Рыбакина Майами WTA 1000 турнирінің үшінші айналымына өтті
Елена Рыбакина төртінші айналымға шығу үшін рейтингіде 74-орындағы америкалық Тэйлор Таунсендпен таласады.
Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина Майами (АҚШ) WTA 1000 турнирінің үшінші айналымына өтті, деп хабарлады turkystan.kz inbusiness.kz cайтына сілтеме жасап.
Жарыстың 4-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші екінші айналымда дүниежүзілік рейтингіде 91-сатыда тұрған даниялық Клара Таусонмен жолығысты.
Осыған дейн қарсыластар бір-ақ рет кездесіп, бес жыл бұрын Бостадта (Швеция) қазақстандық спортшы басым түскен еді.
Бұл жолы бірінші партияда Таусон брейк жасағанымен, Рыбакина ізінше есепті теңестірді – 3:3. Бірақ қазақстандық теннисші қарсыласының қайтадан екі рет брейк жасауына мүмкіндік беріп қойды - 3:6.
Екіншісінде Елена брейкпен алға шықты – 2:0. Бірақ сетке доп бергенде, Таусон брейк жасап кетті – 5:5. Дегенмен Рыбакина екінші мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ – 7:5.
Үшінші, шешуші партияны спортшылар брейк алмасумен бастады – 1:1. Содан кейін Рыбакина 4:2 есебімен алға кетті. Ақыры өзі доп бергенде, үшінші матчболын пайдалана білді – 6:4.
Екі сағат 27 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында Елена 5 эйспен бірге 12 брейк-пойнттың бесеуін мүлт жібермеді. Қарсыласы 2 эйс, 5 брейкпен (10 брейк-пойнт) көзге түсті.
Елена Рыбакина төртінші айналымға шығу үшін рейтингіде 74-орындағы америкалық Тэйлор Таунсендпен таласады. Ол екінші айналымда әлемнің 28-ракеткасы, бельгиялық Элизе Мертенстен айласын асырды – 6:2, 6:2.
Өткен жылы осы додада Е.Рыбакина финалға дейін жетіп, онда чехиялық Петра Квитовадан 6:7 (14:16), 2:6 есебімен ұтылып қалған еді.