T-Newspaper

Жаңа жыл, жаңғырған Наурыз

Сурет: "Айқын-Литер"

Биыл республика бойынша 10 мыңнан астам іс-шара өтеді деп жоспарланған болатын.

Биылдан бастап Наурыз мейрамы жаңаша тойланып жатыр. Дегенмен жаңаша дегенге қарағанда, дәстүрді жаңғырту десек, дұрысырақ болар еді. Наурыздың біркүндік мереке болмағанын тарихи деректер мен этнографтардың жазбалары да растайды.

Осылайша, биыл Наурыз мейрамын мерекелеудің жаңа форматы бекітілді. Жыл сайын 14-23 наурыз аралығында өтетін Наурызнама онкүндігі жарияланды. Наурыздың бірегей логотипі бекітілді. Биыл республика бойынша 10 мыңнан астам іс-шара өтеді деп жоспарланған болатын.

Амал келді – жыл келді

Бұған дейін негізінен еліміздің батыс өңірлерінде сақталған бұл мерекені кейінгі жылдары бүкіл ел болып тойлай бастаған едік. Биылғы наурызды жаңаша тойлау туралы шешім амалдың ауқымын одан сайын кеңейтті.

13-14 наурызда Маңғыстаудың ең биік нүктесі – Отпан тауда ақшаңқай үйлер тігіліп, торқалы той өтті. Еліміздің өзге өңірлері мен алыс-жақын шетелдерден де қонақтар келген. Биыл мерекенің маңызына ерекше мән беріліп, басқа аймақтардан Маңғыстауға ағылған жұрт көп болды. Әр облыстан арнайы шақырылған делегация келді. ҚазАқпарат мәліметіне сүйенсек, Отпан тауға екі күнде 30 мыңнан астам адам жиналған. Бас-аяғы 50-ге тарта киіз үй тігілген.

Сонымен қатар түрлі ұлт өкілдер де мере­кені атап өтіп, бас қосып арқа-жар­қа болды. Мәселен, Астанада Достық үйін­де Аналар және Ақсақалдар кеңестері, «Ас­самблея жастары» РҚБ филиалы жастары жә­не түрлі этнос өкілдері көрісу күнін атап өт­ті. Ассамблея мүшелері Амал күнінде жа­са­латын рәсімді көрсетті. Көрісе келген қо­нақ­тар бір-бірімен амандасып, өз өнерін көр­сетті, жүрекжарды жылы лебіздерін біл­ді­ріп, ас-дәмдерін ұсынды.

Осы күннен бастап «Наурыз-базарлық» мау­сымы жарияланды, мұның аясында жап­пай сатылымдар мен жеңілдіктер жария­лан­ды.

Осылайша, еліміздің түпкір-түпкірінде түр­лі іс-шаралар ұйымдастырылып, Наурыз ме­рекесін тойлау басталып кетті.

Қайырымдылық күні

15 наурыз «Қайырымдылық күні» болып бел­­гіленді. Бұл күн ел бойынша қайы­рым­ды­лық­қа, мейірім мен тату көршілікке арналды. Сонымен қатар 15 наурыз Рамазан айы­ның алғашқы жұмасына тұспа-тұс кел­ді. Бұл айдың ізгілік пен мейірімділікке үн­дейтін құндылықтары Наурыздың маз­мұ­нымен толықтай үйлесетінін ескере отырып, бар­лық өңірде ауызашар берілді.

Елордада көмекке мұқтаж тұрғындарға азық-түлік себеттері таратылды. Іс-шараны елор­да әкімдігі Qazaq oil компаниясымен жә­не «Астана жастары» еріктілерімен бір­ле­сіп ұйымдастырған.

