T-Newspaper

Жемқорлықпен күрес...

Фото Tengrinews.kz/Турар Казангапов

Шешімі табылмай тұрған күрделі әлеуметтік мә­се­леге байланысты елімізде арнайы заң қа­был­да­нып, түрлі жұмыстар атқарылып жатыр. Әйтсе де, жем­қорлықты түпкілікті жою мүмкін болмай отыр.

Сыбайлас жемқорлықпен күрес – Қазақстан саясатындағы негізгі басым бағыттардың бірі. Қоғамның әрбір мүшесі заңға бағынатын, әділдік салтанат құрған қоғам орнату үшін жемқорлықтың тамырына балта шабу керек. Бұл күрделі мәселе шешілмейінше, мемлекетте тұрақты өсіп-өркендеу болмайды. Сондай-ақ жемқорлық мемлекеттік басқарудың тиімділігін, елдің инвестициялық тартымдылығын төмендетеді, елдің әлеуметтік-экономикалық қарыштап дамуын тежейді.

Шешімі табылмай тұрған күрделі әлеуметтік мә­се­леге байланысты елімізде арнайы заң қа­был­да­нып, түрлі жұмыстар атқарылып жатыр. Әйтсе де, жем­қорлықты түпкілікті жою мүмкін болмай отыр.

– Түпкі мақсат – сыбайлас жемқорлықтан таза қоғам қа­лыптастыру. Жемқорлықты жою үшін оған бүкіл ел  бо­лып  қарсы тұруымыз керек. Оған қоса заңнамалық ша­ралар қабылдауға тиіспіз. Сонымен бірге жемқорлыққа қа­тысты қылмыстарды анықтау және ашу жөніндегі жұ­мыс­тарды күшейту қажет. Сонда ғана жемқорлықпен та­бан­ды түрде күресе аламыз, – деген болатын Мемлекет басшысы.

Президент  жемқорлыққа қарсы қызметтің барлық ба­ғытын түбегейлі қайта қарау қажеттігін де ескерткен бо­латын.

– Сыбайлас жемқорлық – экономиканы дамытуға тос­­қауыл болатын фактор. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жап­­пай күресу қажет. Мен бұл туралы үнемі айтып жүр­мін. Осы бағытта біраз жұмыс жасалды, нәтиже де бар. Бір­ақ солай екен деп, босаңсуға болмайды. Жұмысты жал­ғас­тыру қажет. Әсіресе, цифрландыруды белсенді түр­де қолдану керек, – деді Президент.

Халықтың әл-ауқатын арттырып, тұрмысын жақ­сар­ту және құқықтық мемлекет құру үшін нақ­ты нәтижеге қол жеткізу маңызды. Сондықтан азаматтар арасында ақпараттық түсіндіру жұмыстарын күшейту керек. «Емі» жоқ дертпен күресте бүкіл қоғам болып жұмылу – тиімді шаралардың бірі. Жемқорлықтың індет, ал онымен күресу міндет екенін көпшіліктің санасына сіңіру маңызды. Бұл Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ғана бас ауыр­тар мәселесі емес, барлық мемлекеттік органдардың ор­тақ мақсатына айналғанда нәтижелі болмақ. Алайда бұл бірреттік науқан емес, онымен күресу барлық аза­маттың қасиетті борышы және адамгершілік міндеті еке­нін түсінгені дұрыс. Жалпы, жемқорлыққа қарсы сана қа­­­лыптасқан жерде адам заңға қарсы келетін іс-әрекетке бармайды, жаман қылықтардан бойын аулақ ұстайды, қыз­мет дәрежесін жеке басының мақсаты үшін пайда­лан­байды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет – адамның жоғары моральдық, құқықтық, саяси мәдениеттер не­гізінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұра білу қабі­летін білдіреді. Жеке тұлғаның жемқорлыққа қарсы им­мунитеті ол –адамгершілік, зияткерлік, мәдени тұр­ғыдан дамуы, сондай-ақ белсенді азаматтық көзқарасы. Ке­леңсіз құбылыстың ең қауіпті тұсы – жас ұрпақ тәр­бие­сіне зияны. Елдің болашағына, ұлттың қауіпсіздігіне бұлт төндіретін құбылыспен күресу мәдениетін қалып­тастыруда отбасының рөлі ерекше.  

