«Адал адам. Адал еңбек. Адал табыс» – озық елге айналудың басты кілті
Атырауда өткен құрылтайдағы бастамалар елдің рухани дамуы мен экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан дамуын қоса қамтып отыр.
15 наурызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Атырау қаласында Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы өтті. Жиында қоғамдағы өзекті мәселелер талқыланып, шешу жолдары қарастырылды. Елдің, қоғамның дамуына серпін беретін түрлі бастамалар көтерілді.
– Ұлттық құрылтайдың Атырауда өткен отырысының басты ерекшелігі – Мемлекет басшысы осыған дейін айтқан идеологемаларды қорыта келе, жалпыұлттық құндылықтардың нақты тізімін ұсынғанында. Бұл – Тәуелсіздік және Отаншылдық, Бірлік және Ынтымақ, Әділдік және Жауапкершілік, Заң және Тәртіп, Еңбекқорлық және Кәсіби біліктілік, Жасампаздық және Жаңашылдық, – деп пікір білдірді Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин. Ол осы құндылықтар тұғырнамасы мемлекеттің білім беру саласындағы, өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі және мәдени-ағарту жұмысындағы басты бағдары болатынына, жаңа әлеуметтік этиканың контурын айшықтайтынына тоқталды.
Жайық жағасындағы жиын
Президент сөз басында биылғы Құрылтай отырысы Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі және Ораза айына тұспа-тұс келгенін айтып, үшінші жиынның Жайық жағасында өтіп жатқаны тегін емес екеніне тоқталды.
– Әйгілі Сарайшық қаласы осы жерге тиіп тұр. Бұл шаһар Ұлық ұлыстың, кейін Қазақ хандығының маңызды әкімшілік және сауда орталығы болғаны тарихтан белгілі. Ұлы Жібек жолының бойында тұрған қала бір кездері айрықша геостратегиялық рөл атқарған. Батыс пен Шығыстың экономикалық, саяси, мәдени қарым-қатынасына ерекше ықпал еткен. Атақты хандарымыз осы жерге ордасын тігіп, ел билеген. Бірқатары Сарайшықта мәңгілік мекенін тапқан. Тарихшылардың пайымдауынша, Қазақ хандығын қуатты мемлекетке айналдырған Қасым хан осында жерленген. Бір сөзбен айтсақ, Сарайшық – төл шежіремізде айрықша орны бар киелі шаһар, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Елдің тұтастығы зиялы қауымның бірлігінен басталады
Мемлекет басшысы халықтың береке-бірлігін сақтау елдігіміз үшін аса маңызды екенін еске салды. Осы орайда елдің тұтастығы зиялы қауымның бірлігінен басталатынын да айтып өтті.
– Алдымен ел ағаларының арасында ауызбіршілік болуы керек. Олар ұрпаққа өнеге болатын кесек әңгіме айтуы қажет. Қазір ертеде өткен оқиғаларға, белгілі бір тұлғаларға қатысты талқылау көбейіп барады. Қаламгерлеріміз, тіпті, Шыңғыс ханның тегі кім деп, айтысып-тартысып жататын болды. Кеңес заманындағы тұлғаларды, әсіресе, Алаш көсемдері мен Кеңес қайраткерлерін салыстырып, бір-біріне қарсы қояды. Дәл осындай сөз тартыстарының ақиқатына жету қиын, жеткеннің өзінде ел ішіне іріткі салатын мұндай дау-дамайдың еш қажеті жоқ. Әр дәуірдің өз ерекшелігі бар. Әрбір тұлға өзінің көзқарасына, дүниетанымына қарай және өз қоғамының мүддесіне сәйкес елге қызмет етті. Олар, яғни, сол заманның қайраткерлері бір кездері ұстанған бағытына бола дауласса, ендігі ұрпақ кімнің ісі дұрыс, кімдікі бұрыс деп даурығып жүр. Жалпы, бұрынғы және қазіргі тарихтың түрлі кезеңдерін, тұлғаларын бір-біріне қарсы қоюға болмайды. Түптеп келгенде, мұның бәрі – біздің тарихымыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Алтын Орда десе, Қазақстан елестеуі керек
Мемлекет басшысы болашаққа сеніммен қадам басу үшін алдымен төл тарихымыздың ауқымы кең екенін толық сезініп, мәдени мұрамызды сақтап, оны дәріптеуіміз қажет екенін айтты. Соның ішінде, тіліміздің қолдану аясын кеңейте түсу мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала беретінін мәлімдеді. Бұған қоса, кітапхана ісін өркендетуге бейжай қарауға болмайтынын атап өтіп, көп ұзамай Алматы мен Астанада тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапханалар ашылатынын жеткізді.
