Жаңалықтар

Павлодар облысында үш әкімге сөгіс жарияланды

egemen.kz

Бүгінгі таңда облыс бойынша 14 қауіпті учаске бақылауға алынып, 133 адам, 51 арнайы техника, 35 мотопомпа жұмылдырылды.

Павлодар облысында үш әкім сөгіс алды. Олар су тасқынына қарсы шаралар жүргізбеген, деп хабарлады turkystan.kz Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

Өңірдегі 14 қауіпті аумақ облыс әкімінің жеке бақылауында. 27 наурызда Павлодар облысының әкімі қалалар мен аудандардың әкімдерімен су тасқыны жағдайы бойынша жиналыс өткізді. Су тасқыны жағдайына ерекше назар аударылғанына қарамастан, бірқатар әкім бұл тапсырманы орындамаған және су тасқынына қарсы қажетті іс-шараларды тиісті деңгейде жүргізбеген. 

«Бұған дейін осы мәселені талқылау барысында барлық әкімдерге қарды уақтылы шығару және тұрғын үйлерді су басып қалуына жол бермеу үшін жеке бастарымен жауапты екендерін ескерткен болатынмын», – деп жазды аймақ басшысы өзінің  Telegram каналында. 

Бүгінгі таңда облыс бойынша 14 қауіпті учаске бақылауға алынып, 133 адам, 51 арнайы техника, 35 мотопомпа жұмылдырылды. 

«Павлодар мен Тереңкөл аудандарының, сондай-ақ, Ақсу қаласы әкімдерінің жұмысын қанағаттанарлықсыз деп санаймын. Су тасқынына қарсы іс-шараларды жүргізудегі бақылаудың әлсіздігі үшін оларға қатаң сөгіс жарияланды», – деді Асайын Байханов. 

Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша барлық су тасқынына қарсы іс-шаралар тәуліктік режимге ауыстырылды және сағат сайын ағымдағы жағдай туралы есеп беріледі.