– 2023 жылдың наурыз-желтоқсан ай­ла­ры аралығында Астанада мұқтаж азаматтарға 4 000-нан астам азық-түлік жиынтығы тара­тыл­ды. Бұл жолы 1 000-нан астам азық-түлік жиын­тығы аз қамтылған отбасылар, көп­ба­ла­лы аналар, ерекше қажеттіліктері бар ба­ла­­­ларды тәрбиелеп отырған отбасылар, зейнеткерлер және толық емес отбасылар сияқ­ты халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарына та­ратылады. Қораптың салмағы – 45 келі және бар­лық жүктің салмағы 45 тоннадан асады. Азық-түлік қоржынында ұн, қант, қарақұмық, кү­ріш, макарон, балаларға арналған тәттілер сияқ­ты қажетті тауарлар бар, – деді Астана әкі­мінің кеңесшісі Қуаныш Молдабек.

Қазақ мәдениетінің түп негізі гуманистік идея­лардан туындайтын болғандықтан, ол қо­ғамды жалпыадамзаттық құндылықтар ая­сында біріктіруші күш бола алады. Оның ішін­де, өзгені түсінуге ұмтылу, өзара көмек пен ынтымаққа негізделген қарым-қатынас қа­ғидалары халықты біртұтас ұлтқа ай­нал­дыруда аса маңызды.

Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні

16 наурыз «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні» болып белгіленді. Бұл күні мә­де­ние­­­тімізді, өнеріміз бен ұлттық құнды­лық­та­­­­рымызды насихаттауға арналып, респуб­ли­ка бойынша түрлі іс-шараларды өткізу жос­парланған болатын.

Қазақстандық ав­­торлар, суретшілер, мүсіншілер туын­­­­дыларының тұсау­ке­­серлері ұйым­дас­ты­рылды. Телеарналар эфирінде «Нау­рыз­нама» республикалық ай­тысы көрсетілді.

Ұлттық академиялық кітапханада Мә­дениет және ұлттық дәстүр күніне ар­нал­ған «Ежелгі мерекенің мәңгілік құн­ды­лық­тары» атты кітап көрмесі ашылды. Көр­меде Шығыс елдеріндегі Наурыз мерекесі, та­рих және мәдени дәстүрлер туралы жа­рия­ла­нымдар ұсынылды.

– Биыл Наурыз мейрамы елімізде жаңа ба­ғытта атап өтіліп жатыр. Мерекелік іс-ша­ралар Көрісу күнімен басталды, оған біздің кітап­хана қызметкерлері белсенді қатысты. 15 наурызда көрме ашылды. Наурызнаманың он­күндігінде кітапханада тақырыптық іс-ша­ра­лар өткізіледі, – деді Ұлттық академиялық кі­тапхананың ақпараттық мәдени бағ­дар­ла­ма­лар қызметінің жетекшісі Күләш Оразова.

Шаңырақ күні

Ал 17 наурыз «Шаңырақ күні» болып бел­­­­­гіленді. Осы күні отбасылық құндылық­тар­ды дәріптеуге, өнегелі ұрпақ тәрбиелеген үл­г­ілі отбасыларға арналған мәдени іс-ша­ралар өтті.

Елордада Наурыз мерекесінің жаңа тұ­жы­рымдамасы аясындағы «Шаңырақ» күніне орай көптеген іс-шара өтті. Жалпыұлттық от­басылық құндылықтар күні қала әкімдігі өкіл­дері көпбалалы, интернационалды от­ба­сы шаңырақтарындағы тағы бір нәрестенің дүн­иеге келуімен құттықтап барды.

Сонымен қатар «Шаңырақ» күнінде елор­да­дағы Музыкалық жас көрермен театрында «Ба­қытты шаңырақ иелері» атты іс-шара ұйым­дастырылды. Жас отбасылардың өне­гелі өмірі мен шығармашылығын дәріптеу мақ­сатындағы мерекелік жиында балалардың тұ­сауы кесілді.

Бұл күн жарасымды жанұялардың бере­ке-бірлігін насихаттау арқылы отбасы құн­дылықтарын кең көлемде дәріптеуде ай­рық­ша маңызға ие болды. Барлық аймақта от­ба­сы құндылығын насихаттауға арналған та­ным­дық іс-шаралар ұйымдастырылып, салт-дәстүр рәсімдері өтті.

