T-Newspaper

Тапшылықтың бәрі жоқшылықтан емес

сурет: Zakon.kz

2023 жыл­дың қорытындысы бойынша Мем­лекеттік бюджет тапшылығы 2,8 трил­лион теңгеге жетіп, 30 пайызға артқан. Ал Бірінші кредиттік бюро хабар­лауын­ша, өткен жылы мемлекеттік бюджет шы­ғыстары бір жыл ішінде төрттен бір есе өскен. Оны Қаржы министрлігінің де­рек­тері де растап отыр.

Былтыр жыл қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджет тапшылығы 2,8 триллион теңгеге жетті. Қаржы министрлігінің дерегіне қарасақ, тапшылық 30 пайызға артқан.  Жалпы, кірісімізден шығысымыз көп екені – талайдан бергі өзекті мәселе. Жақында Президент Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда да бюджет қаражатын тиімді пайдалану мәселесін көтерген болатын. 

Оңды-солды шашуға болмайды

Мемлекет басшысы Ұлттық құ­рыл­тайда бюджет қаржысын оң­ды-солды шашпай, ең қажет деген жо­балар мен маңызды мәселелерді ше­шу­ге ғана жұмсалуға тиіс екенін нақты айтты.

– Тағы бір мәселе – бюджет қаржысын үнемдеу. Үкімет бұл мә­се­лені әрдайым басты назарда ұстауға тиіс. Қазір бюджеттің кірісі мен шығысы қайта қаралып жатыр. Қаржыны оңды-солды жұм­сауға болмайды, бұл – ақиқат. Мемлекеттік мекемелердің бюджетін тек­серіп отырмаса, шығыстары ұлғая береді. Мұны қатаң бақылауда ұстау керек. Тағы да қайталап айтамын. Қаражат ең қажет жоб­а­лар­ға, ең маңызды мәселелерді шешуге жұмсалуы қажет, – деді Пре­зидент.

Иә, қазір бюджеттің кіріс-шы­ғы­сы қаралып, қайта сараланып жа­тыр. Үкімет Президенттің тап­сыр­ма­сы­мен жаңа Бюджет кодексінің жо­ба­сын әзірледі. Құжатты 10 қазан күні Ұлт­тық экономика вице-министрі Аза­мат Әмрин Парламентке таныс­тыр­ды. Ал Мәжілістің былтырғы 27 жел­тоқ­сан күнгі жалпы отырысында «Бюджет ко­дексі туралы» заң жобасы екінші оқы­­­лым­ға өткен болатын.  Жаңа Бюджет кодексінің жобасы бұ­рын қабылданған 2030 жылға дейінгі мем­лекеттік қаржыны басқару тұжы­рым­дамасына негізделген. Үкіметтің ақ­паратына сүйенсек, жаңа Бюджет ко­­­дексінің жобасымен жұмыс істеу оңай­ға соқпаған, әрі көп уақытты қажет етіп­ті, өйткені ол үшін жан-жақты тал­дау, озық әлемдік тәжірибелерді зерттеу ке­рек болғаны айтылды. Халықаралық та­лаптарға сәйкестікті қамтамасыз ету және бюджеттік процестерді модельдеу мақ­сатында ХВҚ сарапшылары шақы­ры­лыпты. Новеллалар жұртшылықпен және бюджеттік процеске қатысушы­лар­дың өздерімен бірнеше рет талқы­лан­ған. Жалпы, құжатта негізінен оң­тай­ландыру, үнемдеу, жауапкершілік, же­делдік сияқты мәселелер қарасты­рыл­ған.  Дегенмен сол кезде бірқатар депу­тат жаңа кодекстің негізгі мәсе­ле­лерді шеш­пейтінін айтып, сынға да ал­ды. Кем-кетігіне тоқталды. Алайда айтылған сын мен ескертпелер назарға алынса, бұл құжат әуелгі мақсатқа жеткізетіндей құқықтық-реттеуші негіз болатынына сенім бар. Ал даңғазалық пен малшашпақ­тық­тан қашып, бюджет қаржысын үнемді әрі жүйелі жұмсауға дағдылану – сол не­­гіз­ді берік қалыптастырудың алғы­шар­ты.

