T-Newspaper

Құмар ойыннан бас тарту қызметі іске қосылды

сурет: rehabcenterindore.com

Соңғы жылдары құмар ойынға бәс тігушілер саны күрт өсті. Деректерге сүйенсек, елімізде 1 млн адам құмар ойынның құрбаны. Ал бір ойыншының орташа қарызы 10 млн теңге шамасында екен.

Құмар ойын – табысты саланың бірі. Ұлт­тық статистика бюросының мәліметінше, был­тыр құмар ойындарға және бәс тігуге қа­тысты шаралар ұйымдастырған компаниялар 368 млрд теңге табыс тапқан. Ресми деректер ойын бизнесі пандемия кезінде жоғары сұра­нысқа ие болғанын көрсетіп отыр. 

Мәселен, 2020 жылы көрсетілген қыз­мет – 89 млрд теңге, 2021 жылы – 501 млрд теңге, 2022 жылы – 572 млрд теңге бол­ған. Табыстың басым бөлігін Алматы облы­сын­дағы компаниялар иеленген.

Елімізде ойын бизнесінің гүлденуіне үлес қо­сып отырған тәуелділер көп болғанымен тек 36 мыңнан астам адам лудомания дертіне шал­дыққан деп көрсетіледі. Елімізде суицид жа­саған әрбір бесінші адам – лудоман. Мә­се­лен, 2022 жылы құмар ойын кесірінен 735 адам өзіне қол жұмсаған. Құмар ойын шең­бе­рі­нен шыға алмағандардың қылмысқа жиі ба­­ратыны да жасырын емес. Бас про­кура­тура­ның мәліметіне сүйенсек, 2022 жылы 157 мың­нан астам қылмыстық құқықбұзушылық жа­салған. Оның 20 пайызы немесе 31 мыңнан ас­тамы құмар ойындар негізінде болған. Лу­доманияның үлкен мәселеге айналуына от­ба­сылардың жиі ажырасуы да себеп болып отыр.  Ажырасулардың 40 пайызы – құмар ойын құрбандары. Лудомания қазір ажырасу се­беп­тері арасында маскүнемдік пен наша­қор­лық­тан кейін екінші орынға шығып отыр. Ең со­ра­қысы қазақстандықтар соңғы үш жылда  құ­мар ойынға триллион теңгеден астам қар­жы жұмсаған. Одан бөлек, балалар мен жа­сөс­пі­рімдер де ойын бизнесінің шырмауынан шы­ға алмай жүр. Алайда ауырдың үсті, жеңіл­дің астымен ақша тапқысы келетіндер саны азаймай отыр. Бір отбасының ғана емес, бүкіл ел­дің болашағына қауіп төндірген жаман әдет­ке Мемлекет басшысы баса назар аударып, мем­лекеттік органдарға азаматтардың жеке­ле­ген санаттары үшін құмар ойындарға қа­тыс­ты шектеулерді күшейтуді тапсырып, са­ла­лық министрліктерге нақты міндеттер жүк­теген болатын. Жауапты министрліктер лу­доманиямен күресте жаңа шаралар қабыл­дау­ға уәде берген болатын.  Осы аптада Туризм жә­не спорт министрлігі eGov mobile мобильді қосымшасы арқылы ойынға тәуелділікпен кү­ресудің жаңа цифрлық сервисі іске қосыл­ғанын хабарлады.  Жаңа жобаны Туризм және спорт министрлігі, Цифрлық даму, иннова­ция­лар және аэроғарыш өнеркәсібі министр­лігі мен «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ бірлесіп қолға алған.

– Қазақстан азаматтары, сондай-ақ ел ау­ма­ғында тұрақты тұратын шетелдіктер eGov mobile мобильдік қосымшасы арқылы 6 айдан 12 айға дейінгі мерзімге өздерін құмар ойын­дар­ға және бәс тігуге қатысуын ерікті түрде шек­теу туралы өтініш бере алады. Бұл рәсім «Ойын бизнесі туралы» ҚР заңының 15-1 ба­бын­да көзделген және автоматтандыруға дейін тиісті тұлғаларды өзін-өзі шектегендер ті­зі­міне қосу 8 жұмыс күні ішінде қағаз фор­мат­та жүзеге асырылды, – деп хабарлады Ту­ризм және спорт министрлігі.