Отбасы – шағын мемлекет. Баланың тұлға болып қа­­лыптасуында отбасының алар орны ерекше. Адам­гер­шілік­тің негізі – имандылық пен ізеттілік те отбасынан ба­стау алады. Әрбір ата-ана балаларын жан-жақты дамы­тып, білім беріп, адал еңбектенуге, біреудің ала жібін ат­та­мауға тәрбиелей алса – ұтқаны. Сондай-ақ баланың са­на-сезімінің қалыптасуына, құқықтық, оның ішінде сы­байлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалып­тас­тыруда ата-ананың рөлі ерекше. Ар-намысты, әділдік пен адалдықты жоғары қоятын адам заңға қайшы әрекет жасамайды, өзінің де құқығы бұзылуына жол бермейді. Осылайша, жастар бәсекеге қабілетті бола отырып өз халқына лайықты қызмет етеді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыстың тиімді қағи­дат­тарының бірі – жариялылық. Бұл шараның мақ­саты – сыбайлас жемқорлықтың қоғамда таралуына мүмкіндік бер­меу, БАҚ арқылы оның жасырын тетіктерін түсіндіру. Бұ­қаралық ақпарат құралдары жемқорлық фактілерін жа­риялап, парақорлардың жазасыз қалмайтынын көр­сету ар­қылы жемқорлықтың жағымсыз құбылыс еке­нін көр­сетеді. Халыққа жемқорлықтың теріс сал­дары туралы ақ­паратты дұрыс жеткізу қоғам­ның сыбайлас жемқор­лыққа қарсы мәдениетінің қа­лыптасуына оң әсер етеді. Со­нымен қатар жем­қорлық фактілерімен бетпе-бет кел­ген тұлға­лардың жауапты органдарға арыз-ша­ғым түсіруі де тиімді шара. Өйткені мемлеке­тіміз­дің әрбір азаматы Конституцияны және мем­ле­кеті­міз­де қабылданған заңдарды сақ­тауға, бас­қа адам­дардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге мін­детті.

Қоғамның жегі құртына айналған мәсе­ле­мен түбегейлі күресуде ха­лықтың құқық­тық сауатын арттыратын, құқық­тық түсіндіру жұмысының сапасын арт­­­тырудың маңызы зор.

Еуропа елдерінде азаматтардың ақпаратқа қолжетімдігі, құқық­тық мәдениеттің жо­ғары деңгейі және халықтың этикалық нормаларды сақтауы мемлекеттің тұрақ­тылығы мен өсіп-өркен­деуі­нің кепілі болып отыр. Жемқорлыққа қарсы күресте шведтік үлгі тә­жірибе алуға тұрарлықтай. Бұл ел мемлекеттік құжаттардың ашық­тығын қам­тамасыз етіп, тәуелсіз сот жүйесін құрды. Қоғам­дағы абырой, тазалық – қалыпты жағ­дай. Шенеуніктердің жа­ла­қысын 12-15 есеге көтеріп тастады.

Германияда жемқорлыққа қарсы күрестің «Сыбайлас жем­қорлықтың алдын алу­дың және оған қарсы тұру тұ­жы­рымдамасы» деп аталатын  федералдық ба­ғ­дар­ламасы қа­был­данған. Оның орындалуын елдің Ішкі істер ми­нистр­лері, сенаторлар конференциясы бақылап отырады.

Ал Америка Құрама Штаттарының заңнамасында пара үшін оның үш есе мө­лшеріндегі айыппұл немесе 15-20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жа­за­сы көзделген. АҚШ заңдар жинағы 201-бабының бір­неше тармақтарына сәйкес азамат пара беру мен алу, уағдаласу жайттары үшін қылмыстық жауап­кершілікке тартылады. АҚШ-та кез келген ше­неунік секілді президент те қылмыстық жауап­кершіліктен құтылмайды. Мәселен, АҚШ ви­це-президенті Спиро Агню жемқорлық үшін айыпталып, қызметінен босатылды және саясаттағы мансап жолы біржола жабылды.

Дамыған мемлекеттер билік ор­гандарындағы жемқор­лық­­­тың алдын алуға, онымен күре­суге баса назар аударатынын көр­дік. Осы ретте шетел тәжі­ри­бесін зерттеу жемқорлыққа қар­­сы қыз­меттегі қателіктер мен қара­ма-қайшы­лық­тарды болдырмауға және қарсы күрес страте­гия­сында дұрыс тәсілдерді таң­дауға мүмкіндік бе­реді. Еліміз сы­байлас жем­қор­лыққа қарсы күресте шет мем­ле­кеттердің жа­ғым­ды тәжі­ри­бе­лерін пайда­лан­са, ұтыл­ма­сы анық.