Жаһан

Мәскеудегі теракт: Күдіктілер екі айға қамауға алынды

РИА Новости

Соңғы мәліметтер бойынша теракт салдарынан 137 адам қаза тапты.

"Крокус сити холлдағы" терактіге қатысы бар деген күдікпен ұсталғандардың барлығы 22 мамырға дейін қамауға алынды. Оған дейін тергеу шараларын аяқтап, қылмыстық істі сотқа Мәскеудегі Басман сотына жіберілуі керек, деп хабарлады РИА Новости.

Сот алдында төрт адам жауап береді. Олар: Далерджон Мирзоев, Саидакрами Рачабализод, Шамсидин Фаридуни мен Мухаммадсобир Файзов.

22 наурызда кешкі уақытта Мәскеу облысындағы Красногорск қаласында теракт жасалды. Қару асынған лаңкестер "Крокус" орталығына баса көктеп кіріп, жолда кездескеннің барлығына оқ жаудырды. Артынан концерттік ғимаратқа өрттеп жіберді. Қауіпсіздік қызметкерлерінде атыс қаруы болмаған, олар еш қарсылық көрсете алмаған.

Ресей президенті Владимир Путин халыққа арнайы үндеу жасап, теракт жасағандардың ұсталғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, лаңкестер Украинаға қарай қашқан. Сол жақта оларға шекарадан емін-еркін өтетін жерді де дайындап қойған. Барлығы 11 адам ұсталды. Қазіргі кезде тапсырыс берушілер мен орындаушылардың толық тізбегін анықтау шаралары атқарылып жатыр.

Ал тергеу комитеті оқиға орнынан жауынгерлік амуницияның 4 жиынтығын, 500 астам патрон, 28 оқжатар мен 2 Калашников автоматын тапты. Ал күдіктілерді ұстау кезінде көліктер Макаров тапаншасы мен Калашников автоматының оқжатары тәркіленді.

Соңғы мәліметтер бойынша теракт салдарынан 137 адам қаза тапты. Соның ішінде үш бала бар. Бұдан бөлек, 180 адам зардап шекті.