Өтініш ЭЦҚ-мен қол қою арқылы он­лайн бері­леді. Мәселен, азамат өтініш берсе, сервис оны «құмар ойындар және бәс тігу­ге қатысудан шек­телген адамдар» тізіміне енгізеді. 6 айдан 1 жыл­ға дейінгі шектеу мер­зі­мін кері өзгерту мүм­кін емес. Алайда шектеу мерзімі аяқтал­ған­ға дейін оны қайта ұзартуға өтініш беруге бо­лады.

Бұған дейін мұндай шектеу болғанын бір­еу білсе, біреу білмес. Бұрын өтінішті қағаз жү­зінде жасауға болатын және ол сегіз жұмыс күні ішінде қаралған. Сондай-ақ өтінішті сіз үшін басқа бір адам бере алмайды. Ал қазіргі жаңа ереже бойынша уәкілетті орган «құмар ойын­нан шектелген» адамдарды тізімнен сот ше­шімі негізінде шығарады.

– Ойын бизнесі субъектілерінің әрбір сұрау салуы тізімде тұрған адамдардың өзге де жеке деректерін ашпай-ақ тек ЖСН дерегі бойын­ша жеке өңделетін болады, – деп толықтырды министрлік. Сонымен қатар тізімге енгізілген адамдар туралы мәлімет құ­пия сақталады. Оны тек Туризм және спорт ми­нистрлігінің лауазымды тұлғалары, ли­цен­зияланған ойын бизнесін ұйымдастырушылар ғана көре алады.

Жаңа қызмет өтініштерді өңдеу мерзі­м­ін едәуір қысқартумен қатар құмар ойын­дарға қатысудан өзін-өзі шектеу рәсімін жеңіл­детеді. Бұл барлық азаматқа, ең алды­мен құмар ойындармен шектен тыс әуес­те­не­тін тұлғаларға барлық лицензияланған ойын ме­кемелері мен букмекерлік кеңселердің заң­ды сайттарына кіруге лезде тосқауыл қою­ға мүмкіндік береді.

Өзін құмар ойындарға қатысудан шектеу үшін ҚР азаматына немесе резидентіне өз те­ле­фонына eGov mobile мобильді қосымшасын жүк­теп, электрондық цифрлық қолтаңбаны жа­сап алу керек.

Жаңа қызмет құмар ойындарға тәуел­ділік­пен күресуді жеңілдетеді дейді мамандар. Бұ­рын бұл процесс көп уақыт пен күш-жігерді та­лап ететін. Ал енді цифрландырудың арқа­сын­да сервис қолжетімді әрі жылдам іске ас­пақ. Өзін ойыннан шектеген құмарпаздардың да ендігі жерде тұрмыс жағдайы түзеліп, тәуел­діліктен арылатыны қуантады.

Елімізде лудоманиямен күрес бойынша биыл бірқатар жаңа шаралар қабыл­дану жоспарланып отыр. Құмарпаздыққа шек­теу қою туралы заң жобасы қазір Парла­мент­те қаралып жатыр. Заң қабылданған жағ­дайда биылдан бастап күшіне енеді деп кү­тілуде. 

Бүгінде құмар ойынға құмартқандар мен бәс тігетіндерді құтқарудың бір жолы – оңалту ор­талықтары. Осыны қаперге алған Денсаулық сақ­тау министрлігі жыл сайын кешенді әлеу­мет­тік-медициналық оңалту орталықтарының санын көбейтуде. Психолог мамандар ерік-жігері мықты адамдардың дерттен тез айыға­ты­нын алға тартады. Алайда лудоманияны ем­деу ұзақ уақытты, көп күшті қажет етеді. Ең маңыздысы, науқастың өзін психологиялық ауру екенін мойындауы. Өзінің «дертті» екенін қа­былдаған адамда оңалу процесі нәтижелі бо­лады.

Елімізде 10-20 жас аралығындағы балалар ком­пьютерлік ойындарға құмар екен. Ал 25-40 жас аралығындағы ер адамдар букмекерлік кең­селер мен казино сынды құмар ойындарға әуес келеді. Өкініштісі сол, ойынға құмар ер-аза­маттардың дені отбасымен ажырасып ке­теді.