5 жылда бюджет тапшылығы 11 триллион теңгеден асқан

Бюджет тапшылығы мәселесін Пре­зи­дент былтыр жыл аяғына қарай өт­кен Үкіметтің кеңейтілген отырысында да көтеріп еді. Сол кезде 5 жылдағы тап­­­шылық 11 триллион теңгеден асып кет­кенін айтқан. 

– Бюджет және салық саясатының тиім­ділігін барынша арттыру қажет. Соң­ғы бес жыл ішінде бюджет тапшы­лы­­ғы 11 триллион теңгеден асып кетті. Сон­­дықтан бюджетті тиімді басқару жә­не оның өлшемдерін неғұрлым дұ­рыс болжау Үкіметтің алдында тұрған бас­ты міндет болып қала береді. Қаржы ми­нистрлігі былтырғы табыс жоспарын алдын ала төленген осы жылдың са­лық­тары есебінен орындағаны белгілі. 600 мил­лиард теңге көлемінде қосылған құн салығын қайтару уақытша тоқта­тыл­ды. Демек, бюджет мәселелері биз­нес­тің айналымдағы қаражаты есебінен шешілді, – деген еді Мемлекет басшысы.

Әлі шешімін таппаған тағы бір мә­селе – бюджетті бөлу тәртібі. Ол эко­но­ми­калық белсенділікті арттыруға ба­ғыт­талмаған. Президенттің сол кезде айт­қанын негізге алсақ, қаражат күн­де­лікті мәселелерді шешуге жұмсалады, ст­ратегиялық мақсаттар соның көлең­ке­сінде қалады.  Үкімет шығыстардың эконо­ми­ка­лық пайдасы барынша жоғары болуына ба­са мән бере отырып, оның нақты ба­сым­дықтарын айқындауы керек. Қазір жаңа Салық кодексі әзірленіп жа­тыр. Бұл құжат инвесторларға қолайлы жағ­дай жасау мен бюджетке қажетті кө­лемде қаржы түсірудің арасында кө­кейге қонымды теңгерім болуын қам­та­масыз етуі керек. Алайда, бизнес қауым­дастығында бұл құжат, ең алдымен, са­лық мөлшерлемесін өсіруді көздейді де­ген пікір қалыптасып отыр. Қазақ­стан­да түпкі мәні өзгеріп кеткен қосыл­ған құн салығының өзін реформалау қа­жет. Оны 12 пайыздан 16 пайызға дейін көтеру мәселені шешпейді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент сарапшылар қосылған құн салығын көтеру көлеңкелі эко­­номиканың үлесін арттырып, ин­фля­цияның өсуіне әкеп соқтыруы ық­ти­мал деп орынды пікір білдіріп жат­қа­нын айтты.

– Бұл қадам еліміздің инвес­ти­ция­лық тартымдылығына да кері әсер етуі мүм­кін. Бұрынғы Үкімет Ұлттық қордан бө­лінетін трансферттің орнына салық­ты көтеріп, қазынаға қосымша қаржы түсіреміз деген уәжді алға тартатын. Жаңа Салық кодексін әзірлеу барысына Мем­лекет басшысы ретінде менің көңі­лім толмайды, – деген еді.

