T-Newspaper

«Көрінген сонадайдан Нарын еді...»

сурет: turkystan.kz

Ән мен әншіге қатысты бір көрініс көңілде сақталып қалған-ды. Оған да қырық жыл болыпты. Соны қағазға қаттап, түзіп шығып ек, көптің назарына ұсынып отырған жайымыз бар...

1984 жылдың наурыз айы-тын. Гуревтен (қазіргі Атыраудан) Елемес Мағазов деген әнші жігіт білім же­тілдіру курсына келіп, біздер, Республикалық эстрада-цирк өнері мен опера студияларында оқитын студенттер, түрлі концерттік ұжымдарда қызмет іс­тей­тін артистер тұратын Байзақов пен Жандосов кө­­шесінің қиылысындағы ҚССР Мәдениет ми­нистр­лігіне қарасты жатақханаға орналастық. Содан етене танысып, бір айдай уақыт дәмдес болдық.  Ел-ағаңның сол сапарында айтқан мына ес­те­лі­гі әлі жадымда, былай деп әңгімелеп еді: «Күй­­­табаққа әндер жаздырмақ ниетпен Алматыға кел­гем. 70-жылдардың аяғы болар деймін. Белгілі ақын, композитор Тәжібаев Бәкір ағамыз бен қазақ ды­быс режиссурасының майталманы Мұхитденов Мақ­сат, тағы екі-үш адам бар тобымызда, көшеде әң­гі­мелесіп келе жатқанбыз-ды. Бір кезде Бәкір: «Жі­гіт­тер, әне, Ғарифолла Құрманғалиев келе жатыр, екі жақ­қа бөлініп күтейік!» – деді. Жақындап қалыпты. Сонан қақ жарылып тұра қалдық. Басын шалқақ ұс­та­ған Ғарекең бірімізге де көз салмастан өте шықты. Ұсынған қолымыз ауада асылып қалды. Сәл жүріп барып, кері бұрылды. Күліп келеді. «Танымай жатсам, е, өзіміздің жігіттер екен ғой», – деді әрқайсымызға қол беріп, амандасып жатып. Қуақы екен. Сонан хал-жағ­дай сұрасты, қысқа-қысқа сұрақ-жауаптар болды. Аздан соң Бәкір аға: «Ғареке, мына баланы тыңдап көріңізші, әнші еді!», – деді. Сол кезде жігіттердің бірі ки­мелеп сөзге араласты да көптің ойы басқа жаққа ауып, соны әңгімелеп кетті. Бір уақытта Мақсат аға­мыз: «Ғареке, мына жігітті тыңдап, шама-деңгейін бай­қаңызшы!» – деді Бәкір ағаның манағы өтінішін қайталап. Сонда Ғарекеңнің: «Сендер маған қайта-қайта тың­дап көріңізші дейсіңдер. Жақсы, мен тыңдайын, сон­да бұ бала сендерге ақша бере ме?!» – дегені. Бәрі­міз ду күлдік».  Айта кетейік, Бәкір, Мақсат ағалардың қолдауы­мен жазылған Ел-ағаңның сол күйтабағын Алматыда оқып жүргенде дүкеннен сатып алып ем. Жеке ар­хи­ві­мізде сақтаулы. Күйтабақтың қорап-мұқабасына «Ма­ғазов Елемес» деп таңбаланған. Келесі бетінде: «Ме­лодия», 1981. Алма-Атинская студия грамзаписи, зап­ис 1981. Им. М.Ташмухамедова. Арт. 11-2. Тип. З-да Грамп­ластинок. Зак. 973. Тир. 2000» деп түзілген. Күйтабаққа мына әндер жазылған: «Алтын заң» (әні мен сөзі Б.Тәжібаевтікі), «Нақыл терме» (әні мен сө­зі Қ.Айнабековтікі), «Дала жолдары» (әні мен сөзі Б.Тә­жібаевтікі), «Аршам-ай» (халық әні). ...Бір күні Ел-ағаң екеуіміз Ғарифолла ата Құр­ман­ғалиевтың үйіне бардық. Есікті келіні Рая апай ашты. Аман­дастық. Кіреберіс бөлмедегі ілгішке сырт киімі­міз­ді ілдік те, Ғарифолла атамыздың бөлмесіне еніп кет­кен Рая апайды күтіп, сәл бөгелдік. Көп ұзамай қай­та шыққан ол жылышырай танытып, төргі үйге қа­рай «өтіңіздер» деген емеурін білдірді. Біздер көр­сет­кен бөлмеге кіріп, диванға жайғаса отыр­дық. Аз­дан соң таяғын ты­қыл­датып, әнші қарт та есіктен еніп келе жатты. Үстіне кигені шү­берек­тен тігілген жо­ла­ғы бар жеңіл көй­лек пен шалбар. Сыртынан етек-жеңін, омырау тұсын ою-өрнекпен зерлеген көк шапан жа­мы­лыпты. Аяғында башмақ. Қудай аппақ шашының желке тұсын өсіріп жіберген. Онысы өзіне жарасып тұр. Қолындағы таяғы күнделікті ұстап жүр­генінен өзгешелеу. Бұталы. Сувенир таяқ. Сәндік үшін жа­сал­ғаны байқалады. Келіні сол жақ қол­тығынан демеп ке­леді. Орнымыздан ұшып тұрып, қар­сы жүрдік. Қо­лымызды ұсындық.  – Ассалаумалайкум! – Уалайкумассалам! Иә, амансыңдар ма? Алма-кезек көз тастады да Елемеске: – Уа, қай баласың? – Қолын көлегейлеп, үңіле қара­ды. Енді байқадық. Қарттың оң жақ көзі қып-қызыл. Соңғы уақыттары осы көзінің қан қысымы кө­теріліп, бұлдыр тартып, нашар көретін болып жүр­ген-ді. Жағы суалыңқырапты. Ауру жанына батса ке­рек. Жүзінен қажығандық байқалады. Елемес екеу­міз екі жақтан демеп, диванға отырғыздық.  