Қоғам

Алматы облысында 18 жастағы қызды аяусыз өлтірген күдіктілер ұсталды

21 наурызда бұлтартпау шарасын санкциялау үшін екі күдікті тергеу сотына ұсынылып, сот шешімімен қамауға алынды.

Алматы облысында 18 жастағы қыз аяусыз өлтірілген, деп хабарлады  turkystan.kz Massaget.kz сайтына сілтеме жасап.

Бұл туралы Алматы облысының Полиция департаментінің басшысы Бауыржан Әленов әлеуметтік желідегі парақшасында айтты. 

Биыл 21 наурызда Алматы жол полициясы бөлімшелерінің біріне Алматы облысы аумағында адам өлімі туралы хабарлама келіп түсті. Бұл ақпарат бірден тексерілді. Тергеу нәтижесінде 2006 жылы туған қыздың өлтірілгені анықталды. 

Осыған байланысты қылмыстық іс тіркеліп, алдын ала тергеу Қонаев ПБ қызметкерлеріне жүктелді.

Тергеу барысында күдіктілер наурыздың 14-інен 15-іне қараған түні Қонаев қаласының оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан ашық, қаңырап бос жатқан жерде бола отырып, физикалық күш қолданып, қызды өлтіргені анықталды. 

21 наурызда бұлтартпау шарасын санкциялау үшін екі күдікті тергеу сотына ұсынылып, сот шешімімен қамауға алынды.

Күдіктілердің қылмыстық әрекеттері адам өлтіру, яғни адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша пайдакүнемдік ниетпен басқа адамды заңсыз қасақана өлтіру бабы бойынша сараланады.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің талаптарына сәйкес соталды тергеп-тексерудің барысы туралы өзге де мәліметтер жария етілмейді.