Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Алаш аналары – парасаттың символы
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Алаш аналары – парасаттың символы
Ана – барлық өмірдің бастауы. Адам бойындағы барша асыл қасиет күннің нұрынан, ананың ақ сүтінен дариды. Кез келген адамның әдептілігі мен жан дүниесінің сұлулығы, ең алдымен балаға ақ сүтін беріп, әлпештеп өсірген ана жүрегінің жылуынан басталады. Себебі Ана – ұлы адам, Ана-құдіретті жан. Жарық дүниеге әкелген Ана алдында бәріміздің де бас иетініміз сондықтан.
Жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша Елбасы Н.Назарбаев «Көктем шуағы» атты мерекелік жүздесу өткізіп, еліміздің бірқатар қыз-келіншектерін осынау шуақты да, берекелі мерекемен құттықтады.
«Әйелдер күні мерекесі баршаңызға құтты болсын! Бақ-береке, жақсылық тілеймін! Бүгін біздің ортамызда әйел азаматтарының әр салада қызмет істеп жүрген өкілдері бар. Көп балалы аналар, депутаттар, ғалымдар, сот, диқан, кәсіпкер, өнертапқыш, дәрігер, әнші, журналист, актриса, спортшы, жауынгерге дейін арамызда отыр», – деді кездесуді ашқан Елбасы. Мемлекет басшысы Қазақ-стан әйелдерінің қоғамдағы рөліне әр уақытта назар аударылып келе жатқанын баса айтты. «Біз ананы, әйелді әр уақытта құрметтеп, жоғары бағалап өткен халықпыз. Батыр аналарымыз ел басына күн түскенде ерлермен бірге қолына қару алып, Отанын қорғаған. Ел үшін ер азаматтармен бірге жауға шапқан бізге белгілі Бопай ханым, Хиуаз Доспанова, Әлия, Мәншүктер өшпес ерліктерімен елдің санасында қалғанын бәріміз білеміз. Қазақ әйелдерінің арасында зор құрметке бөленген үлкен аналарымыз Домалақ ана, Айша бибі, Айғаным ханша, Зере әжелеріміз парасаттың символы болып саналады. Бүгінгі Қазақстан әйелдері сол парасатты жалғастыратын, жолын жалғайтын ізбасарлары. Әйел үйдің қазығы деп әйелін құрметтеген халықпыз. «Қыз өссе, елдің көркі» деп қызын құрметтеген халықпыз. Ұлы далада қилы заманнан келе жатқан игі дәстүр қазір де жалғасуда», – деді Назарбаев.
Ана болу – ұлы рухани күш пен ерен еңбек. Ана баласын бағып қағуда өзін-өзі ұмытып, барлық күш жігерін сарқа жұмсайды. Ал соңғы жылдары елімізде демографияға үлес қосып жатқан аналардың қатары артып келеді.
«Аталарымыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап, ұрпаққа мирас еткен ұланғайыр жеріміз, Отанымыз, 18 миллион ғана халқымыз бар. Жаңа заманда адам капиталы, білімді, білікті ұрпақ ең басты байлық деп айтып келеміз. Халықтың саны көп, сапасы жоғары болуы біз үшін айрықша маңызды. Сондықтан біз 20 миллион халқы бар Қазақстанға жетеміз деген мақсат қойдық. Сол себепті мемлекет демография мәселесіне үлкен көңіл бөледі. 2003 жылдан бастап өмірге бір жылдың ішінде 250 мың сәби келетін болса, былтыр 410 мың отбасы бесік тойын тойлады. Тәуелсіз ел болғаннан бергі 25 жылдың ішінде 7,5 миллион сәби дүниеге келді. Бұл 7,5 миллион ананың қайталанбас ерлігі деген сөз. Бүгінде әрбір 10 қазақстандықтың төртеуі Тәуелсіздіктің перзенті», – деген Елбасы бала тууға берілетін жәрдемақының көбейіп жатқандығын да алға тартты. «10 жылда жаңа туған балаға берілетін бір реттік жәрдемақы 5 есеге көбейді. 1 шілдеден бастап 20 пайызға өсетін болады. Тәуелсіздік жылдары 1 300-ден астам мектеп, 1 300-ден астам денсаулық сақтау нысандарын салдық. Биылғы Жолдауымда әлеуметтік сала басты басымдық болып қала беретіндігін айттым», – деді Президент.
