Жаңалықтар

Қазақстан мен Кипр арасында тікелей әуе рейстері ашылады

pixabay

Қазақстандық әуе компаниялары Ларнака және Пафос қалаларына, ал Кипр әуе компаниялары Астана және Алматы қалаларына тасымалдауға құқылы.

Жақын арада Қазақстан мен Кипр арасында тікелей әуе рейстері ашылуы мүмкін, деп хабарлады Азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметі.

Ведомствоның мәліметінше Қазақстан премьер-министрінің орынбасары - сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен Кипр сыртқы істер министрі Константинос Комбос екі елдің авиациялық биліктері дайындаған әуе қатынасы мәселелері бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

«Меморандум әр тараптың белгіленген тасымалдаушылары арқылы аптасына 7 рейске дейін орындау құқығын көздейді. Сондай-ақ әр тараптан тасымалдаушыларды бірнеше рет белгілеу мәселесі қарастырылған», - делінген хабарламада.

Меморандумға сәйкес қазақстандық әуе компаниялары Кипр Республикасы аумағындағы – Ларнака және Пафос қалаларына, Кипр әуе компаниялары Қазақстан Республикасының аумағындағы - Астана және Алматы қалаларына тасымалдауға құқылы.

Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою екі ел арасындағы экономикалық, іскерлік және туристік ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді.