Жаңалықтар

«Жағдай ерекше назарда»: Бектенов СҚО-дағы су тасқыны салдарына қатысты жұмыстармен танысты

Үкімет басшысы Төтенше жағдай министріне су тасқыны жағдайы ушыққан жағдайда күштер мен техниканы жұмылдыруды тапсырды.

 

Үкімет басшысы Олжас Бектенов Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барды. Үкімет басшысы бағдарлама шеңберінде коммуналдық-энергетикалық сектор және жол инфрақұрылымы нысандарының, сондай-ақ бірқатар жеңіл және өңдеу өнеркәсібінің, атап айтқанда, ауыл шаруашылығы машина жасау кәсіпорындарының жұмысымен танысатын болады.

Жұмыс сапары барысында өңірдегі су қоймаларының жай-күйі мен су тасқынына қарсы іс-шараларды сапалы әрі уақтылы жүргізу жұмысына ерекше назар аударылды. Солтүстік Қазақстан облысы су тасқыны қаупі бар аймаққа кіреді. Облыстың негізгі су көзі – Есіл өзені үш су қоймасы: Астана, Сергеев және Петропавл су тораптарымен реттеледі. Үкімет басшысы Петропавл су торабына барып, су қоймасының ағымдағы жағдайын тексерді.

Қазіргі уақытта ол қалыпты жағдайда және штаттық режимде жұмыс істеп тұр.

 Су тасқыны кезеңінде су қоймасы алгоритмге сәйкес жұмыстың «транзиттік режиміне» ауыстырылады және тасқын сулардың өтуіне әсер етпейді. Сонымен қатар Олжас Бектенов өткен жылдың сәуір айында шамадан тыс толып кеткен Сергеев су қоймасының жағдайына назар аударды.

Премьер-Министр Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігіне жоспарланған барлық алдын алу іс-шараларын аяқтауды, ал ТЖМ-ға су тасқыны жағдайы ушыққан жағдайда күштер мен техниканы жұмылдыруды тапсырды.

СҚО-ға жұмыс сапары алдында Үкімет басшысы Олжас Бектенов өңірлердің әкімдері мен төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтің су тасқыны жағдайын бақылау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы есептерін тыңдады.