Байқоңырға алғашқы қада қаққандар (Ғибратты ғұмыр)

Байқоңырға алғашқы қада қаққандар (Ғибратты ғұмыр)

Байқоңырға алғашқы қада қаққандар (Ғибратты ғұмыр)
ашық дереккөзі

Редакциямызға Мағрипа Ескендірқызының өзі хабарласты. Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында жолдасы, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Батыс, Орталық, І және ІІ Беларусь майдандарында жаумен аянбай арпалысқан жауынгер, соғыстан кейін Байқоңыр ғарыш айлағының алғашқы қадасын қаққан ардагер Қален Тоқмұхамедов туралы естеліктерімен бөліскісі келетінін айтты. Телефон қоңырауынан соң көп ұзамай Мағрипа апаның шаңырағында қонақ болып қайттық. Қален Құсайынұлының өнегелі өмірін ынта-шынтысымен баяндаған апамыз біз хатқа түсіретін әңгіменің негізгі кейіпкеріне айналамын деп ойлаған да жоқ. Баратынымызды бір сағат бұрын ескертіп қойғанбыз. Шұғыл шаруалар шығып, редакцияда біраз бөгелуге тура келді. Әйтпесе Сейфуллин мен Сәтбаев көшелерінің қиылысындағы үйге 10-15 минутта жетеміз деген ішкі есебіміз мүлт кеткен жоқ. Шайын қойып, бәлішін пісіріп қойған Мағрипа апа біздің жолымызға қайта-қайта қарап, күдерін үзе бастаған екен. Есік қоңырауы шырылдағанда ғана көңілі орнына түсіпті.

– Кеңселері мына тұрған жерде еді ғой, неге жете алмай қойды деймін. Абайдың бойында емес пе редакцияларың?

– Иә, Гагарин көшесімен қиылысар тұста.

– Төрлетіңдер! Шай суып қалған шығар, қайта қойып жіберейін, – деп Мағрипа апамыз бізді қонақ бөлмеге жайғастырды да, өзі асүйге бет алды. Жасы сексен сегізге келген апамыз сәл аяңдап жүретіні болмаса, үйдегі шаруаның бәрін өзі жайғастыра береді екен. Дастарқанынан талай генерал мен академиктер дәм татқан ғазиз ананың қолынан шай ішу бақыты бізге де бұйырды.

«Бізді Байқоңыр шыңдады»

Мағрипа апа әңгімесін 1946 жылдан, соғыстан аман-есен оралған жауынгер – Қален атамен алғаш танысып, көңіл жарастырған кезеңнен бастады.

– Соғыс аяқталған соң майданда табандылығымен, ұйымдас­тырушылық қасиеттерімен ерекше көзге түскен Қалекең командирлердің ұйғаруымен қарулы күштердің қатарында қалған. Сөйтіп 1945 жылы Смоленскіге, Қызыл армия үгітшілерін даярлайтын әскери-саяси училищеге оқуға жіберіледі. 1946 жылдың сәуірінде училищені тәмамдап, ауылына келеді. Мен ол кезде Ташкенттегі медицина институтында оқып жүрген болатынмын. Бір күні Қалекең жеңгелерін ертіп, біздің институтқа келді. Жеңгелері мен туралы әбден сұрастырып, сыртымнан құда түсіп қойған болуы керек. Соғысқа ерлік көрсеткен жауынгерлердің суреттері ілулі тұрған тақтадан суретін көргенім болмаса, аталарыңмен сол кезде алғаш рет кездестім. Ұзақ ойланбай, етегінен ұстауға келістім. Журналистер ылғи: «Ағамызға қалай тұрмысқа шықтыңыз?», – деп сұрайды. «По наводке шықтым», – деймін қалжыңдап. Сарыағашқа әкеліп, барлық ырым-тыйымдарын жасап, бетімді ашты. Үйленгеннен соң көп ұзамай Владивостокқа аттандық. Тынық мұхиты әскери флотының саяси бөлімі бастығының орынбасары қызметіне тағайындалған кезі еді. Пойызда тура 15 күн жүрдік. Алматыдан шығып, 5 күннен соң Новосібірге жеттік. Ол жерде бір күн аялдап, Владивостокқа кеттік. Жол бойында Свердловск, Хабаровск сияқты үлкен қалалар көп. Әрбір станцияға аялдап, межелі жерге жетеміз дегенше 10 күн өтті. Владивостокта бізге арнап пәтер дайындап қойыпты. Бірақ ол жерді ұзақ мекендеген жоқпыз. Мен 19 жастамын, ол 24-те. Елге қайтқымыз келді. Қиыр Шығысқа жолдамамен барған кісілердің кері қайтуы қиындау болатын. Бізге кезінде үлкен қызметте болған ағам, академик Кеңесбаев жәрдемдесті. Ол кісі Мәскеуге барып, Теңіз флоты министрлігіне өтініш жасап, бізді Ташкентке ауыстырды. Ташкентте де көп тұрған жоқпыз, Қалекеңнің қызмет бабымен Шымкентке қоныс аудардық. Облыстық военкоматта үгітші-инструктор қызметін атқарды.