Президент Қазақстан – Ұлы даладағы көшпенділер өркениетінің тікелей мұрагері екенін, жер жүзіне Алтын Орда деген атпен танылған әйгілі Жошы ұлысы Орталық Еуразияның байтақ даласындағы ең қуатты мемлекет ретінде мойындалғанын айтып, Қазақстан деген ұғым Алтын Орда ұғымымен астасып жатуы керек екенін мәлімдеді.
– Жошы әулеті 6 ғасыр бойы Орталық Еуразияның тағдырына тікелей ықпал етті. Ұлан-ғайыр аумақта біртұтас өркениет құруға ұмтылды. Жошы ұлысы Ұлы даланы мекен еткен халықтардың сан ғасырлық даму бағдарын айқындап отырды. Ұлық ұлыс мемлекетті басқару ісін жаңа деңгейге көтерді. Оның Рим империясымен ұқсастығы да – осында. Биыл Жошы ұлысының негізі қаланғанына 800 жыл толды. Бүгінгі жиынымыз да осы мерейлі белеске тұспа-тұс келіп отыр. Жошы ұлысы Қазақстанның мемлекеттілік дәстүрінде айрықша орын алады. Еліміздің өткені, бүгіні мен болашағы оның тарихи мұрасымен тығыз астасып жатыр. Ендеше, Алтын Орда туралы халықаралық аренадағы түсінік Қазақстанмен тікелей байланысты болуы керек, – деді Президент.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстанның жеті томнан тұратын жаңа академиялық тарихын жазу жұмыстары жүйелі жүріп жатқанын хабарлады. Бұл іске 250 ғалым, соның ішінде 60 шетелдік маман атсалысып жатыр. Аталған еңбектің дербес бір томы Жошы ұлысына арналмақ.
Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Қазақстан ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар комитетіне мүше болып сайланғанын еске салып, еліміздегі қайталанбас табиғи және тарихи ескерткіштерді кеңінен дәріптеуге шақырды. Бұл ретте Президент жерасты мешіттерін және тылсым табиғатымен шетелдіктердің ерекше қызығушылығын туғызған Үстірт қорығын ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізбесіне енгізу жөнінде тапсырма берді. Бұған қоса, Мемлекет басшысы Ешкіөлмес жотасындағы, Арпаөзен, Құлжабасы, Сауысқандық сайларындағы дала өркениетінің сан мың жылдық шежіресі саналатын таңбалы тастарды (петроглифтерді) қорғауға алу үшін тиісті шаралар қабылдауды, сондай-ақ жалпы тарихи-мәдени мұрамызды сақтау үшін археологиялық қызметті жүйелеуді тапсырды.
Ұлттық буржуазияға зор міндет жүктеліп отыр
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Ұлттық құрылтайда бюджет қаражатын тиімді пайдалану мәселесі көтерілді.
Тағы бір мәселе – бюджет қаржысын үнемдеу. Үкімет бұл мәселені әрдайым басты назарда ұстауға тиіс. Қазір бюджеттің кірісі мен шығысы қайта қаралып жатыр. Қаржыны оңды-солды жұмсауға болмайды, бұл – ақиқат. Мемлекеттік мекемелердің бюджетін тексеріп отырмаса, шығыстары ұлғая береді. Мұны қатаң бақылауда ұстау керек. Тағы да қайталап айтамын. Қаражат ең қажет жобаларға, ең маңызды мәселелерді шешуге жұмсалуы қажет, – деді Президент.