Осылайша, кейін­нен Премьер-Министр қосылған құн салығының мөлшерін өсіру туралы бас­тамадан бас тартатынымызды мә­лім­деген еді. Бұған дейін Үкімет ҚҚС-ның түсімдерін бюджетті толтыратын маңызды көзге балап отырғанын жаз­ған болатынбыз. Былтырғы 7 айдың қо­рытындысы бойынша салық түсім­де­рінің ішінде ең үлкен өсім осы ҚҚС-да байқалған еді. 2022 жылғы сол кезең­мен са­лыстырғанда ҚҚС түсімдері 822,1 мил­лиард тең­геге, 39 пайызға өскен.  Жал­пы, былтыр жыл қорытындысы бойын­­ша бюджетке түскен 24,9 трил­лион теңгенің төрттен үш бөлігін – 18,9 триллион теңгесін салық түсімдері құраған. Соның ішінде, КТС-дан – 5 триллион теңге және ҚҚС-дан – 5,7 трил­лион теңге түскен. Ал Ұлттық қордан алынған трансферт үлесі – 16 пайыз (4 триллион теңге).  Негізінен, тапшылықтың ұлғаюы бюджет шығысының едәуір өсуі­не, ал кірістің айтарлықтай артпа­ға­нына байланысты деп тұжырымдауға болады. Сөз басында айтқанымыздай, 2023 жыл­дың қорытындысы бойынша Мем­лекеттік бюджет тапшылығы 2,8 трил­лион теңгеге жетіп, 30 пайызға артқан. Ал Бірінші кредиттік бюро хабар­лауын­ша, өткен жылы мемлекеттік бюджет шы­ғыстары бір жыл ішінде төрттен бір есе өскен. Оны Қаржы министрлігінің де­рек­тері де растап отыр. 

Қай салаға көп қаражат жұмсалады, қай салаға – аз?

Жалпы, шығыстардың негізгі бөлігі бі­лім беру саласына жұмсалыпты. 2023 жылы бұл салаға 5,8 триллион теңге бө­лінген. Ал әлеуметтік көмекке 5,3 трил­лион теңге жұмсалыпты. Сондай-ақ білім саласына әлеуметтік көмекке қара­ғанда өткен жылы көбірек қаражат бө­лінген. Біріншісінің көрсеткіші 28,4 пайыз болса, екіншісі – 17,5 пайыз. Үшінші орында – Денсаулық сақтау са­­ласы, салаға былтыр 2,5 триллион тең­­ге бөлінген. Одан кейін 1,92 трил­лион теңгемен ТКШ саласы тұр, бұл са­­ла­ның көрсеткіші бір жылдағы шы­ғыс­тың 47 пайызға өскенін көрсетеді.  Шығысы ең жылдам көбейіп келе жат­қан салалар қатарында «Борышқа қыз­мет көрсету» бағыты бар – 1,87 трил­лион теңге. Өсу қар­қыны – 37 пайыз. Бір қарағанда түсініксіз көрінетін термин бел­гілі бір уақыт аралы­ғын­дағы сыйақы­ның, комиссия, айыппұл және қарыз алу шарттарынан туындайтын өзге де тө­лемдер жиынтығының ортақ атауы. Мемлекет қорғаныс шығындарын ең аз өсірген. Бір жыл ішінде сала шы­ғы­сы тек 5,1 пайызға, 1,2 триллион тең­­­­геге дейін өскен. Мемлекет өнеркәсіп және құрылыс са­лаларына, отын-энергетика кешені мен жер қойнауын пайдалануға, сон­дай-ақ мәдениет, спорт және туризм са­лаларына ең аз қаражат жұмсайды. Бір­ақ «отын-энергетика кешені және жер қойнауын пайдалану» шығындары аз болғанына (343,6 миллиард теңге) қарамастан, 2022 жылғымен салыстыр­ғанда бір жарым есе өскенін айтып өт­кен жөн.

Қазынамызды қалай толтырамыз?

