Жаңалықтар

«Жалғыз амал осы»: Наркенже Серікбаева өмірден өткен анасына жазба арнады

Наркенже Серікбаева. Фото: YouTube/скриншот

Өнер иесі анасы бар өмірін балаларына арнағанын жазды.

Дәстүрлі әнші Наркенже Серікбаеваның анасы бірнеше күн бұрын өмірден өтті. Өнер иесі Instagram-дағы парақшасында анасына жантебірентерлік жазба арнады. 

«Ана! Жаным, асылым! Сенің мына өмірде жоқ екенің жаныма батады. Кеудемді өксік кернейді. Енді менің басымнан сипап, маңдайымнан сүйіп, жолыма кім қарайды? Кім еркелетеді? «Анам бар» деп арқа сүйейтін едім. Әлі де сене алар емеспін. Өзіңсіз өткен бір күнім - ғасырға тең. Үміт оты соңғы сөнеді деген рас екен ғой. Ұйықтап жатыр, оянады, әлі жүз жасайды деген үмітпен жүрдім. Амал қанша, Алланың үкімі. Қарсы келе алмаймыз. Бәріміз қайтушымыз. Мекенің жұмақ болсын, жәннатым. Бар өмірін балаларына арнап, маңдай тер, табан етін тоздырып, өсіріп жетілдірген, қанша қиындық көрсе де, өміріне шағымдануды білмейтін, шүкіршілігін үзбеген - аңыз адамым менің!

«Біз» деп өмір сүріп, ең жақсысын бізге сыйлап кете бардың-ау! Осы күнге жеткенім алдымен Алла, одан кейін сенің дұғаңның арқасы еді. Маған бақытты өмір, қандай жағдайда да жанымнан табылып, қолдау көрсететін бауырларымды сыйладың. Жанымды жұбатар жалғыз амал осы, анашым. Енді тек дұғамдасыз, жүрегімдесіз. Сіздің берген тәрбиеңіз, әр айтқан сөзіңіз менің өмірлік азығым. Алла рақымына бөлесін, жан анам», – деп жазды Наркенже Серікбаева.