Қоғам

3 облыс әкімі, 4 министр ауысса да, жол сол күйі қалып отыр – Үнзила Шапақ

Депутат Құланөтпес және Жараспай ауылдары арасындағы 21 шақырым жолға республикалық бюджет арқылы күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, сонымен қоса, Құланөтпес пен Соналы ауылдары арасындағы 30 шақырымдық жолға аудандық жол мәртебесін беруді қарастыруды ұсынды.

«AMANAT» партиясының депутаты Үнзила Шапақ Премьер-Министдің бірінші орынбасары Роман Склярға депутаттық сауал жолдады.

Аудандық маңызы бар, өткен ғасырдың 60-жылдары салынған ұзындығы 21 шақырымды құрайтын «Жараспай - Құланөтпес» автомобиль жолы негізінен топырақ үйіндісінен көтеріліп, оған ұсақ қиыршықтас төселген грейдер жол, 4-техникалық санатқа жатады және жергілікті атқарушы органдардың коммуналдық меншігінде. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері жергілікті бюджетке бір де тиын төлемейтін ауыр салмақты көлік құралдары онсыз да жөндеу көрмеген жалғыз жолды одан әрі қирата берді. Бүгінде бұл жол – апаттық жағдайда. Осының салдарынан ауыл тұрғындарының аудан және облыс орталықтарына қатынауы қиындап, оларға жету үшін көлік жүргізушілері осы грейдер жолдан түсіп, оны қатарлас дала жолмен айналып өтуге мәжбүр болады.

Сонымен қатар, өрт сөндіру машинасының болмағандығынан, 78 шақырым жерде орналасқан аудан орталығынан келетін өрт сөндірушілер ауылдағы үй немесе қора-қопсы түк қалмай өртеніп кеткен соң жетеді. Ал бірнеше жыл бұрын өрт сөндірушілердің дер кезінде жете алмауынан, ауылдық орталық кеңсе талай құжаттармен қоса өртеніп кеткен.

Депутат Құланөтпес және Жараспай ауылдары арасындағы 21 шақырым жолға республикалық бюджет арқылы күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, сонымен қоса, Құланөтпес пен Соналы ауылдары арасындағы 30 шақырымдық жолға аудандық жол мәртебесін беруді қарастыруды ұсынды.