Елемес өзінің Гуревтен екенін, осында бір айлық курс­қа келгенін баяндап жатыр. – Ә, дұрыс бопты, – деді қарт диванға шалқая тү­сіп, шапанның етегін жинастырып, қымтанып қой­ды. Елемес сол жағына, мен оң жағына жайғастық.  – Кейде түн баласы ұйқы жоқ, – дейді қарт ұстаз бір сәт өз жайына көшіп. – Мына сол жақ қол мен ая­ғым сырқырайды. – Алақанын ашып жұмды. – Бас­қарма болдым. 20-жылдардың аяғы мен 30-жыл­дар­дың бас кезінде. Жаспыз. Күндіз-түні ат үсті... Сол кез­де хром етік кию сән. Құны – бір сиыр. – Қарт езуін тарта сөзін жалғастыра берді. – Әлгіні сықыр­ла­тып киіп жүргенді дәреже көреміз... Қыста аяқты үзең­гі қарып, суық өтіп кеткен ғой әбден, жұқа неме­ден. Жастықта алдырмадық. Енді білініп отыр. Сыр­қырап ауыратыны содан бұның». – Қарт оң қолымен сол жақ аяғының балтырын сипап, қағып-қағып қоя­­ды. Көңілін неше сұрасаң да ылғи осылай қай­та­лап баяндайтын, сырқатының түп себебін түсіндіріп. Аз-маз отырыстан соң қарт: – Ана бөлмеден домбыраны әкелші, – деді маған ие­гімен есік жақты нұсқап. Лып етіп домбырасын әкел­дім де, қорабынан шығардым. Тұрқы өте шағын, мыс­қалдай салмағы жоқ. Елу жыл жанына серік қыл­ған домбырасы... Елемеспен екеуіміз ән салдық. Ұстаз тыңдады. Қай­сыбір кемшілігімізді көрсетіп қояды. Бір уақытта Еле­мес бұрын-соңды көп естілмеген «Нарын» деген ән­ді шырқады. Иірімді. Әуезі тартып барады.  Көрінген сонадайдан оооу, Нарын еді-ай, Көтерген сол Нарынды-ай, сағым еді-ай! Аралап ағайынды ооу, жүргенімде-ай, Салатын ат үстінде-ай әнім еді-ай, уәрида-дай, уаридадай, дарида-дааай.  Қарт әншіге қарап ем, жүзін жас жуып отыр екен. Өтіп бара жатқан ғұмырының алыста қалған қыр­мы­зы күндерінің бір бөлігі есіне түскен болар, сірә...  Ойылдың бойын ен жайлаған Кетелерді, Бөр­тенің Тамаларын, Орынбор жақтағы қалың Жағалбайлыны, Байұлы жайқаған Тайсойған мен Нарынды бәйге бермес ақ сұр атымен аралапты. Жыр айт­қан, ән созған. 20-жылдардың аяғында. Қайда-а, онда отты кезі екен, жасы 18-20 шамасында көрінеді...  Қарт ұстаз әуен сазына берілген, ара-тұра тең­се­ліп қояды.    Қызыл шай, жез самаурын ооу, саздың суы-ай, Сәскеде келуші еді-ай азар қайнап-ай. Күлім көз, оймақ ауыз ооу, бұраң белім-ай, Сол шайды құюшы еді-ай, көзі жайнап-ай, уәрида-дай, уаридадай, дарида-дааай.  Жас Ғарифоллаға да сонда оймақ ауыз, құмар көзі жайнаған сұлудың талайы құйып берген шығар-ау саздың суынан қайнаған шайды, жез самаурыннан!..  Қалай болғанда да Елеместің сазды үні, орындау шеберлігі, әннің әуені мен мазмұны бір-бірімен өзара бек үйлесіп, қарт әншінің көңіл түпкіріндегі өткен дулы күндеріне деген сағынышын оятып жіберген тәрізді... Ол заманда Ел-ағаңның қылшылдап тұрған жас уағы, дауысы бөлек еді!      Ән аяқталған соң жеңімен жасын сүртті. Аз-кем үнсіз отырды да: – Сен бала осы менен оқыдың ғой, – деді Елемеске көзін сүзе тастап. – Жоқ, аға, сіздің әндеріңізді күйтабақтардан үйрендім. – Бала, менде оқыған сияқтысың! – Жоға-ә, аға, кезінде ескермедік... – Ойпыр-ай, ә! Дегенмен ән салуың маған ұнап отыр... Осы сөз Елемеске шуақтай жылылығын берді ме, көңілді. Әнші қартқа «Мына бір әнді қа­лай салады, менікі дұрыс па, тыңдап көріңізші!» дейді де шырқай жөнеледі, содан соң тағы да бір әннің шетін шығарады. Ұстаз да жалығар емес. Көзін жұ­мып, теңселе тыңдайды. Жетіспес жерін айтады. Осы­­­­лайша, едәуір отырып қалыппыз... Біздер хош ай­тысып, жатақханаға қайттық.  Осы көріністі Ел-ағаң кездескен сайын қимас­тық­пен есіне алады... Сол кезде жалындаған отыздағы Елемес Мағазов бү­гіндері жетпістің белесінде жүр. Зырғып жатқан уақыт-ай...

Бөрібай КӘРТЕН,  Ақтөбе қаласы