Саясат

Президентке Наурыз мейрамына орай құттықтау жеделхаттары келіп жатыр

Құттықтаулар әлі де келіп түсіп жатыр.

Президенттің атына Наурыз мейрамына орай шет мемлекеттердің басшылары мен халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен құттықтаулар келуде, деп хабарлады turkystan.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин Қасым-Жомарт Тоқаев пен қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтады.

АҚШ Президенті Джозеф Байден өз құттықтауында елдеріміздің климаттық дағдарыс, энергетикалық қауіпсіздік және экология мәселелерін шешу ісіндегі соңғы жылдары қол жеткізген табыстарын мақтан тұтатынын атап өткен.

Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған өз құттықтауында Наурыздың жақсылық пен молшылықтың мейрамы екеніне назар аударған.

Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиëев өз құттықтауында бауырлас халықтар бұл мейрамды мыңдаған жылдан бері салтанатты түрде әрі кең көлемде тойлап келе жатқанын айтты.

Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров өзінің құттықтау жеделхатында көнеден келе жатқан Наурыз мейрамы қырғыз бен қазақ халықтарының тарихы мен құндылықтарының ортақ екенін білдіретінін атап өткен.

Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон құттықтау жеделхатында мыңдаған жылдан бері адамзатқа жол сілтеп келе жатқан берекелі Наурыздың көне ғұрыптары мен бай рухани тағылымы қазір де адамдарға шаттық сыйлайтынын айтқан.

Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов өз құттықтауында әлемнің көптеген елінде кеңінен тойланатын осы ғажап мереке көктемнің келуі мен табиғаттың қайта түлеуін білдіретінін жеткізген.

Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев өзінің құттықтау жеделхатында көктемгі көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын Наурыз мерекесінің ежелгі дәстүрлерінің сақталуы сан ғасырлық мәдени мұрамызға көрсеткен құрметіміздің бір белгісі саналатынын жазған.

Иран Ислам Республикасының Президенті Ибрахим Раиси құттықтау жеделхатында Наурыз мерекесін бейбітшілік пен татулықтың, достық пен ынтымақтың символы деп атап өткен.

Сонымен қатар өз құттықтауларын Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов, ҰҚШҰ Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов, Экономикалық ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Хусрав Нозири, Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Өмірәлиев, ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев және өзге де халықаралық ұйымдардың, компаниялардың, оқу орындарының басшылары мен басқа да ресми тұлғалар жолдады.

Құттықтаулар әлі де келіп түсіп жатыр.