Ұлттық киімдер күні

18 наурыз күні Ұлттық киімдерге арна­ла­ды. Қазақтың ұлттық киімі – бұл халықтың мә­дениеті мен тарихы, оның дәстүрі мен өмір салты. Ол ұлттың жарқын «индикаторы» ре­тінде өткеннің мәдени-рухани мұрасын сақ­тауға көмектеседі.

Наурызнаманың онкүндігінде еліміздің бар­лық өңірінде ұлттық киімдерді наси­хат­тауға бағытталған түрлі іс-шара өтті.

Астанада Наурызнаманың онкүндігі ая­сын­да 18 наурыз – Ұлттық киім күніне орай Жас­тар саясаты мәселелері басқармасы елор­дамыздағы жастар ұйымдарымен бірге Қа­зақ­стан халқының Ұлттық киімдерін кеңі­нен дәріптеу мақсатында челлендж бас­тады.

Елорданың мәдениет ұйымдарының қыз­меткерлері ауқымды флешмоб өткізді. Бұл фле­шмоб Астанада «Атамекен» Қазақстан Кар­тасы» этно-мемориалдық кешенінің ау­ма­ғында өтті. Елорданың мәдениет меке­ме­лерінің 500-ден астам қызметкері «Қошқар мүйіз» ою-өрнегі бейнелеген ұлттық киіммен шықты.

Жаңару күні

19 наурыз – Жаңару күні. Осы күні көк­темгі ағаш егу дәстүрін жалғастыру туралы ұсы­ныс айтылған болатын.

Алматыда жаңару күнінде ұйым­дас­ты­рылған сенбілікке жалпы 30 500 адам қа­ты­сып, 210 техника жұмылдырылды. Жиналған қо­қыс мөлшері 980 тонна болды, оның 6 тон­насы қайта өңдеуге жіберілді. Санитарлық та­за­лауға жататын аумақтың ауданы – 1 150 гек­тар.

– Қонаев қаласы облысымыздың орта­лы­ғы болғандықтан, абаттандыру мен көгал­дан­дыру жұмыстарына әрдайым көңіл бөле­міз. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсы­нысымен «Наурызнама» онкүндігі жария­лан­ған. Жаңару күні сенбілікке шығып, ағаш отыр­ғызуды жөн санадық және өңірдің елді ме­кендерінде де осы игі шара жалғасын табу­да. Алматы облысының табиғатын аялап, одан әрі көркейту – әрбір азаматымыздың боры­шы. 2024 жылы 10 мың бірлік жасыл же­лек отырғызу жоспарланған, – деді өңір бас­шысы Марат Сұлтанғазиев.

Жалпы, Наурыз мерекесінде ағаш егу, үй-жай­ды тазарту, бұлақ көзін ашу сияқ­ты жұмыстар атқарылғаны белгілі. Бұл – жаңа жылға, жаңа күнге жаңарып, тазарып қа­­дам басу дегенді білдірген болса керек. Со­­­нымен қатар ескі-құсқы заттарды лақты­рып, отпен аластау рәсімі де өткізілетін бол­ған.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Ар­хео­ло­гия, этнология және музеология кафед­ра­сының профессоры Тәттігүл Картаеваның ма­қаласында Сыр қазақтарының көктеуге кө­шердегі отпен аластау, қауақ сындыру көне ғұр­пы туралы Н.Гродеков, Ә.Диваев жазба­ла­рын­да қызықты деректер кездесетіні айтыл­ған.

