Тайқазан

«Жусанда туған жердің иісі бар»: 5-сынып оқушысы жусаннан әтір дайындады

Әрі Сұлтан Бейбарыс туралы аңыздағы «Жусанда туған жердің иісі бар» деген қанатты сөзі маған шабыт сыйлады

Жусан – қазақ халқы үшін қасиетті саналатын құнарлы өсімдік. Оның адам азғасына тигізер пайдасы зор және ол түрлі ауруларға ем. Жусаннан дәрі-дәрмек жасады дегенді жиі естиміз. Ал жусаннан әтір дайындады дегенді естуіңіз бар ма? Ауылда тұратын Альбина Айдарханова ұстазымен бірге жусаннан хош иісті әтір ойлап шығарған.

Альбина – Ақмола облысы Ақкөл ауданына қарасты Кеңес ауылындағы орта мектепте 5-сыныпта оқиды.

«Негізі жусаннан әтір дайындау идеясы анама сыйлаған гүл шоқтарынан туындады. Біраз уақыттан соң түскен гүл күлтелерін жинап, ғаламтор желісінен олардан не істеуге болатын іздестіре бастадым. Зерттей келе  хош иісті гүлдерден әтір дайындауға болады екенін білдім. Сөйтіп раушан гүлінің күлтелерінен иіссу әзірледім. Әрі Сұлтан Бейбарыс туралы аңыздағы «Жусанда туған жердің иісі бар» деген қанатты сөзі маған шабыт сыйлады», – дейді Альбина.

Альбина ол иіссуды әзірлемес бұрын 1 иіссу, 2 әтір дайындап көрген. Бірінші иіссуға кәдімгі суды қосқандықтан иісі тез кетіп қалғанын, ал спирт қосылған екінші әтірдің иісі ұзақ сақталатынын  тәжірбие барысында анықтағанын айтады.

«Әтірге «Елім-ай» деп атау бердік. Бұл әтірді иіскегенде, сепкенде әрбір жанның жүрегінде туған жеріне деген сағыныш сезімі сөзсіз оянса деген ой. Жусанды иіскегенде далада асыр салып ойнаған кездері, балалық шағы, туған ауылы, жылы естеліктер есіне түсетіні сөзсіз. Сол үшін де туған жердің жұпары саналатын жусан иісі бар бұл әтірге «Елім-ай» атауы жарасымды деп ойладым», – дейді оқушы.

Альбина болашақта тілші болуды армандайды екен. «Мен үшін жағымды жаңалықтарды барлық елге бірінші болып хабарлау – өте қызық», – дейді Альбина.

Альбинаның ұстазы Жұпар Жанболатқызы шәкірті туралы пікірін ортаға салды.

«Мен Альбинаның жетекшісінен бұрын, оның алғашқы ұстазымын. Былтыр бастауыш сыныппен қоштасып, қазір орта буында оқып жатыр. Альбина – өте тәрбиелі, ашық-жарқын, салмақты, сыпайы әрі сыныптастарының арасында  да абыройлы оқушы», – дейді ұстазы.

Жұпар Жанболатқызының айтуынша, жусаннан әтір жасау туралы ой Альбинаның иіссулар мен әтірді зерттеуге деген қызығушылығынан басталған. Әтірді әзірлеуге бір айдан астам уақыт кеткен

«Қызығушылық – танымдық іс-әрекеттің қозғаушы күші демекші, оқушының қызығушылығының  арқасында зерттеуімізді бастадық. Қазір көпшілік түрлі әтір қолданатыны сөзсіз. Әлем бойынша тауар айналымында, тіпті еліміздің дүкен сөрелерінде де хош иісті әтірлер өте көп. Ал әтірде тәтті, жағымды иіс болу үшін түрлі жеміс, өсімдік, гүл қолданылатыны белгілі. Ал біздің әтір өзгелерден несімен ерекшеленеді деген сұрақ болды», – дейді жетекшісі.

Жұпар Жанболатқызы сөз арасында жусанның пайдасына тоқтала кетті. Ол түрлі аллергиялық ауруларға, жүйкені тыныштандыруға, асқазан-ішек жолдарының қызметін жақсартуға, жақсы ұйықтауға, тәбетті ашуға септігін тигізеді.

«Мұны жоба ретінде сайысқа ұсыну үшін ерекшелігі мен өзектілігін табу және оны үй жағдайында жасау басты мақсаттардың бірі еді. Себебі егер біз жобаға басқа гүлден жасалған әтір ұсынатын болсақ, бұл әтір секілді қызықты әрі маңызы болмас еді. Сөйтіп таңдауымыз жусанға түсті. Біздің Ақкөл ауылы қарағайға толы болғандықтан, қарағай қосамыз ба деп те ойладық. Біріншіден, оны аса маңызы болмайды. Екіншіден, қарағай барлық жерде өсе бермейді. Ал жусан  Қазақстанның барлық аймағында кездеседі. Сондықтан барлығына таныс әрі ортақ өсімдік ретінде жусанды қолданған дұрыс деп санадық», – дейді ол.

«Жусанның иісі көпшілікке, әсіресе үлкендерге қатты ұнайтыны сөзсіз. Пайдасы да зор екенін айттық. Міне, осының барлығын ескере отырып, осындай дүние дайындадық.Республикалық «Зерде»  ғылыми жоба байқауына қатысып, төрт кезеңінен де жүлдеге ие болып, республикалық кезеңге жолдама алсақ та, жусанның құндылығын «тексеруді» тоқтатпадық. Әрине, бұл –оқушының қызығушылығы мен құштарлығының  нәтижесі. Альбина ізденімпаз оқушы болғандықтан, осындай жетістікке жетіп отыр»,– дейді  Жұпар Жанболатқызы сөз соңында.

Әлеуметтік желіде оқушы қыздың бұл өнертабысына таң-тамаша болған көпшілік «Қайдан алуға болады? Сатып алушы едік, сатылымға шыға ма?» деп пікір жазып, қызығушылық білдірген қолданушы саны көп екен. Ұстазы мен шәкірті оны сатылымға шығару туралы әлі де ойланатынын айтты.

Әзірлеген Дариға НЫСАНҚҰЛ

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық

университетінің 4-курс студенті