Сондай-ақ, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ең бастысы ел іргесі тыныш, татулық пен тұрақтылық бар екендігіне тоқтала келе: «Бұл ең маңызды мәселе болып табылады. Бүгінде жер жүзінде БҰҰ-ның мәліметтері бойынша 1 млрд-қа жуық адам аштықтан азап шегуде, 3 млрд адам тақыр кедей, 16 млн адам құлдықта өмір сүреді. 65 млн адам босқын. Шыбын жаны үшін жат жерде бас сауғалап жүр, оның жартысы жастар мен сәбилер», – деді. Мемлекет басшысы осындай алмағайып заманда еліміздің бейбітшілікке бөленуі бірлік пен берекеге ұйыған, татулығының арқасы екендігін баса айтты. «Мыңдаған жаңа жұмыс орны жыл сайын ашылып жатыр. Еңбек етемін деген жанға барлық мүмкіндік жасалуда. Біз тәубесінен жаңылмаған елміз. Барды бағалап, көздің қарашығындай сақтай білген халықпыз. Ары қарай да осыны сақтай білуіміз керек. Тату елде тақсірет болмайды», – деді Елбасы.
Ал тәуелсіз мемлекетіміздің нығайып, аяғына нық тұруына әйелдердің қосқан үлесі ерекше. Бұл жөнінде Елбасы: «Біз қасиетті Тәуелсіздігіміздің үшінші мүшеліне аяқ бастық. Осы жылдарда мемлекеттігіміз нығайып, аяғына нық тұруына әйелдердің қосқан үлесі ерекше. Елімізде еңбек ететін азаматтардың тең жартысынан көбі қыз-келіншектер. Әйелдер Үкімет құрамында, Парламент қабырғасында, түрлі деңгейдегі әкімдіктерде табысты жұмыс істеуде», – деді. Елбасының айтуынша, білім беру саласында 65, денсаулық саласында 75, мемлекеттік қызметте 55 пайыз әйелдер жұмыс істейді. Жеке кәсіпкерліктің тең жартысы, шағын және орта бизнестің 42 пайызы әйел азаматтардың қолында. «Болашақ» бағдарламасымен шетелден білім алған 12 мыңнан астам жастың тең жартысы қыздар. «Бірнеше жылдан бері «Отбасы күні» мерекесін атап өтіп келе жатқанымызды білесіздер. «Мерейлі отбасы» байқауы жалпыхалықтық деңгейдегі шараға айналып келеді. Былтырдан бері бала құқықтары жөніндегі институт құрылып, жұмыс істеуде. Зағипа Балиева ханым ол ұжымды басқарып келеді», – деді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, кездесуге Мәжіліс депутаты Зағипа Балиева, ғалым-микробиолог Әлия Ерназарова, Универсиада-2017 чемпионы Анна Шевченко, ҚХА мүшесі, ауыл мектебінің директоры Ирина Седова, «Жас Атамекен» жас кәсіпкерлер клубының президенті Зарина Көкжанова, ақын Толқын Қабылша, әнші Мария Галицкая, «Теңізшевройл» ЖШС адам ресурстарын басқару бас менеджері, аудандық аурухананың бас дәрігері Қарлығаш Рәзиева, Ұлттық экономика вице-министрі Мәдина Әбілқасымова, «Астана-Балет» театрының жетекші балеринасы Милана Буканова, көпбалалы ана Оксана Мукашева, қобыздан халықаралық байқаулардың лауреаты Ақерке Тәжібаева, Астана қалалық кәмелетке жасы толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың төрағасы Назилия Раззак, Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрының солисі Оксана Давыденко, ҚР ҚК Парашют дайындығы орталығының аға маманы Римма Рамазанова, актриса Салтанат Бақаева, журналист Венера Мирланқызы қатысты.
Белгілі жазушы Ғабит Мүсірепов: «Ана сұлулығы жүзіндегі мейірімінен көрінеді» десе, белгілі орыс әдебиет сыншысы В.Г.Белинский: «Дүниеде ана махаббатынан қасиетті нәрсе жоқ. Оның алдында адамды ынтықтырушы өзге дүниелер әлсіз келеді» деген екен. Ендеше, өмірге мейірім мен шуақ шашып жүретін аяулы аналар аман болсын!