Жаңалықтар

Түркістан Самарқанның көк тасы еріген күнді жаңғыртты

Наурыз мерекесі қарсаңында Әзірет Сұлтан әуежайының ұшу картасы тағы бір халықаралық әуе рейсімен толықты.

«AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған Сайлауалды бағдарламасын іске асыруда Түркістан облысы бойынша атқарылатын міндеттер партияның өңірлік филиалы қабылдаған Жол картасында көзделген. Осы құжаттың маңызды тармағы ретінде туризмді дамыту жөніндегі басымдықтар айқындалған.

Өңірдің туристік танымалдылығын арттырып, туризмге негізделген бірегей экономикалық құрылымды қалыптастыруда Түркістандағы Халықаралық Әзірет Сұлтан әуежайына үлкен үміт артылатыны белгілі. Дала өркениетінің жауһары, қазақ тарихының алтын тамыры болған шаһардың әуе айлағы отандық туризмді ілгерілетуге мейлінше үлес қосуы керек деп белгіленді.

Осы міндет шеңберінде әуежайдың халықаралық рейстер санын ұлғайту және ұшу географиясын кеңейту жұмыстары партия айқындаған Жол картасының іс-шаралар тізбегіне енді. Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесі қарсаңында Әзірет Сұлтан әуежайының ұшу картасы тағы бір халықаралық әуе рейсімен толықты. Түркістаннан Самарқанға қарай 80 жолаушысы бар алғашқы ұшақ көкке көтерілді. Осылайша, бүкіл табиғат ананың тоңы жібіп, жаны кіретін тіршілік басы саналатын ғажап сәттегі қазақ халқы ежелден біліп айтқан «Самарқанның көк тасы еріген күн» шынға айналды.

Түркістанның тұмарына айналған Қожа Ахмет Яссауи кесенесін Әмір Темір тұрғызған болса, Самарқан төріндегі Гур Эмир кешені – Әмір Темірдің мәңгілік дамыл тапқан топырағы. Орталық Азиядағы көне қалалардың тарихи байланысы енді туристік ынтымақтастықпен жалғасын табатын болады.

Айта кету керек, Мемлекет басшысы ата-бабаларымыздың рухын туризмнің озық үлгілері арқылы дәріптеуіміз керек дегенді айтқан болатын. Өңіріміздегі тарихы тереңге бойлайтын Түркістанның, Отырардың, Сауранның ежелден қалған іздері отандық туризмнің дамуына серпін берері айқын. Отырартөбе, Күлтөбе қалашықтарының орны, Әзірет Сұлтан қорық-музейі, Қожа Ахмет Яссауи, Жұма мешіті, Есім хан, Рабия Сұлтан Бегім тарихи ескерткіштері бүгінгі және келешек ұрпақтардың алтын мирасы ретінде халқымыздың мақтанышы болып қала берері сөзсіз.

«AMANAT» партиясы тарихымызды дәріптеу, руханиятымызды жаңғырту бағытындағы бастамаларды әрі қарай да жалғастыра беретін болады.

Назгүл НАЗАРБЕК,

Түркістан облысы