T-Newspaper

Люксембургте 5 жылдан бері Наурыз тойланады – Халим мен Нұргүл

Сурет – кейіпкердікі

«Қазақстан-Люксембург ынтымақтастығы» қауымдастығының негізін қалаушылар

Биыл елімізде Наурыз мерекесі ерекше тойланып жатыр. Осы жылдан бастап 14-23 наурыз аралығында Наурызнаманың дәстүрлі онкүндігі өтпек. Осыған орай еліміздің әр түпкіріндегі көпшілік онкүндікке белсенді атсалысып, ұлтымыздың ұлы мерекесін ұлықтап жүр. Шетелдегі қазақ қауымдастықтары да кенде қалған жоқ. Түрлі чаттарға хабарлама жіберіп, бір-бірін Наурызды бірге тойлауға шақырып жатыр. Осы орайда мереке қарсаңында Аргентина, Чехия және Люксембургтегі қазақ қауымдастықтары өкілдерімен тілдескен едік.

«Қазақстан-Люксембург ынтымақтастығы» қауымдастығының негізін қалаушы ерлі-зайыпты Халим Титсаоуи мен Нұргүл Жәдігерқызы Люксембургте ұлыстың ұлы күнін бесінші жыл қатарынан атап өтетінін айтады.

– Екеуіміздің «Қазақстан-Люксембург ынтымақ­тас­тығы» қауымдас­ты­ғының негізін қалағанымызға биыл нау­рызда 5 жыл болды. Тиісінше, Наурыз мерекесін той­ла­тып келе жатқанымызға соншама жыл болды. Жал­пы, біз осы бес жылдың ішінде көп шаруа атқардық. Өте бел­сенді бол­дық. Осында үлкен бір базарда түрлі ұлт өкіл­дері өз тағамдарын әзір­леп алып келіп, көпшілікке дәм татқызады. Сол кезде бізде де сондай қа­­зақша стенд бол­са екен деп ойлайтынмын. Сөйтіп, сол іс-шараға біз де қа­тысайық деген мақсатпен осы қауымдастықты аш­қан едік. Сосын, әлбетте, ар жағында қазақтың қандай ұлт екенін, қандай салт-дәстүріміз бар екенін таныс­тыр­ғы­мыз келді. Осы бес жыл ішінде көпшілік біздің қауым­дас­тық арқылы Қазақстан туралы біраз нәрсе білді десек, артық айтпаймыз. Дегенмен Наурыз мерекесі – жүрегімізге ыс­тық. Өйткені 2019 жылы қауымдастық ашылған кезде өт­кізген ең бірінші ивентіміз сол мерекеге орайлас­ты­рыл­ған болатын. Жыл сайын жоғары деңгейде атап өтуге ты­рысамыз. Былтыр тіпті, бұл мейрамды «Наурыз week»  де­ген атпен бір апта тойладық. Ол кезде Люксембургте бе­делі биік саналатын концерт залында Астанадағы мем­ле­кеттік академиялық филармонияның «Сарыарқа» фо­льк­лорлық ансамблі шашбауымызды көтеріп, керемет кон­церт қойған болатын.

Ал биыл Венгриядағы түркі­тек­тес халық өкілдерінен құралған Түркі жастары ан­самб­лін шақырып отырмыз. Наурызды түркітілдес мем­лекет­тер де тойлайды. Сондықтан биыл қонақ ретінде сол ансамбльді Будапешттен арнайы шақырдық. Мұндай ме­рекеде түркітілдес халықтың басы қосылса қуанамыз. Алайда бұл – оңай шаруа емес. Дегенмен бәрімізге ортақ ұлы мерекені бірге атап өту үшін барымызды сала­мыз. Наурыз – біз үшін маңызды мереке. Біз оны той­­­лаудан бұрын, насихаттаймыз. Алдыңғы жылы «Нау­рыз with friends» деген атпен атап өткен едік. Сол кезде Люк­сем­бург­те тұратын, біз секілді Наурыз мерекесін ұлықтайтын иран­дық, ауған достарымызды шақырған болатынбыз. Ол уақытта стендке «Наурыз» деумен қатар, «Ноуруз», «На­в­руз» деп жазатын едік. Алайда биылдан бастап тек қа­зақша әріппен жазамыз деп шешім қабылдадық. Жо­ғарыда айтып өткенімдей, біз түркітілдес ұлттардың тү­гелін жанымызға жақын тартып жүреміз. Жиі арала­са­мыз. Бірақ Наурыз мерекесі жақындағанда оны атап өту бізге «қалып» қояды. Бәрін өзіміз істейтіндіктен, қазақ­ша­сын ғана қалдырайық деп шештік.

Мұнда бұл мереке туралы онша ешкім білмейтін. Біз түр­лі жерге, әсіресе, радиоға қонақ ретінде қатысып, Нау­рыз­ды кеңінен насихаттап, бар білгенімізді айтып қайт­тық. Былтыр Luxembourg Times газетіне Наурызды қалай атап өткеніміз туралы көлемді мақала шықты. Сол кезде қызық­қандар жоғарыда айтып өткен беделді концерт залына қалайша концерт қойғалы жүргенімізді сұрап, таң­ғалған еді. Оларға «Наурыз тойлағалы жатырмыз. Бір ап­та­ға жалғасады. Қазақстаннан 25 музыкант келе жа­тыр» деп едік. Сосын олар «Онда Наурыз жайлы үлкен ма­қа­ла жазайық» деп бізден сұхбат алды. Біз «Мұны біз се­кілді тойлайтын әзербайжан, ауғандардан да сұрасаңдар болады» деп оларды да кіріктіргенін жөн көрдік. Сөйтіп, әр ұлт­тың бұл мерекені қалай атап өтетіні туралы көлемді мақала шықты. Алайда онда біздің қауымдастықтың іс-ша­расына негізгі басымдық берілді.

Биылғы іс-шарамыз «бестің шайы» форматында өтеді. Кеш­кі бес жарымда концертіміздің бірінші бөлімі бас­талады. Біздің ивенттерімізге келетін көпшілік домбыра тың­дағысы келеді. Сондықтан алдымен домбырамен ән-күй шырқаймыз. Содан соң Түркі жастары ансамблінің концертін тамашалаймыз. Қазақ достарымыздың баласы жуыр­да 1 жасқа толады. Соның тұсауын сол іс-шарада ке­се­міз деп келістік. Содан соң ауызашардың уақытына ың­ғайлап ұлттық тағамдардан дәм татқызамыз. Қазақша ет әзірлейміз. Одан бөлек, дастарқанға палау, бауырсақ, сам­са қоямыз. Әлбетте, Наурыз көже ұсынамыз. Сосын кеш соңы тағы концертке ұласады. Жалпы, осы жылдар ішін­де мұндай мәдени ивенттерге жиналғандар шүйір­келесіп, әңгімелескенді айрықша ұнататынын түсіндік. Сондықтан оларға бір-бірімен араласуға мүмкіндік жасап, артынан би билеп, көңіл күйімізді көтеріп, бір марқайып қала­мыз. Жалпы, бас-аяғы бес сағатқа жалғасатын іс-шара­ны Люксембургте осылайша өткіземіз.