Қауіпсіз қоғам тұрақтылыққа кепіл
Құқықтық мемлекеттің негізі ретінде қауіпсіз қоғам құру үшін жағдай жасау, азаматтардың өмірін, денсаулығын, мүлкін және құқықтарын қылмыстан қорғау мәселесі өзекті.
Мемлекет үшін қоғамның тұрақтылығы мен тыныштығын сақтау – басты міндет. Тәртіп пен заңға бағынған өркениетті, қауіпсіз мемлекет әрбір азаматының өмірі мен денсаулығын құқығын қамтамасыз етуі тиіс.
Құқықтық мемлекеттің негізі ретінде қауіпсіз қоғам құру үшін жағдай жасау, азаматтардың өмірін, денсаулығын, мүлкін және құқықтарын қылмыстан қорғау мәселесі өзекті.
– Назар аударатын мәселенің бірі – жас ұрпақтың қауіпсіздігі. Балаларға қатысты жантүршігерлік қылмыстар жиілеп кетті. Мұндай оқиғалар мектепте, көшеде, тіпті үйде болып жатыр. Сорақы жағдайлар оқушылардың өзіне қол жұмсауына себепкер болып отыр. Тіпті, ата-аналардың өздері баласына қорлық көрсетіп, оның арты қайғылы жағдайға ұласып жатады. Отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмысы әлсіз. Жауапты мекемелер мен құқық қорғау органдарының қызметі ойдағыдай нәтиже берген жоқ. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу саясатын қайта қарауымыз керек. Әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау шараларын заңмен күшейту керек. Отбасы құндылықтарын дәріптеу ісіне ерекше көңіл бөлген жөн. Тағы да ескертемін, біз қоғамдағы, көшедегі, тіпті әр үйдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етпесек, дамыған елдердің қатарына қосылуымыз қиын болады. Азаматтарымыз еркін жүріп-тұратын қауіпсіз қоғам құруымыз қажет, – деген болатын Мемлекет басшысы.
Балалар ерекше қорғауды қажет ететін ең осал топ болып қала бермек. Мәселен, жыл сайын балаларға қатысты 2 мыңға жуық қылмыс жасалады. Оның 700-ден астамы – кәмелетке толмағандарға жасалған жыныстық қылмыс. Бұл қылмыстардың 70 пайыздан астамын айналасындағылар жасаған.
Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасы Аида Балаева зорлық-зомбылық көрген әйелдер мен балалардың құқығын қорғау тетіктері күшейтілетінін атап өтті.
– Мемлекет басшысы атап өткен басымдықтарға сәйкес былтыр әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау саласындағы өзекті мәселелерді зерделеуге ерекше мән беріп, халықаралық ұйымдардың арасында сұранысқа ие диалог алаңына айналды. Сарапшыларымыздың қатысуымен әлеуметтік кодекс әзірленіп, әкімшілік құқықбұзушылық туралы және қылмыстық кодекске өзгерістер еңгізілді. Әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы әзірленді, – деді Аида Балаева.
Қауіпсіздік деңгейі жоғары құқықтық қоғам қалыптастыруда күштік құрылымдардың жұмысын бір жүйеге келтіріп, құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша жоспарлар құру, полицияны қауіпсіздікті қамтамасыз ететін мықты құрылымға айналдыру өте маңызды. Осы ретте биыл «Қоғамдық қауіпсіздікті азаматтық қоғаммен серіктестікте қамтамасыз етудің 2024-2028 жылдарға арналған тұжырымдамасы» қабылданбақ. Тұжырымдама шеңберінде мемлекеттік органдар, әкімдіктер барлық мүдделі тараптармен және азаматтармен әріптестік орнатпақ. Сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздік мәселелері бойынша есеп берудің ашық жүйесін қалыптастыру көзделуде. Тұжырымдама үш стратегиялық бағытты қамтиды. Олар: азаматтардың өмірін, денсаулығын, мүлкін қорғау деңгейін арттыру, құқықбұзушылықтардың алдын алудың тиімді жүйесін құру және полицияны қауіпсіздікті қамтамасыз ететін заманауи тиімді ұйымға айналдыру. Сонымен қатар полиция жұмысын түрлендіру, бюрократиялық жүйеден қоғамның қажеттіліктеріне, адамға бағытталған, клиентке бағытталған модельге көшу шаралары бекітіледі.