Басты мақсат – елімізді аймақтағы ашық нарықтық экономикасы бар маңызды орталыққа айналдыру екенін еске салған Президент ұлттық буржуазияға зор міндет жүктеліп отырғанын айтты.
– Мен ұлттық буржуазия туралы ой-тұжырымды осыдан 24 жыл бұрын Давос экономикалық форумында айтып өттім. Бұл жерде ұлттық деген сөз кәсіпкердің ұлтына емес, оның азаматтық сана-сезіміне қатысты айтылып отыр. Яғни, елімізге қоғам алдындағы жоғары жауапкершілігін сезінетін және Қазақстанды дамытуға елеулі үлес қосатын ұлттық буржуазия керек, – деді Мемлекет басшысы.
Ұлттың жаңа келбетін айқындайтын құндылықтар
Мемлекет басшысы ұлттық бірегейлікті сақтау мәселесіне ерекше тоқталды. Президенттің пікірінше, еліміздің рухани дербестігін сақтап, оны нығайта түсеміз десек, дәстүрлі дініміз – сунниттік бағыттағы ханафи мәзһабына ден қоюымыз қажет. Бұл орайда Мемлекет басшысы Ислам дінінің Ұлы дала төрінде таралып, тамыр жаюына орасан зор үлес қосқан, түркі әлеміндегі сопылық ілімнің негізін қалаған Қожа Ахмет Ясауи мұраларын терең зерделеп, дәріптеуге айрықша назар аударған жөн деп санайды.
Президент елге жанашыр азаматтардың бастамасын ерекше айтып өтіп, оларға бағдар берді.
– Елге жанашыр іскер азаматтар бізде де аз емес. Мұндай азаматтар қоғамға қажетті көптеген жобаға қаржы салып, игі істердің басы-қасында жүр. Қайырымдылық және волонтерлік бастамаларға демеушілік жасап келеді. Мемлекет те отаншыл азаматтарды өзгелерге үлгі етіп, оларға қолдау көрсетеді. Әрине, аймақтарда өз қаржысына мешіт салған кәсіпкерлердің ниеті түзу, оны түсінуге болады. Алайда жаңа мектеп, жатақхана, аурухана, кітапхана, мұражай немесе спорт сарайын тұрғызу – әлдеқайда маңыздырақ. Мұның сауабы мол. Кейінгі ұрпақ та осындай игі істерге алғыс айтары анық, – деді Президент.
Бизнес өкілдері барлық салада белсенді болуы қажет екенін де айтып өтті.
– Мұқтаж жандарға қолынан келгенше көмек көрсетіп, әрдайым әлеуметтік жауапкершілік танытуы керек. Сонда ғана, шын мәнінде, жаңа ұлттық буржуазия қалыптасады деп айта аламыз. Дәл осындай ұлттық буржуазия өкілдері бәсекеге қабілетті экономика құруға және халқына қалтқысыз қызмет етуге қашанда дайын болады, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент ұлттың жаңа келбетін айқындайтын негізгі құндылықтарға жеке-жеке тоқталды. Олар – тәуелсіздік және отаншылдық, бірлік және ынтымақ, әділдік және жауапкершілік, заң және тәртіп, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік, жасампаздық және жаңашылдық.
Мемлекет басшысының айтуынша, еліміздегі әрбір азамат осы басты құндылықтарды берік ұстануы керек. Президент ұсынған «Адал азамат» ұғымы мұның бәрін түгел қамтиды. Сонымен бірге бұл Әділетті Қазақстан идеясымен үндесіп жатыр.
