Су тасқыны: Құтқаруға 4 мыңнан аса адам, 1300 техника жұмылдырылды
Қар ери бастаса, қызыл су әбігерге түсіретін халық үшін көктемнің келуі қуаныштан бұрын қиындық әкеліп отыр.
Қар ери бастаса, қызыл су әбігерге түсіретін халық үшін көктемнің келуі қуаныштан бұрын қиындық әкеліп отыр. Биыл су алған елді мекендер мен ауылдар, су шайған тасжолдар мен теміржолдар жылдағыдан айтарлықтай көп. Үкімет қаңтардан бері отырыс өткізіп, мәселенің алдын алуға қамданғанымен, жағдай қазір ушығып тұр. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәлімдемесіне сүйенсек, Қазақстанның 10 өңірінде су тасқыны болуы мүмкін. Қазір құтқарушылар күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Көктемгі су тасқынына қарсы қандай шаралар қолға алынды? Облыстардағы жағдай қалай?
Қауіп сейілген жоқ – ТЖМ
27 наурызда Бас прокуратурада су тасқыны бойынша барлық мүдделі органдардың – ТЖМ, ІІМ, Экология министрлігі мен Қазгидромет қатысуымен ведомствоаралық жедел кеңес өтті. Төтенше жағдайлар министрлігі қазіргі жағдайды баяндап берді. Министрлік өкілінің айтуынша, Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, сондай-ақ Абай, Ұлытау облыстары қиын жағдайда тұр. Қостанай облысында су тасқынына байланысты Арқалық, Амангелді, Жангелдин аудандарында төтенше жағдай жарияланды. Бұған дейін Орал қаласында төтенше жағдай режимі енгізілген. Республикалық және 12 облыстық штаб ашылған. Сенім телефоны жұмыс істеп тұр және тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған. Жергілікті әкімдіктер, полиция және төтенше жағдайлар органдары су басқан нысандарды сорып алу және хабарламаларды қалпына келтіру бойынша шұғыл жұмыстар жүргізуде. 28 наурыз күнгі жағдай бойынша, еліміз бойынша 297 тұрғын үй су астында қалған. Республика бойынша 100-ден астам тасқын тіркелген, 18 жолды су шайып кеткен, екі көпір бұзылған. Өткен тәулікте су басқан аймақтардан 1 431 адам эвакуацияланған, 312-сі – бала. Кейбір аумақта тұрғындар қауіпсіз жерге тікұшақпен жеткізілген. Құтқару-іздеу жұмыстарына 4 мыңнан астам адам, 1300 техника жұмылдырылған. Батыс Қазақстан облысында аумақтық қорғаныс бригадасының жүзден аса әскери қызметшісі су басуға қарсы жұмыс жүргізу үшін Орал қаласына барды. – Қабылданған шараларға қарамастан, осы аймақтарда тұрғын үйлерді, аула аумақтарын және жертөлелерді су басып жатыр. Ауа райының тұрақсыздығын, соның ішінде нөсерлі жаңбыр, ауа температурасының көтерілуін ескерсек, алдағы күндері су басу қаупі сақталады, – деп мәлімдеді ТЖМ. Сондықтан кеңесте гидротехникалық құрылыстардың жай-күйі, елді мекендерді, жолдар мен көпірлерді инженерлік қорғау, тұрғындарды уақтылы эвакуациялауды қамтамасыз ету, эвакуациялау пункттерінің дайындығы, алғашқы медициналық-әлеуметтік көмек көрсету мәселелері де талқыланды. Халықты ескерту жүйелерінің (сиреналар, жергілікті ескерту жүйелері және тағы да басқа) үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету қажеттілігіне ерекше назар аударылады. Кеңес қорытындысы бойынша облыс прокурорлары мен уәкілетті мемлекеттік органдарға бірлесіп тұрғындардан түсетін сигналдарға барынша ден қою және су тасқынынан зардап шеккен адамдарға көмек көрсетуге байланысты жедел шара қабылдау қажеттігі айтылды. 28 наурызда Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов елдегі су тасқынына байланысты үндеу жасады. – Кеше республика бойынша су тасқыны жағдайының күрделенуіне байланысты министрліктің барлық бөлімшесі күшейтілді. Өңірлерде әкімдіктермен бірлесіп, су басуға қарсы іс-шаралар өткізіліп жатыр. Қосымша күштер мен құралдар ең күрделі аймақтарға бағытталды. Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай облыстарында жедел желі телефоны жұмыс істейді. Қазіргі уақытта су тасқыны салдарын жою бойынша жедел ден қоюдың барлық қажетті шаралары қабылданып жатыр, – деді Шыңғыс Әрінов.
Ешкім көмексіз, назардан тыс қалмайды – Үкімет
Премьер-Министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау барысымен танысу үшін Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барды. СҚО-ға жұмыс сапары алдында Үкімет басшысы Олжас Бектенов өңірлердің әкімдері мен Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтің су тасқыны жағдайын бақылау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы есептерін тыңдаған болатын. Премьер-Министр Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігіне жоспарланған барлық алдын алу іс-шараларын аяқтауды, ал ТЖМ-ға су тасқыны жағдайы ушыққан жағдайда күштер мен техниканы жұмылдыруды тапсырды. – Өздеріңіз көріп отырғандай, еліміздің бірқатар өңірлерінде су деңгейі көтеріліп, су тасқыны орын алды. Барлық күштер жұмылдырылды. Республикалық және өңірлік жедел штабтар тәулік бойы жұмыс істеуде. Қазіргі таңда Төтенше жағдайлар, Ішкі істер, Қорғаныс министрліктері мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнаулы күштері мен құралдары – барлығы 4 мыңға жуық адам, 1,3 мыңнан астам техника су тасқынына қарсы жұмыстарға тартылды. Жол қатынасы қиын жерлерде адамдар тікұшақтармен эвакуациялануда. Жұмыстар қауіп толық сейілгенше жалғасатын болады. Жағдай қатаң бақылауда. Зардап шеккендерге Үкімет және әкімдік тарапынан қажетті көмек көрсетіледі, – деді Олжас Бектенов.