– Қыстаудан көктеуге көшке шығар ал­дын­да жолдың екі жағынан үлкен екі от жа­ға­ды, әйелдердің жасы үлкені қауақтан жа­салған ыдысты алып «қауақ сынды қайғы кет­ті» деп қауақты сындырады. Одан кейін жа­ғылған екі арасынан жүк артылған түйе­лерді өткізеді, одан кейін адамдар «алас, алас, бә­леден қалас» деп оттан секіріп, тазару ғұр­пын жасап, қыстан аман-есен шыққандарына тәу­бешілік етеді. Байырғы қазақтар Наурызда кетік аяқ (ыдыс) болса сындырып, ескі зат­тар­ды «бәле-жала осымен кетсін» деп жеро­шақ қазып, отқа жағып, күлін көміп тастаған. Бұл ғұрып ескі зат үйдегі ошаққа тастал­ма­ғандықтан «моғал ошақ қазу» деп аталған. Қа­зақтар арасында ертеде Қайрақанды кө­шіру, төрткөз сарыаяқ итті өлтіру, жұп шырақ жа­ғу ғұрыптары болған. Бұл ғұрыптарды ке­­­­­зінде қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуе­­зов қариялардан жазып алған. Аластау, шы­рақ жағу рәсімдерінің архисемасы (түпкі мә­ні) – От Әулиеге (От Құдайға), отқа та­быну­мен (зороастризммен, шаманизммен) байланысты сенім. Қазақтардың сенімінде Қайрақан – жамандықтың иесі саналған мифтік бейне. Ыдысқа сүт құйып, «Қайрақан көш, көш» деп, ыдыстағы сүтті дүниенің төрт бұры­шына шашады. Күнделікті сенімде қа­зақ­тар ағарғанды төкпейді, қасиетті ас са­най­ды», – деп жазады ғалым.

Мұндай деректі тарих ғылымдарының док­торы, Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-дың Құр­метті профессоры Мұрат Қожа да өз еңбегінде айтып өтеді.

– Наурыз туралы құнды мәліметтерді 1927 жылғы М. Әуезовтың кітабынан таба­мыз. Онда құшақтасып көрісумен, жақсы ті­лек­тер айтумен, қазан көтеріп арнайы та­мақ беруден басқа деректерде айтыла қой­май­тын мына рәсімдер айтылды: «Жұп шы­рақ жағу, кетік аяқ, кетік шөміш сындыру, кө­ріскенде: «таза бақ, кел» деп, «Көш қай­ра­қан, көш» деп аластау барлығы да сол заман­ның тілегі. Ескіліктің ізін сақтаған, ескі күнде аман болып, бүтін болып қалмай, сынып, жа­ры­лып қазаға ұшыраған нәрселер болса, оның бәрінде ескі күннің сарқыты қалуға мүм­кін. Онда иесіне арнаған жаманшылық сөз сақталып қалуы лайық. Сондықтан кетік ыдыс­тар сындырылады. Мұндағы материал­дар қазақтың наурыз мейрамында атқары­ла­тын рәсімдер қатарын толықтырады, – деп жа­зылған ғалымның еңбегінде.

Мәдениет министрлігінің мәліметіне сүйен­сек, жаңару күні аясында бүкіл ел бойын­ша 500-ден астам іс-шара өткізу жос­пар­ланыпты.

Ұлттық спорт күні

20 наурыз – Ұлттық спорт күні. «Бұл күні ел­дің барлық аймақтарында ұлттық спорттан түрлі жарыстар ұйымдастырылды. Ел ішінде өт­кізілетін ат жарыстар – бәйге, көкпар, ауда­р­ыспақ, жамбы ату, теңге ілу, құсбегілік және асық ату, тоғызқұмалақ, садақ тарту турнир­ле­рі қарапайым халықтың шынайы мереке сал­танатын сезінуіне мүмкіндік береді», – деп мә­лімдеген болатын Мәдениет министрлігі.

Астанада Наурыз мейрамын тойлау ая­сын­да 20 наурыз күні «Арғымақ» ат-спорты ке­шенінде ұлттық спорт күніне арналған «Наурызнама: Ұлттық спорт күні» мерекелік іс-шарасы өтті. Мұнда көкпар, аударыспақ, тең­ге ілу, қыз қуудан көрсетілімдер және то­ғыз­құмалақ пен асық атудан шеберлік сы­ныптары жоспарланған. Қонақтарға қазақы та­зы және бүркіт көрсетілді. Сондай-ақ қо­лөнершілер жәрмеңкесі, ұлттық спорт ар­дагерлерін марапаттау рәсімі және мерекелік кон­церттік бағдарлама өтеді.