– Біз осы іргелі құндылықты ұрпақ санасына сіңіре беруіміз керек. Адал азамат дегеніміз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам. Яғни, адалдық пен әділдікті бәрінен биік қояды. Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек. Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үш тағанды озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай мүшелерінің алдында сөйлеген сөзінде қоғамды жайлаған бес кеселмен, атап айтқанда есірткі саудасы және нашақорлықпен, лудоманиямен, тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг және агрессиямен, вандализммен, ысырапшылдықпен бүкіл ел болып күресіп, тосқауыл қоюға шақырды.
Ұлттық құрылтайда жұртшылық атынан Парламент Мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин, қоғам қайраткері Оразалы Сәбден, Парламент Сенатының депутаты, «Возрождение» қазақстандық немістер бірлестігі» қоғамдық қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Евгений Больгерт, адвокат, «Құқық қорғаушылар» қоғамдық қорының тең құрылтайшысы Айман Омарова, Парламент Мәжілісінің депутаты Никита Шаталов, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп, ой-пікірлерін ортаға салды.
Құрылтайда көтерілген бастамалар туралы қоғам қайраткері Оразалы Сәбденнің пікірін білген едік.
Оразалы Сәбден,
экономика ғылымдарының докторы, академик,
Қазақстан ғалымдар одағының төрағасы:
Абайдың «толық адамын» ұстансақ, еліміз гүлденер еді
– Мен Ұлттық құрылтайдың отырысына бірінші рет қатыстым. Бұл жолғы жиын өте жоғары деңгейде өтті. Президент үлкені бар, кішісі бар – өте көп мәселені көтерді. Енді жергілікті атқарушы билік, Үкімет, Парламент осы ұсыныстарды мұқият қарап, бір құлақтан кіріп, бір құлақтан шығып кетпеуі үшін іске асыруға тырысуы керек. Себебі іске асыру мәселесі бізде ақсап жатады. Міне, осы жағына мән беру керек деп ойлаймын.
Құрылтайда сөйлеген сөзімде мен екі мәселеге тоқталдым. Біріншісі – Ұлы Абайдың толық адамына оралу. Екіншісі – жалпыхалықтық жоспар. Ұлы Абай «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста» дейді. Міне, қазір ол Абайдың толық адам ілімін балабақшадан бастап барлығы арифметиканың кестесіндей жатқа білуіміз керек. Баланы – жастан дейді. Төрт-бес жастан кейін балаға үйрету кеш. Сондықтан біз Абай ілімін төменнен бастап ұлттық идеологияға сына қаққандай енгізуіміз керек. Қысқаша айтсам, Абайдың толық адам ілімі дүниенің көрінген сыры мен көрінбеген сырын ашып, оған толық біліп, өмірмен байланыстырғанда ғана өз жемісін береді.
Дүниенің көрінген сыры дегеніміз ол – материалдық сфера. Бай-қуатты болу. Ал өмірдің көрінбеген сыры ол – адамның рухани жан дүниесі, ішкі құндылықтары, болмысы, тазалығы, жүрек сыры, санасының тереңдігі, керек болса, моралі. Осы жағына келгенде біз ақсап тұрмыз. Себебі біз ә дегенде батыстың материалистік ықпалында кеттік. «Бірінші – экономика, екінші – саясат» деген ұранмен кедей мен байлардың арасы еселеп өсіп кетті. Абайдың пайда ойлама, ар ойла деген өсиетін ұстансақ бұлай болмас еді. Бізге заңсыз кеткен ақшаны қайтаруға болады. Мен экономист ретінде айтайын, ол да оңай емес. Ал, Абай айтпақшы, қызармайтын, ұялмайтын ізгілікті жолға салу – қиынның қиыны. Бұған көп уақыт кетуі де мүмкін. Соны бүгін бастамасақ, кеш қаламыз.
