Жаңалықтар

Ұлыстың ұлы күнінде Таразда ерекше киіз үйлер тігілді

Орталық алаңға қазақы салт-дәстүрге негізделген 15 киіз үй тігілді.

Отауларда әдеттегідей дастархан жайылып ас қойылмады. Әр шаңыраққа қазақи атау беріліп, мағынасына қарай заттар мен жәдігерлер қойылды, деп хабарлады turkystan.kz 24.kz сайтына сілтеме жасап.

Орталық алаңға жиналған жұртқа ат спортының саңлақтары өнерін көрсетті. Қойылымдар мен концерттік бағдарлама да болды. 

Наурыз мерекесін тамашалауға келген көрермен мен қонақтарды ақ әжелер ансамблі шашу шашып, әнмен күтіп алып жатты. Көпшілікке сахнадан театрландырылған композиция ұсынылып, дәстүрлі ән мен биден шашу шашылды.  

Мерекелік бағдарлама ұлттық спорт түрлерімен жалғасын тапты. Ол үшін орталық алаңға арайы құм төселген. Арғымақ мінгендер теңге ілу, жамбы ату сынды ұлттық спорт түрлерінен өнер көрсетуде. Сонымен қатар қыран баптағандар орталық алаңда сұңқарлармен өздерінің өнері көрсетті. Орталық алаңға қазақы салт-дәстүрге негізделген 15 киіз үй тігілді. Ерекшелігі - олар атауына қарай әрленген. Мәселен «Қыздың жолы» деп аталатын ақ отауда, қаракөздерге арналған әшекейлер мен киімдер, және қыз жасауы қойылған. Ал «Батырлар жолы» аталған киіз үйде Абылай хан тұсындағы тарихи кезеңді қойылым мен жәдігерлер арқылы көрсеткен. 

 

Мерекелік алаңда алып батырлар мен құмай тазысын ертіп, бүркітін баптаған бозбала-қыздар көптің көңілін көтерді. Ал, тамақтану алаңдарында құрт, май, айраны мен ірімшігі сынды тек ұлттық тағамдар саудаланды.  

Мерекеде ұлттық спорт түрлерінен садақ ату, арқан тарту, асық ату, қол күрес пен тоғызқұмалақтан тұрғындар арасында жарыстар  ұйымдастырылды. Жиылған жұрт алаңға қойылған алтыбақанды тебуге мүмкідік алды.