Уақыт өте келе жоғары білімнің қажеттігі айқын сезіле бастады. Мәскеуде оқуға мүмкіндік болмаған соң, Қалекең Ленинград қаласындағы М.И. Калинин атындағы жоғары әскери-педагогикалық институтқа түсті. Кездейсоқтық па, білмеймін, бұл институтқа жыл сайын бір ғана қазақ баласы оқуға түседі екен. Қален түскен жылы 4-курста 4 қазақ оқыды. Ол кезде екі баламыз бар, Ленинградта жеке пәтерде тұрдық.

1955 жылы Қалекең институтты үздік деген бағамен бітірді. Талап бойынша оқуды тәмамдаған мамандар жолдамамен жан-жаққа жіберілетін. Бізді қайда жібереді екен деп уайымдадық. Қара басымыз үшін емес, балалардың қамы үшін барар жердің жайлы болғанын қаладық. Сөйтсек, құпия түрде ғарыш айлағының құрылысы басталғалы жатыр екен. Қазіргі Байқоңыр ғой, бірақ ол кезде цифрлар түріндегі шартты атаумен аталды. Генерал Қалекеңдерді шақырып алып, картадан Ташкент пен Аралдың ортасын нұсқапты. Нұсқаған жеріне бардық. Ми дала, тұратын жер жоқ. Пойыздан түскенімізде құдайына қараған бір теміржолшы бізді үйіне апарып қондырды. Баспана бергенше сол кісінің үйін паналадық. Одан кейін бір машинистің үйіне ауысып, өйтіп-бүйтіп қыстап шықтық. Көп ұзамай үлкен құрылыс басталды да кетті. Жан-жақтан әскери құрылысшылар ағылып жатты.

Құрылыс алаңында екі басшы болды. Біреуі – космодром бастығы А.Нестеренко, екіншісі – құрылысшылардың жетекшісі. Қалекең А.Нестеренконың қарамағындағы сая­си бөлімге орналасты. Әскер өте көп. Саяси бөлімге жүктелер міндет те қыруар. Аталарың құрылыс жүріп жатқан жерлерге барып үгіт-насихат жүргізді, елдің жарқын күндерге деген сенімдерін жаңғырта түсті.

Көктемге қарай құрылысшыларға арналған фин қалашығына ұқсас үйлер бой көтерді. Қызметкерлердің бәріне баспана бұйырды. Бізге де бір бөлме берді. Бірақ онда көп тұрғанымыз жоқ. 1957 жылы Хрущев қарулы күштерді қысқарту туралы қаулы шығарды. Сарышаған салынайын деп жатқан кез болатын. Қалекеңді сонда жіберді. Ол жерді мекен етіп келген балықшыларды басқа жаққа көшірген екен. Солар тұрған землянкалардың біріне орналасып, қыстап шықтық.

