­лік. Қай елге барсақ та, сондай жастары­мыздың жетістіктерін көріп, қуанатын сәттеріміз аз емес. Ғылыми зерттеулерінің нәтижесі ха­лық­аралық деңгейде мойындалып,  емдік тәжірибеде қолданылып жүрген Серік Ақ­шо­лақов, Юрий Пя, Нұрлан Батпенов се­кілді көптеген дәрігер-ғалымымыздың есім­дері біздің медицина саласының көр­сеткіші емес пе? Шетелдерге арнайы ша­қыр­тумен барып, жоспарлы түрде хирургиялық опе­рация жасайтын білікті мамандары­мыз­дың да біраз екенін көріп жүрміз.  Кейбір елдерге барғанда өз еліміздегі бойы­мыз үйреніп кеткен цифрландыру нә­тижесінің қадірін сезінген сәттеріміз де аз емес. Қарапайым ғана бір мысал, бірде шет­елге кететін күні таңертең  төлқұжатымды жо­ғалттым. Кешке – ұшақ. Не істемек ке­рек? ХҚО-ға бардым, жедел түрде жасады да берді. Жұмысымнан қалмай ұшып кеттім. Ұсақ-түйек секілді көрінуі мүмкін, бірақ бар­лық елде бірдей мұндай мүмкіндіктердің жоқ екенін көріп жүрмін. Бізде қай салада да жақсы нәтижеге же­тіп жүрген мамандарымыз, кәсіпорын­дары­мыз көп – көрсете білуіміз керек. Бізде жақ­­сы істердің насихаты блогерлік дең­гей­де­гі өсек-аяңның көлеңкесінде қалып қоя­ды. Жақсы нәрсені, жетістіктіктерімізді, әр са­ланың озаттарын жүйелі түрде насихат­тап, өскелең ұрпаққа үлгі етуіміз керек. Ақ­парат саласының мамандары, әлеуметтік же­лідегі аккаунттар хайп тақырыптар төңі­ре­гінде ғана рейтинг қуаламай, позитивті дү­ниелерді де көбірек көрсетіп, ел көңіліне се­нім ұялатса, құба-құп болар еді. Жаман деген сайын адамның да, қоғамның да сағы сынады, үміті көмескіленеді. Өзіңді жаман де­генде, ешкім әкеліп, жақсысын бермейді. Қо­ғамда сын айтылуы керек, бірақ сын әді­лет­ті, негізді, кәсіби болуы керек.

Ұлттық болмысымыздан ажырап барамыз

– Ел дамуының түрлі салаларына көңіл толмаған кезде өзімізді кінәлап жа­тамыз. Қазақ жұмысқа қырсыз ба? Кейін­гі жылдары ел арасында негатив пі­кір­дің көп болуына не себеп? 

