Жаңалықтар

Қазақстан әлемдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып жатыр – Қошанов

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бастаған Қазақстан Парламентінің делегациясы Парламентаралық Одақтың 148-ші Ассамблеясының кезекті отырысына қатысу үшін Женеваға барды.

Мәжіліс спикері өз сөзін жуырда Мәскеу облысында болған террорлық шабуылға байланысты Ресей халқына көңіл айтудан бастады.

Ерлан Қошанов Парламентаралық Одақ Ассамблеясында сөйлеген сөзінде «Парламенттік дипломатия: бейбітшілік пен өзара түсіністік жолында байланыс орнату» атты кездесу тақырыбының өзектілігі айрықша екенін атап өтті.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Қазақстан орнықты дамуға және бүкіл адамзаттың үйлесімді болашағын қалыптастыруға өз үлесін қосып келеді. Оған, әсіресе, соңғы жылдары елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды саяси реформалар айқын дәлел. Қазіргі кезде демократиялық ел, әділетті Қазақстан құру үшін барлық жағдай жасалған. Бұл – бейбітшілік пен өркендеудің кепілі. Қазақстан Парламенті де бұл жұмысқа белсене атсалысуда. Бұдан бөлек, еліміздің ядролық, химиялық және биологиялық қаруға қарсы бастамаларын, тұрақты түрде өткізіліп келетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін ерекше атап өтуге болады, –  деді Ерлан Қошанов.  

Мәжіліс төрағасы БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарын ілгерілетуге бүкіл әлем парламенттерінің қатысуының маңыздылығына назар аударып, Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның Орнықты даму жөніндегі Өңірлік орталығын құру бағытындағы жоспарлары туралы айтты. Сондай-ақ Орталық Азия елдері әйелдерінің диалогы мен «TechnoWomen Central Asia» қоғамдастығы алаңдарында өткізілетін гендерлік жұмысқа жеке тоқталды.

– Депутаттар халықаралық жанжалдардың алдын алу және оларды реттеу үшін парламенттік дипломатия тетіктерін қолдану маңызды екенін құптайды. Жақында біз Парламентте Қазақстанның бітімгершілік контингентін Голан асуларына жіберу жөніндегі шешімді мақұлдадық. Бұл – Біріккен Ұлттар Ұйымының мандаты бойынша біздің бітімгерлеріміздің алғашқы дербес миссиясы. Бұл Қазақстанның жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылыққа қосқан үлесі деп білеміз, – деді Ерлан Қошанов.

Мәжіліс төрағасы халықаралық көлік-логистика ынтымақтастығын дамыту жөнінде ұсыныс айтып, Қазақстан бүкіл Еуразия құрлығы бойынша трансконтиненталдық тасымалдарды әртараптандыру бағытында тынымсыз жұмыс істеп жатқанына назар аударды. Осы орайда Орта дәліздің нақты құқықтық режимін құрудың маңызы ерекше.

Мәжіліс спикері Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам Ұйымының жұмысын мысал ете отырып, азық-түлік қауіпсіздігі мәселелеріне мән берді. Су ресурстарын тиімді пайдалану туралы айта келе, Мәжіліс төрағасы Қазақстан мен Франция Президенттерінің бастамасымен Нью-Йоркте «One Water» саммиті өтетінін және 2026 жылы Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында Өңірлік климаттық саммит өткізуді жоспарлап отырғанын айтты.

Парламентаралық Одақ Ассамблеясы аясында Ерлан Қошанов Парламентаралық Одақтың Төрайымы Ту́лия А́ксонмен кездесті. Кездесудің басты тақырыбы Қазақстан Парламентінің Парламентаралық Одақпен өзара іс-әрекетін нығайту болды, оның жұмысына Мәжіліс депутаттары белсене қатысуда.

– Саяси, экономикалық және гуманитарлық байланыстарға жәрдемдесу үшін парламенттік дипломатия әлеуетін пайдалану – еліміздің Сыртқы саясат тұжырымдамасы басымдығының бірі. Біздің еліміз жаһандық және өңірлік деңгейде бейбітшілікті, қауіпсіздік пен орнықты дамуды қамтамасыз етуде белсенді позиция ұстанады және оған елеулі үлес қосып отыр, – деді Мәжіліс төрағасы.

Өз кезегінде, Парламентаралық Одақ басшысы климаттың өзгеруі, демократия және адам құқықтары, бейбітшілік пен қауіпсіздік, гендерлік теңдік, жастардың белсенділігі мен орнықты даму сияқты бағыттар бойынша Парламентаралық Одақ Ассамблеясының құрамындағы қазақстандық депутаттардың нәтижелі жұмысын атап өтті.

Әңгіме соңында Ерлан Қошанов Ту́лия А́ксонды Қазақстанға ресми сапармен келіп, 2025 жылы өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезіне қатысуға шақырды. 

Парламентаралық Одақ Ассамблеясының алаңында Мәжіліс төрағасы Египет Араб Республикасы Өкілдер Палатасының спикері Ханафи Джебалимен және Пәкістан Ислам Республикасы Ұлттық Ассамблеясының төрағасы Сардар Садикпен кездесулер өткізді. Ерлан Қошанов шетелдік әріптестеріне Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалар туралы мәлімет беріп, олармен парламентаралық дипломатия бағытындағы ықпалдастықтың жолдарын талқылады.

Женевадағы Парламентаралық Одақ Ассамблеясының жұмысына ұйымға мүше 150-ден астам елдің делегаттары қатысты. Мәжіліс депутаттары негізгі сессиядан басқа тұрақты комитеттердің, Азия парламенттік ассамблеясының үйлестіру кездесуіне, панельдік пікірталастарға, сондай-ақ әйел-парламентшілер мен жас депутаттардың форумдарына қатысты. Бұл сессияда 2023 жылы Луандада Бейбітшілік және халықаралық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі тұрақты комитеттің үш жылға төрағасы болып сайланған Мәжіліс депутаты Айгүл Құспан өз міндетін атқаруға кірісті.

Парламентаралық Одақ – 1889 жылы құрылған ең ірі халықаралық парламенттік ұйым. Оған 180 елдің парламенттері кіреді. Қазақстан 1993 жылдан бастап Парламентаралық Одақ Ассамблеясына мүше.

Парламентаралық Одақ Ассамблеясы парламенттік дипломатияға ықпал етеді және парламенттер мен парламентшілерге бүкіл әлемде бейбіт саясатты, демократияны және тұрақты дамуды ілгерілету өкілеттіктерін береді.