Депутат Мархабат Жайымбетов биыл елімізде тағы да бюджет тап­шылығы болуы мүмкін екенін ай­тады. Депутат қазынаны толтыруға бай­ланысты өзінің нақты ұсынысын жет­кіз­ді. Ол қосылған құн салығын өсіру емес, салық жеңілдіктерін оңды-солды бере беруге болмайтынын алға тар­тып отыр. Бұл мәселені шешу үшін ол ква­зисектордың таза пайдасын бюд­жетке беруді және салық жеңілдіктерін 30-50 пайызға дейін қысқартуды ұсын­ды. Ал экономист Мақсат Сералы кө­леңкелі бизнесті жарыққа шығаруға күш салуға тырысу керек екенін айтады. Сонымен қатар шағын және орта биз­нес­ті ынталандыруға ден қою керек деген пікірін жеткізді. 

Мархабат Жайымбетов, Мәжіліс депутаты,  Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі:

Кейбір салық жеңілдіктері тиімділігін көрсетпей жатыр

– Қазынамызды қалай толтырамыз? Осы сұрақ төңірегінде Премьер-Министр Олжас Бектеновке депу­таттық сауалымды жолдаған болатынмын. Айтқанымдай, биыл да елімізде бюджет тапшылығы болу қаупі жоғары. Бүгіннің өзінде, бюджетті толтыру бойынша көрсеткіштер көңіл көншітпейді. Еліміздің биылғы шығыны – 24 триллион теңге. Оның 16,5 триллион теңгесі – табысымыз, 3,6 триллион теңгені Ұлттық қордан аламыз, 4 триллион теңге құнды қағаздарды шығарудан түсіп отыр. Яғни, тапшылық 7,5 триллион теңге болып отыр. Өкілетті органдар «асықпай арбамен қоян аламыз» деп жүргенде, арбамыздың дөңгелегі сына ма деп қатты алаңдаймыз. Алдымен, квазимемлекеттік сектордың таза пайдасын бюджетке беретін уақыт кел­ді. Осы секторға жақсы аналитикалық талдау жасап, дұрыс жолға қойса, қазы­на­мызға  ең кемі 3 триллион теңге түсіруге болады.  Екіншіден, квазимемлекеттік сектордың сатып алу жүйесі мен механизмдерінде  әлі де ашықтық жоқ. Мәселен, ұлттық компанияларға құны 1,6 миллиард теңге бо­ла­тын чартерлік рейстер не үшін қажет? Келесі мәселе – салық жеңілдіктерінің тиімділігін арттыру және олардың са­нын оңтайландыру. Мемлекет басшысы 2023 жылғы Жолдауында «Салық жеңіл­діктерін беру тәртібін реттеу қажет. Жиналмаған салық – салынбай қалған ауру­ха­налар, мектептер мен жолдар деген сөз. Салық жеңілдігін сын көзбен зерделеп, оның көлемін кем дегенде 20 пайызға қысқарту қажет», – деген болатын.  Мемлекеттік кірістер Комитетінің дерегіне сүйенсек, қолданылған салық жеңіл­дік­тер сомасы 2022 жылы 9,5 триллион теңге болған. Бұл – бюджетке түспеген қар­жы. Басты кемшілік  –жеңілдіктердің саны мен құрылымы пысықталмаған және жеңілдіктер белгісіз мерзімге, ешқандай мақсатты индикаторларсыз енгізілген. Салық кодексіндегі жеңілдіктердің саны – 485. Бұл – айтарлықтай көп. Біз алдымен 30 пайызға  қысқартсақ, шамамен бюджетке 1,3 триллион теңгеге дейін қаражат түсіруге болады. Мұны тереңірек зерделесек, болашақта 50 пайызға  жет­кізуге болады деп ойлаймын. Расымен, кейбір салық жеңілдіктері тиім­ділік­терін көрсетпей жатыр. Кәсіпкерлер жеңілдік алса да, өнімнің бағасын түсірмей отыр. Мемлекет беретін жеңілдік іс жүзінде импорттаушылар мен сатушылардың ком­мерциялық мүдделеріне ықпал етеді, ал бюджетке кіріс келтірмей отыр. Кө­біне, жеңілдіктерді алатын – ірі компаниялар.   Яғни, қорыта айтқанда, салық жеңілдіктеріне толық ревизия жасап, шетелдік тә­жірибені қарап, алдымен 30 пайыздан астамын қысқарту қажет. Яғни, 150-ге жуық түрін қысқарту керек. Ұлттық қордан қайта-қайта қомақты қаржы алмау үшін жиналған қаржыны тиімді басқару процесін жетілдіріп, квазимемлекеттік сек­тордың таза пайдасын 100 пайыз бюджетке беру қажет. Ұлттық ком­па­ния­лар­дың, әсіресе «Самұрық-Қазына» қорындағы тендерлерді – бірыңғай мем­лекеттік сатып алу жүйесіне көшіріп, мемлекеттік сатып алу заңының қолданылу аясына ауыс­тыру қажет. Сонда ғана 100 пайыз ашықтық пен әділеттілікті қамтамасыз етіп, шығындарды болжап, кірісті көбейте аламыз.