– Қауіпсіздік – адамның басты қажеттіліктерінің бірі. Қауіпсіздік сезімі болмаған жерде адамның толыққанды өмір сүруі және дамуы мүмкін емес. Полиция қызметкерлері, Төтенше жағдайлар министрлігі, медицина және басқа да түрлі мемлекеттік мекемелер азаматтардың қоғамдағы осы қажеттіліктерін қамтамасыз етеді. Олардың жұмысының тиімділігінің айрықша көрсеткіші ретінде Қазақстанның бейбітшілікті сүйетін елдер рейтингіндегі орнын қарастыруға болады. Мәселен, 2023 жылы Экономика және бейбітшілік институты (IEP) мен Сидней университеті сарапшыларының бейбітсүйгіш елдер рейтингіне сәйкес Қазақстан 163 елдің ішінде 76-орынды иеленді. Индекс 23 критерий бойынша есептеледі. Оның ішінде: қылмыс пен сотталғандар саны, азаматтар арасындағы сенімсіздік дәрежесі, саяси тұрақсыздық және т.б. бар. Мұнда Қазақстанның орны емес, оның өткен жылмен салыстырғанда рейтингтегі орнының өзгеруі маңызды. Өткен жылдармен салыстырғанда Қазақстан жиырма бір орынға көтерілді, – дейді Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты бас сарапшысы Дарина Даненова.
Биыл жаңадан қабылданатын қоғамдық қауіпсіздік туралы жаңа тұжырымдама мемлекеттік органдардың, кәсіби полицияның және қауымдастықтың ынтымақтастығы мен бірлестігі нәтижесінде құқықбұзушылықтың алдын алудың тұтас жүйесін құруға мүмкіндік береді.
– 2023 жылғы құқықтық статистика соңғы 5 жылда тіркелген қылмыстық құқықбұзушылықтар саны 32 пайызға төмендегенін көрсетеді. Мысалы, егер 2019 жылы 190 мың қылмыс тіркелген болса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 104 мыңды құрады. Ауырлығы орташа қылмыстар саны – 2019 жылы 137 мыңнан 2023 жылы 51 мыңға дейін төмендеді. Көріп отырғанымыздай, елде құқықтық тәртіпті орнату саясаты дәйекті түрде жүзеге асырылып жатыр.
Құқықтық статистика деректері бойынша 2023 жылы 7,79 млн әкімшілік құқықбұзушылық тіркелген. Бұл 2019 жылғы 4,65 млн-нан әлдеқайда артық. Бұдан шығатын қорытынды: азаматтар жанжалдарды заңға сүйене отырып, барлық заңды және ресми арналар арқылы құқық қорғау органдарына жүгіну арқылы құқықтық әдістермен шешуді жөн көреді. Мұндай жағдайды азаматтардың құқықтық мәдениетінің өсуі деп түсінуге болады. Бұл – мемлекет пен қоғамның дамуының оң көрсеткіші, – дейді Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты Стратегиялық талдау бөлімінің басшысы Ермек Тоқтаров.
Қауіпсіздік – қылмыстың алдын алу мәселесі. Тек, полиция қызметінің арқасына артылған жүк емес, еліміздің кез келген азаматының міндеті. Ал қауіпсіз қоғам ең алдымен халыққа қажет екенін ұмытпауымыз керек. Мұндай қоғамды құру халыққа жақын, ел талабына сай қызмет ететін, жұмысын жария түрде жүргізетін құрылым жүйесін қалыптастырары сөзсіз.