Қалекең Ленинградқа майор шені­мен барған болатын. Жоғары оқуды бітірген соң подполковник шенін алды. Бірақ одан кейін ұзақ уақыт бойы дәрежесін жоғарылатпай қойды. Қалекең офицерлердің арасындағы жалғыз қазақ болатын. Комиссия қазақтарға шен беруге келгенде сараңдау еді. Қазақтан шыққан тұңғыш лейтенант Жансен Кереевтің естелігін оқығаным бар. Ол рота командирі болып Қиыр Шығыста 6 жыл жүріпті. Қазақ болғаны үшін шенін өсірмеген, қызметін де жоғарылатпай қойыпты. Кейін бір генералдың: «Мен Жансенге сенем. Бұл жігітті өсіру керек», – деген сөзінен соң ғана шені өсіпті.

Полковник шенін Қалекең де оңайлықпен алған жоқ. Өздері ыңғай білдірмеген соң: «Менің бір қызметте отырғаныма 6 жыл болды. Керек қылмасаңыздар, босатыңыздар», – деп комиссияға ашық айтты. Содан соң бізді Сарышағаннан Байқоңырға қайта жіберді. Г.Шубниковтың құрылыс басқармасына келдік. Ағаларың ғарыш айлағының құрылысына қайтадан білек сыбана кірісіп кетті. Сол кезде 25 ұшырылымға арнап салынған старт алаңдары әлі күнге дейін қолданыста. Құрылысшылардың көбі соғысқа қатысқандар еді. Майданда шыңдалғандықтан болар, олар қай істе де темірдей тәртіп пен болаттай төзімнен тайған жоқ. Әскер қатарында қызмет атқарған 36 жылының 19 жылын Қалекең бұрынғы Ленинск, қазіргі Байқоңыр қаласы мен ғарыш айлағының құрылысына арнады. 1976 жылы полковник шенімен зейнетке шыққан соң, отбасымызбен Алматыға көшіп келдік. Аталарың мұнда да тыным тапқан жоқ, қоғамдық жұмыстармен айналысты. Алматы қаласындағы Байқоңыр ардагерлерінің кеңесін басқарды.

«Дауысы Ермек Серкебаевқа ұқсайтын»

Мағрипа апаның жолдасына деген сағынышпен айтқан әсерлі әңгімесін үзуге қақымыз жоқ еді. Тыңдап отырып, әйелдің ер азаматқа деген құрметі тап осындай болуы керек шығар деп ойладық. Соғыстан кейінгі жылдардың естелігімен қоса өмірдің мәні мен мағынасы туралы дәріс оқып жатқандай. Қален атаның адами қасиеттерін айтқанда Мағрипа апаның жүзі тіпті жадырап кетеді екен.

– Өте қарапайым, қанағатшыл адам еді. Қарапайымдылығы сондай, қанша жыл тер төксе де ешкімнен атақ-марапат сұрап көрген емес. Біз кеткен соң, Қалекеңнің орнына Хренов деген кісі келген. Қалекеңнің 20 жылда алған атақ-марапатын ол 4-ақ жылда алыпты. «Мой Байконур» деген кітапты парақтап отырып, сондай әділетсіздіктердің болғанын көрдім. Қызғанғаным емес, Қалекеңнің жанкештілігіне қайран қалдым. Тура жолмен жүрді. Ешкімнің ала жібін аттап көрген емес. Сонысы үшін ортасына сыйлы болды.

Аталарың қызметтен қолы қалт етсе, ән айтқанды жақсы көретін. Бір басында бірнеше өнері болды. «Сегіз қырлы, бір сырлы» дейді ғой қазақ, міне дәл сондай азамат еді. Ән айтқанда дауысы Ермек Серкебаевтың дауысына ұқсап кететін. Жай айтқан жоқ, мамандардан дәріс алып, дауысын қойдырды, – деп өткен күндердің жарқын сәттерін еске алды.