Ал екінші идеяға тоқталар болсам, Абайды қанша оқығанмен, егер әлеуметтік жағдай қиын болса, ол бойға сіңбейді. Сол себептен жалпыхалықтық жоспар әзірлеу туралы ойымды ортаға салдым. Президент ішкі өнімді екі есе көбейту керек деп Үкіметке тапсырма берді. Бірақ ол әлі тетігін таппай жатыр. Соның тетігі ретінде осы мың жобаны ұсынып отырмын. Бұдан бұрын Президенттің жеке қабылдауында болып, ойларымды айтқан болатынмын.
Халық ішінде қазір мамандар өте көп. Оларда ой, жоба жетерлік. Жалпы, халық ұсыныстары деген орталық ашып, онлайн платформа құрып, республикадағы барлық идеялар мен ұсыныстарды құрылтай аясында жинасақ, екі-үш айда түскен ұсыныстардан мың жоба теріліп алынса деген ұсыныс айттым. Бізге қайта өндіру өндірісін күшейту керек. Үлкен компаниялар бөлшектерді шетелге, Америкаға, басқа жаққа тапсырыс беріп шығартады. Сол бөлшектердің өзіміздің зауыттарымыздан шығаруға болмай ма? Бізде зауыт жетерлік.
Келешекте біз мұнай да, газ да бітеді. Азық-түлік державасы болуымыз керек. Ауыл шаруашылығына қатты мән беру керек. Бұл бағытта да жобалар керек дегендей. Одан бөлек, рухани салаға байланысты Түркістан болсын, Абай өңірі болсын, руханият жағынан жобаларды іске асыруы керек. Мәселен, машина жасау бойынша Қарағанды, Павлодар, Өскемен, Ақтөбеде өндірісті күшейту қажет. Міне, осылардың бәрін белгілеп алғаннан кейін мамандандырып, мың жобаны аймақтарға бөлу керек.
Жобалар бойынша ашық конкурс өткізіліп, құрылтайдың азаматтары баға беріп, іріктеуге атсалысса деймін. Сөйтіп, ашық, жариялы түрде осылай көмек көрсетсе, мың жоба қабылданатын болса, еліміз гүлденер еді. Оның қаржы көздерін де есептеп қойдым. Елге қазір миллиардтаған ақша қайтарылып жатыр. Ұлттық қорымыз бар. Ақша жеткілікті, мәселе – жемісті жұмыс істеуде. Қазақстанда ақылды, білімді, қолынан іс келетін азаматтар көп. Барлығын осы жобаға тарту керек.
Бұл жобаның мақсаты – халықты жұмыспен қамту, орта тап қалыптастыру. Жалпы ішкі өнімді екі есеге арттыру. Халықтың сеніміне кіру тетігі – осы.
Міне, осы екі мәселе де Абайдың «толық адамынан» шығып тұр. Бір жағы – рухани жоба, бір жағы – экономикалық жоба. Міне, сонда дүниенің көрінген сырын да көрінбеген сырын да игереміз деп ойлаймын. Сонда қоғам жылжиды. Абай ілімін игерген жас қазақ өзін де, халқын да алға жылжытады. Сондықтан абайтануға қаржыны аямау керек. Бұл – ана тілге де серпіліс беру деген сөз. Рухани, тарихи мүмкіндіктеріміз – біздің капиталистік елдерден артықшылығымыз. Ежелден келе жатқан шығыстың мораль философиясына қарсы қоятын батыс өркениетінде жаңа парадигма туған жоқ. Біз үшін ұлы Абайдың толық адам ілімін игеру – осы моральға оралу деген сөз. Ұлы Абайдың ілімі Қазақстанның рухани брендіне айналуы керек. Осыны жүзеге асырсақ, біз алға жылжимыз деп ойлаймын.
Осылайша, Атырауда өткен құрылтайдағы бастамалар елдің рухани дамуы мен экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан дамуын қоса қамтып отыр. Президент Құрылтайда айтылған жаңа идеялар мен ұсыныстар мұқият қаралып, нақты шаралар қолға алынатынын айтты. Сонымен қатар Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысын келесі жылы Көкшетауда өткізуді ұсынды.