Мақсат Сералы, экономист:

Мемлекеттік бағдарламалар қаншалықты жемісті екенін саралау керек

– Бюджет тапшылығын реттеу, бюджетке түсетін түсімдерді кө­бейту үшін бірқатар жұмысты қолға алу қажет. Мәселен, көлең­келі экономикадағы бизнесті жарыққа шығарып, заңдастыруға ты­рысу қажет.  Бұл нені білдіреді? Біз олардың салық төлеуіне қо­лайлы жағдай жасауымыз керек. Еліміздегі көлеңкелі бизнестің үле­сі өте жоғары. Шамамен экономикадағы бизнестің үштен бірі – көлеңкелі экономика десек, жаңылыспаған болар едік. Содан соң осы уақытқа дейін ұрлаған, тонаған шетелге капитал шығарған, салықтан жалтарған байлар бар, кәсіпорындар бар. Қаншама миллиардтаған қаражат шетелге кетті. Қазір жұмыс жүріп жатыр, дегенмен біз осы бағыттағы да жұмысты күшейтуіміз керек.  Сондай-ақ қазір елімізде 2 миллионға жуық шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген. Дегенмен де, олардың тек қана 1 миллион 400 мыңға жуығы ғана нақты жұмыс істеп тұр. Яғни, аты бар, заты жоқ. Олардың жұмысы неліктен тоқтап тұр? Неліктен олар жабылып қалып жа­тыр? Соның себебін анықтап, оларды да жұмыс істеуге ынталандыруымыз керек. Олар да – біздің салық төлеушілеріміз. Салық төлеу мәдениетін, тәртібін қалыптастыруымыз керек.  Одан бөлек, бюджет бағдарламалары бар, Ұлттық қордан бөлініп жатқан қаражат бар, соның барлығы жан-жақты саралануы керек. Соның ішінде, нақты бағдарламалар қаншалықты мақсатты түрде жүргізіліп жатыр, қайтарымы қандай болып жатыр, оны да қарауымыз керек. Яғни, бұл қадамдар мен бастамалар Үкіметке қаншалықты қажет деген сұраққа жауап іздеу керек. Себебі қазіргі мемлекеттік бағдарламалардың біразын алып қарайтын болсақ, көптеген сұрақ туындайтын мәселе бар. Барлығын саралап, экономикалық талдау жүргізу аса маңызды.

Қорыта айтқанда, жаңа құжат жалпы бюджет тапшылығын ғана емес, бюджет төңірегіндегі өзекті мәселелерді реттеуі қажет. Одан бөлек, жанама құралдарды, әдіс-тәсілдерді ойластыру да аса маңызды. Үнемдеу мен ұқсата білу, қаржыны өз мақсатына жұмсау қай жағынан алып қарағанда да қажет болып тұр, себебі біздегі бюджет тапшылығы анық жоқшылықтан емес.