«Дастарқанымнан Королев те дәм татқан»

Мағрипа апа мақтанышпен айтып отырған Королевтің кім екенін білмей, ұятты болдық. Сөйтсек, ол – КСРО-дағы зымыран-ғарыш кешенін құрған конструктор, тәжірибелік космонавтиканың негізін салған академик екен. Королевті танымағанымыз үшін Мағрипа апа бізді жазғыра қойған жоқ, себебі табалдырығынан аттаған қонақтың атынан ат үркетін академик екенін алғашында апамыздың өзі де білмей қалыпты.

– Қалекеңнің қызмет аясы ауқымды болғандықтан, қызметтес, сыйлас адамдарының қатары көп болды. Үйімізден адам үзілмейтін. Бір күні жолдасым үйге бірнеше кісі ертіп келді. «Қонақтарға қымыз әкелші», – деді. Қалекеңнің бәйек болғанын көріп, келген кісілердің тегін адамдар емес екенін түсіндім, бірақ ешқайсысын танымадым. Сөйтсем, С.Королев бастаған топ екен. Ол кісіні көрмек түгілі, атын атауға қорқатынбыз. Қалашық салынып жатқан кез ғой. Құрылысты аралап жүргенде Қалекең үйге ертіп келіпті. Сөйтіп менің дастарқанымнан Королев те дәм татты. Талай генералдар мен академиктерге өз қолыммен шай құйып бердім, – дейді Мағрипа апа. Өзін мақтағаны емес, сол шенді-шекпендінің бәрі сыйлап келген азаматының абыройы үшін мақтанып отыр. Өзім деуден өзегі талмайтын келіншектер апамыздан үлгі алса ғой, шіркін.

Айтпақшы, Королевті Мағрипа апайдың жайған дастарқаны ғана емес, еккен гүлдері де таңғалдырыпты. Үйдің терезесіне өрмелей жайқалып өсіп тұрған шырмауықты көрген академик: «Қазақстанда өспейтін өсімдік жоқ екен ғой», – депті.

«Менен мықты профессор шығар еді»

Қален Құсайынұлы 1991 жылы ауыр науқастан қайтыс болыпты. Өмірдің ауыр кезеңдерін қайта парақтағысы келмеді-ау деймін, Мағрипа апа ардагер ғұмырының соңғы күндерін шолақ қайырды. «Қалекең өмірден ерте кетті. Соғыс кезінде мұздың үстінде жатқан кездері болған, алған жарақаттары бар – соның бәрі әсер етсе керек, бойында қатерлі ісік пайда болыпты. Өзі сезбей жүре берген. Науқасы асқынып, 70 жасқа жетпей өмірден озды. Бәрін жазып үлгере алмады. Жазғанын басып шығара алмай кетті», – деп күрсінді.

Ел еңсесін биіктетуде білімі мен еңбегін аямаған алдыңғы лектің өкілі Қален Тоқмұхамедовтің есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында Алматыда өзі тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылған. Білімге құлаш сермеген жері – Сарыағаштағы мектебіне, Байқоңыр қаласындағы №14 орта мектепке есімі берілген. 2013 жылы заманауи үлгіде салынып, Қален Тоқмұхамедовтің атымен аталған мектептің алдына ардагердің мүсіні қойылыпты. Бұл шаралардың басы-қасынан табылған да – Мағрипа апа. Атаның медальдары мен мақтау қағаздарын, кителін, кітаптары мен суреттерін мектеп мұражайына өз қолымен тапсырыпты. Ондағы ойы – ерлік пен еңбекті ұрпаққа үлгі ету.

Саналы ғұмырын Отан үшін қызмет еткен азаматы мен елдің ертеңі болар ұрпағына арнаған аяулы әйел, ғазиз ана екі сағатқа созылған әңгіме барысында өзі туралы мүлдем сөз қозғаған жоқ. Әңгіменің өзіне қарай бұрыла бастағанын сезсе, жары немесе балаларына аударып жібереді. Әйтсе де, айтпасына жанын қоймадық.