– «Қазақ – жалқау» деген пікірге мүлде қар­сымын. Кеңес заманында қой санын 50 мил­лион қыламыз деп ұмтылдық қой. Қате­лес­песем, 38 миллионға жете тоқтадық. Бір ғалым ағамыз оңаша әңгімелескенде, Қа­зан төңкерісіне дейін қазақ даласында 60 миллионнан астам қой өргенін айтты. Кер­дері Әбубәкір қазақтың байырғы тір­лі­гін «...жарлы деп жүз қой бітсе айтушы еді, қой-ешкі толықпаса мыңға барып» деп бе­кер суреттемеген болар. Мал бағу оңай емес. Шаруашылықты тиімді жүргізу үшін қазіргі тілмен айтқанда, кем дегенде, жақсы вете­ри­нар, жақсы синоптик, жақсы агроном бо­лып, сонымен қатар географияны жақсы білу керек. Қысымыз да жұмсақ емес. Мың­ғыртып мал өсіріп, өнімін көрші елдерге сатып, еңбектеніп, ұрпағын өрбіткен қазақ қалайша жалқау болады? Әр ұлттың өмір сүру ерекшелігі, мінез-құл­қы, менталитеті, тіршілік ету тәсілі геог­рафиялық жағдайына, жер бедеріне, ауа-райына байланысты ғасырлар бойына қа­лыптасады.   Тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда ши­кізат өндірісіне басымдық беріліп, эко­номиканың басқа салалары, оның ішінде ауыл шаруашылығы елеусіз қалды. Жүздеген кең­шар, ұжымшар ыдырап кетті. Ел жұмыс­сыз қалды. 90-жылдары ауылда отырған ағайын сол кездері күннен-күнге құнын жо­ғалтқан азды-көпті малын сатып, жаппай қа­лаға ағылды. Көп ауылдар қаңырап, бос қал­ды.  «Арқада қыс жақсы болса, арқар ауып не­сі бар» демей ме? Елдің бәрі кәсіпкерлікке бейім емес екенін және жетпіс жыл бойына қа­­лыптасқан кеңестік жүйедегі ментали­тет­ті де ескере отырып, мемлекет өз бақы­лауы­на алатын ауылшаруашылық жүйесінің жаңа формасын қалыптастырып, жағдай жасап, жұмыспен қамтамасыз етсе, ел үдере қалаға көшер ме еді? Ауыл шаруашылығы біз­дің мемлекетіміз үшін басымдыққа ие са­ла болуы керек еді. Елдің бәрін қалаға жи­нап алғаннан не ұттық? Еңбек нары­ғын­да сұраныс пен ұсыныстың арасында дис­ба­ланс қалыптасты. Ол әлі күнге дейін теңес­пей келе жатыр.  Қалада жағдайы дұрыс болмағасын ха­лық­тың да даусы ащырақ шығады. Жер кө­лемі азғантай елдер амалдың жоқ­ты­ғы­нан қалаларын тығыздап, агломерациялық аймағын ұлғайтады. Ұлан-ғайыр даласы бар бізге ондай форманың қажеті не?  Қалада тұрамын деген адамның құқын шек­теуге болмайды, әрине, бірақ жағдай жа­салса, лайықты жұмыспен қамтамасыз етіл­се, ауылда тұрғысы келетіндер де көп бо­лар еді деп ойлаймын. Дәл қаладағыдай жағ­дайы, үйі, жұмысы болса, неге тұрмасқа?!  Ауылдан үдере көшу арқылы біз ұлттық болмысымыздан да ажырап бара жатырмыз. Көп жақсы қасиетіміз өркениеттің аранына жұтылып барады. 

– «Ұлттық болмысымыздан ажырап бара жатырмыз» дегеннен шығады. Қа­зір «әр­кімнің өз шекарасы бар» деген ұғым пай­да болды. Әке-шеше ұлын үй­лен­діре са­­лып, бөлек шығаруға асы­ғады. Өйткені бір­ге тұра алмайды – «ше­карадан» аттап кетуі мүмкін. Бауы­рың­нан өрген ұл-қыздың да «шекарасы» бар. «Әкелер мен балалар» проблемасы бұрын да болды ғой, бірақ қазір осы мә­селе тым күрделеніп бара жатқан жоқ па?.  