Ынтымақ күні

21 наурызды ынтымақ күні деп жариялау ұсынылды. Мұндағы басты мақсат – халық арасындағы сый-құрметті арттырып, татулық пен бірлікті насихаттау.

Елордадағы басты мереке 21 наурыз күні Ас­тана қаласындағы ЭКСПО көрмесінің ау­ма­ғында өтеді. Аталған мереке аясында киіз үйлер құрылып, түрлі мәдени-спорттық іс-шаралар ұйымдастырылмақ. Сонымен қатар елор­дада еріктілер ыстық шай мен бауырсақ та­ратып, акция өткізеді, қар күреуге көмек көр­сетеді, азық-түлік себеттерін таратады.

Жыл басы

22 наурыз – Жыл басы. Бұл күні еліміздің барлық өңірінде жалпыхалықтық мәдени-спорттық іс-шаралар өткізіліп, эт­ноауыл­дар мен түрлі жәрмеңке ұйымдасты­ры­­­­лады.

Үш күн ішінде ЕХРО көрме орта­лы­ғы­ның алаңында жақын және алыс шет­елден келген жетекші шеберлердің қаты­суы­мен қолөнершілер жәрмеңкесі жұмыс істейтін болады. Астанаға Түркия, Иран, Әзер­байжан, Өзбекстан, Татарстан, Тәжік­стан, Түрікменстан, Қырғыз Республикасы сия­қты елдерден қыш шеберлері, керамика, тас және монета мамандары, кілем тоқу бойынша сарапшылар, музы­калық аспап жасаушылар келеді.

«Наурыз базары» жәрмеңкесіне қатысу­шы­лар этностильдегі киімдердің, зергерлік бұйым­дардың, керамика, металл, киіз және жі­бектен жасалған заттардың, кәде­сый­лар­дың жаңа топтамаларын ұсынады.

Мереке аясында азық-түлік жәрмеңкесі жұ­мыс істейтін болады, онда қала тұрғын­дары үшін елдің түрлі өңірлерінен шаруа қо­жалықтары мен тауар өндірушілердің өнімдері қолжетімді бағада сатылмақ.

«Наурыз базары» бағдарламасында шы­ғыс тағамдары фестивалі жоспарланған. Шы­ғыс тағамдарын білетіндер елорданың үз­дік мекемелерінен Наурыз көже, ыстық па­лау, бауырсақ және басқа да ұлттық мере­ке­лік тағамдардан дәм тата алады.

Сонымен қатар мерекелік концерттер, ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстар, сурет салу, қыш өнері, қа­зақтың ұлттық аспаптарында ойнау, мү­сін­деу ұсынылатын шығармашылыққа ар­нал­ған Open Space аймақтар ұйымдастыру көзделген. Ба­лалар үшін арқан тарту, асық ату, тоғыз­құ­малақ және тағы басқа ұлттық ойындар ұйым­дастырылады.

Мұндай мерекелік іс-шаралар әр өңірде де өткізілетін болады.

Тазару күні

Ал Наурызнама қорытындыланатын соңғы күн тазару күні деп жарияланады.  Бұл күні Қазақстанның барлық аймағын­да жалпыұлттық экологиялық акция өтеді. Бұл – жаңа жылды тұтас ел болып, жаңа мақ­сат, жаңа үмітпен қарсы алудың символы.

Осылайша, қайырымдылық, ұлттық салт-дәстүрді насихаттау, отбасы құндылықтарын дәріптеу, жан мен тәнді таза сақтап, жаңару және тазару Наурызнама онкүндігінің басты сипаты болмақ. Ел бойынша өтіп жатқан іс-шараның есебі жоқ, бұл да Наурыз мейрамын тойлаудың ауқымы кеңейгенінің айқын дәлелі болып отыр.