– Тұрмысқа шыққан соң оқуым аяқсыз қалды. Ташкенттегі медицина институтын орта жолда қалдырдым. Владивостокқа барып жалғастырармын деп ойлағам, бірақ онда дәрігерлерді даярлайтын жоғары оқу орны жоқ болып шықты. Ленинградқа көшкен соң оқуыма болар еді. Алайда екі баладан шыға алмадым. Ол кезде балабақша деген жоқ. «Сабаққа баратын едім, баламды қарай тұр» деп кімге айтасың? Егер Ташкенттегі оқуымды аяқтасам менен мықты профессор, медицина ғылымдарының   докторы шығар еді. Қазақ медицинасы бір білікті дәрігерден айрылды деймін қалжыңдап. Кейін басқа мамандық бойынша білім алдым, бірақ Қалекеңе қызмет етем деп көп жұмыс істеген жоқпын. Таңдауыма ешқашан өкінген емеспін.

«Он бала тумағаныма өкінемін»

– Қалекең арақ ішкен жоқ, шылым да тартпайтын. Қарамағындағыларға, өзінің балаларына барлық жағынан үлгі болды. Екі ұл, бір қыз тәрбиеледік. Үшеуі де өз салалары бойынша биіктен көрініп, абыройлы қызмет атқарды. Үлкен ұлымыз Қасым Ұлттық қауіпсіздік комитетінде қызмет етті, қазір зейнетте. Кіші ұлым Қадыр да ұзақ жылдар бойы әскери қызметте болып, жуырда ғана полковник шенімен зейнетке шықты. Ұлдарыма әу бастан: «Аспаннан аяғымыз салбырап түсе қалды деп ойламаңдар. Сендерді биікке көтерген әкелеріңнің абыройы», – деп ескертіп отыратынмын. Әрине, жеткен жетістіктері ең бірінші еткен еңбектерінің арқасы ғой. Әйтсе де, бастапқыда жолдарын әкелерінің аты ашып бергенін мойындау керек. Қай жерге барсаң да, қандай қызметке орналассаң да, шыққан тегіңе, ата-анаңның кім екеніне қарайды. Бұрын солай еді, қазір де дәл сондай, – деп Мағрипа апа қоғамның шындығын жайып салды.

Аяулы әже 6 немере, 6 шөбере сүйіп отыр. Шөбересінің үлкені кәмелеттік жасқа толып қойған. Алла амандығын берсе, шөпшегін де еміреніп иіскейтін күн де алыс емес. «Қарап отырсам, атаның қасиеті тек арқылы бірнеше ұрпағына айна-қатесіз беріледі екен. Балаларым, немерелерім мен шөберелерім де Қалекең сияқты тәртіпке, тазалыққа құштар. Жаман әдеттерден аулақ. Барға қанағат, жоққа сабыр етуді біледі. Ешқайсысы аталарының атына кір келтірген емес. Кейде он бала тумағаныма өкінемін», – деп абзал ана ағынан жарылды.

«Қарттардың зейнетақысын көп көрмей-ақ қойса қайтеді?»

Әңгімеміздің бәрі әдемі естелікке арналды десек, әсіре айтқанымыз болар. Сөз арасында Мағрипа апа өкпесі мен назын да іркіген жоқ:

– Менің еңбек өтілім аз: 13-ақ жыл. Кеңес Одағы тұсында, Қалекең бар уақытта 500 рубль зейнетақы алатынмын. Егемендік алған соң, асыраушысы жоқ деп үкімет маған 6450 теңгені белгілеп берді. Зейнетақымды көбейтуді сұрап, бармаған жерім, баспаған тауым жоқ. «Зейнетке жас бойынша шыққаныңыз дұрыс» деп шығарып салады бәрі. 2012 жылы жас бойынша өттім, бірақ алатыным – 20 мың теңге. Қайсыбір жылы Иманғали Тасмағамбетовке хат жазып, әскер қатарында болған 40 жылымның неге ескерілмегенін сұрадым. Мен айдалада сауық-сайран құрғаным жоқ. Әскерлермен қатар Отан мүддесіне қызмет еттім. Ондағылар мені Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеп жіберді. Олардан да қайыр болған жоқ. Зейнетақыңыз 2017 жылы көбейеді деп алдарқатып қойды.