– Света екеуміз бас қосқалы ата-анамыз­бен бірге, бір шаңырақ астында тұрып келе жа­тырмыз. Бұл – біз үшін ең үлкен өмірлік мек­теп. Үйленіп, той тарқаған күннің ер­теңі­не әкем оңашалап, ақылын айтып оты­рып: «Біреудің мәпелеп өсірген әп-әдемі ба­­­­ласын үйге әкеліп отырсың. Қабағына кір­бің түсіріп, ренжітіп, құда-құдағиымның ал­дында ұятқа қалдырып жүрме» дегені са­нама жатталып қалыпты. Өзінің бітім-бол­мысымен, өмірлік ұстанымымен, ана­мыз­ға құрметімен, әділеттілігімен әкем өмір бойы балаларына үлгі болды. Аса сирек болса да, үй болғасын ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды ғой, бірақ үл­кен кісілердің көзінше ренжісіп, олардың көңіліне қалай кірбің түсіресің? Үлкендерге аң­ғартпауға тырысып, қабақ түюмен ғана шек­телесің. Сөйтіп жүргенде ашуың тарап ке­теді. Ата-анамен бірге тұрғасын, балаларға алаң­дамайсың. Жұмысың шығып қалса, тар­та бересің. Балаң бағулы, тамағы берулі. Ата-анаңның балаларыңа айтып жатқан ақы­лы саған да артықтық етпейді. Іштей ой түйіп отырасың. Ата-әжесінің бауырында өс­кен бала еркін, бауырмал, көпшіл болады. Ойын ірікпей айтады. Ұрпақтар сабақ­тас­ты­ғы арқылы ата мен әженің өмірлік тәжі­ри­бесі, ұлттың салт-дәстүрі, ағайынмен қа­рым-қатынас тіні балаға, немереге бері­ле­ді. «Шекара» демекші, ата-анамыз еш­қа­шан беделін бұлдап, бізге пікірін күштеп, таңып көрген емес. Жайлап ақылын айта­тын, қалғанын өзің біл дейтін. Осы күні көп айтылатын гендерлік тең­дік деген әу бастан-ақ қазақтың қанында бар дүние ғой. Қазақ қызын құрметтеп, төр­ге отырғызады. Еркелетіп, еркін өсіреді. Ал әуелде имене босаға аттаған келін бірте-бірте сол әулеттің анасына айналмай ма? Төр­кіндеп барған қыздың беделін айтпай-ақ қояйын.  Байырғы қазақ қоғамында жас отбасы ал­ғашқы жылдарда үлкендермен бірге тұ­рып, отбасылық тірліктің қыр-сырын мең­геріп, біраз тәжірибе жинақтаған соң, өзі­нен кейінгі бауыры үйленген кезде ғана ен­шісін алып, бөлек шыққан ғой. Әкенің сө­зі өтімді, ананың сөзі қадірлі заман еді. Қазақ қоғамында бұрынырақта ажырасу өте сирек болатын. Қазір көбейіп барады. Көп бала әкесіз өсіп жатыр. Отбасын асы­рай алмайтын босбелбеу еркек көп. Әйелін ұрып-соғатын жігіт, азаматының басын қор­лайтын әйел қайдан шықты? Демек, ұлт­тық бағыттан ауытқыған қазіргі тәр­бие­де кінәрат бар деген сөз. Бұрын «Шыққан қыз шиден сыртқары» дейтін қазақ әйелі қа­зір «Ішіме сыйған балам, сыртыма да сыя­ды» дейтін болды.  Әлеуметтік желі арқылы өзінің ажы­рас­қан­нан кейінгі «еркін» өмірін дәріптейтін «коучтар», «ұят», «обал» деген ұғымдардың құ­нын кетіріп, күлкіге айналдыратын «да­ныш­пандар» саңырауқұлақтай қаптады. Со­лардың отбасылық құндылықтарды тәр­кі ететін эфирлерін бір мезетте он мыңдаған жас көріп отырады. Қоғам қалайша бұзыл­ма­сын? Идеология дегенді кеңестік қоғамның сарқыншағы деп ұғынатындар көп. Алайда мемлекет үлкен бір отбасы екенін ескерсек, еліміз басқаға еліктемей, тәрбие бағытында ұлттық өрнегі ерекшеленіп тұратын, «ар», «намыс» деген ұғымдарды асқақ ұстайтын идео­логиялық өз жолын айқындауға тиіс.

Мәдениет саласының әрбір өкілі – мемлекеттің идеологы

– Қазір сахнада тұрып боғауыз айта салу түкке де тұрмайтын болды. Мы­са­лы, былтыр Ақтөбеде болған жағдайды алайық. Өткенде өзің әлеуметтік же­лі­де қазіргі киноларда боғауыздың өріп жүретінін айтып, ой қозғадың. Бұған қалай тоқтау салуға болады?

– Біз қазір еркіндікті шектеп жатыр де­ген сөзден қорқып, бәрін бетімен жібер­дік. Мысалы, үй салып жатырмыз делік. Оның архитектурасы қандай, жылуы қалай, электр жүйесі техникалық құжатқа сәйкес пе, құрылыс сапасы дұрыс па – бәрі-бәрі құ­зырлы органдар тарапынан тексеріледі ғой. Ал қоғамдық сананың қалыптасуына әсер ететін мәдениет саласын кім бақы­лай­ды? Менің түсінігімде, мәдениет саласының әрбір өкілі өзін мемлекеттің идеологы деп санауы керек. Ел алдына шыққан өнер ада­мы әрбір іс-әрекетімен, сөйлеу мәнері­мен, сах­налық келбетімен үлгі болуға тиіс. Сах­на­ға шығып сөйлеген әрбір артист, актер тіл байлығымен, дұрыс қойылған дауыс ек­­­­пінімен, тембрімен эталон болуға тиіс. Бала кезімізден Сауық Жақанова, Фарида Шә­ріпова, Мәкіл Құланбаев секілді аға- апа­ларымыздың дауысына сүйсініп, ана  тілі­міз­дің көркемдігіне тамсанып өстік емес пе? Сахна – рухани бағдар, көрерменнің жан дүниесін байытып, ішкі әлеміне қозғау салатын, серпіліс беретін кіршіксіз әлем. Онда боғауыз айту – қылмыс! Қоғамдық сананы улау. Көрерменді сыйламау.  Бізде қазір көп кино түсіріліп жатыр. Ба­ла-шағамен барып, көрейін десең, бе­тің­нен отың шығады. Киноға емес, базарға кі­ріп кеткендей боласың. Өйткені тілі – шұ­барала, көркемдіктен жұрдай, тұнған бы­ла­пыт, боғауыз. Біздің кейбір белгілі актер­лері­­міз де ақшасын төлесе болды, режис­сер­­­дің айтқанына бас шұлғып, көк тиындық құны жоқ дүниелерге түсе беретін заманға келдік. Бұл – қасірет. Осындай «киноны» көр­ген жас ұрпақ не істейді? Бала – сорғыш се­кіл­ді, не көрсе, естісе, сол күйі қабылдайды. Ру­хани кірлейді. Арманшыл болмайды. Мұн­дай өнер әлемінде не қадір, не қасиет қа­лады? Жан дүниесі ластанған қоғам нега­тив­ке бейім болады. Бейбастастыққа заңмен тыйым салынуға тиіс. Мәдениет ешқашан кө­шенің ыңғайымен кетпеуі керек, кері­сін­ше көше мәдениет әлеміне қарап бой түзеуі қажет. 

– Бірақ интернет дамыған заманда көп дүниені заңмен ғана тыя алмайты­ны­мыз анық. Не істеу керек?

– Әрине, жаһандану заманында ешкім де оқшау өмір сүре алмайды. Бірақ жас ұр­пақ­тың бойында иммунитет қалыптастыру үшін ұлттық құндылықтарымызды көбірек на­сихаттауымыз керек. Мектеп қабырға­сын­да ұлттық тәрбие пәні енгізілуі қажет. Ұлты­мыздың қыз балаға құрметі, ұл балаға ар­тылатын сенімі, ата-ана мен бала ара­сын­да­ғы қарым-қатынас, ұлттық киімнің мән-ма­ғынасы, шешендік өнер т.б. қай тілде бі­лім алатынына қарамастан, барлық мектеп ба­лаларының санасына бірдей сіңірілуі ке­рек. Бұл ортақ менталитетті, тәрбиелі қо­ғам қалыптастыруға сеп болады деп ой­лай­мын. Мектеп жасынан бастап баланың бойында талғам қалыптастыру керек. Ба­ла­ларға арналған жақсы дүниелерді кө­бейт­сек, құба-құп.

Әңгімелескен –  Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