Жуырда Үкіметтің қарттар үйіндегі қаусаған кемпір-шалдың зейнетақысын қысқартамыз деген сөзін естіп қалдым. Сол бейшаралардың азын-аулақ ақшасын көп көрмей-ақ қойса қайтеді? Арнайы қаулы қабылдап, келешекте қарттар үйіне баратын қариялардың зейнетақысын қысқартсын. Орта жолға келгенде бұлай жасауға болмайды ғой. Олардың арасында соғыс ардагерлері мен батырлардың жесірлері, тыл еңбеккерлері бар. Ұрпақтың бейбіт өмірі үшін сіңірген өлшеусіз еңбектеріне айтар алғыстары осы ма? «Бала-шағалары зейнетақысын тартып алады екен» деп соғады. Олай емес. Балаларыма аз да болса пайдам тисін, немерелерім тарықпай өмір сүрсін, білім алсын деп барын беруге даяр тұратын – қарттардың өздері.

«Ердің басын төрге сүйрейтін – әйелі»

– Кезінде діннен хабарсыз болған­дықтан көп нәрседен ұтылдық па деп ойлаймын. Бақыттың парқын білмейтіндер көп, жанға саяны байлық­тан іздейді. Бақыт деген – еліңнің тыныштығы, жақындарыңның амандығы, деніңнің саулығы. Осы уақытқа дейін бриллиант сырға тағып, зерлі көйлек киюге құмартқан емеспін. Қолда бардың бәрін немерелерім мен шөберелеріме үлестіріп беремін. «Пейіліңе қарай – пейішің» демей ме қазақ? Тек алуды ғана білетін кісілер де өмірден өтті. Жиған-тергенін ешкім о дүниеге бірге әкетпейді. Тағы бір түсінгенім, жасалған жақсылық та, жамандық та айналып кеп өз иесін табады екен.

Адамның бірнеше парызы болады. Қасиетті бес парыздан бөлек, ақ сүт берген анаң мен мәпелеп өсірген әкеңнің алдындағы, сүйіп қосылған жарың мен өмірге әкелген балаларыңның алдындағы борышың өтелуі керек. Әйел адам үшін, әсіресе жолдастық міндеттің жауапкершілігі зор. Өмірге әйел болып келген соң, ер азаматқа қызмет ету – парызымыз. Еркектің басын төрге сүйрейтін де, көрге сүйрейтін де – әйелі. Ер азамат көтерілген биіктің, еркек құлаған шыңыраудың ар жағында әйел тұратынын ұмытпау керек. «Мен Қалекеңе жақсы жар, сенімді серік болуға жарадым ба?» деген сауалды өзіме жиі қоямын. Алла тағала мені азаматымның артына бекер қалдырмаған шығар. Қалекеңнің еңбегі ескерусіз қалмасын, ұрпағы ұмытпасын деп 23 жыл бойы аянбай қызмет етіп келемін. Нағыз қызметім көзі тірісінде емес, ол өмірден озған соң басталған сияқты. Қалекеңді елі ұмытқан жоқ, тәубе. Мен айтпасам, Қалекеңнің қандай еңбегі барын «Түркістан» қайдан білсін?

Расында да, апамыз қарайып отырмаса, атамыздың шаңырағына бас сұғар ма едік? Әй, қайдам. Өзі телефон шалмаса, іздеп баруымыз да екіталай еді. Ақиқаты сол. Жақсымен өткізген жарым сағаттың өзі жарты ғұмырымызға азық болатынын түсіндік. Қазыналы қарт ақ батасын беріп шығарып салды. Біз де ғазиз анаға ұзақ ғұмыр тіледік.