Үкімет майдангерлердің дерегі цифрланған арнайы Ұлттық портал әзірлеуі қажет – Еділ Жаңбыршин
Бұл – тарихымызға жасалған қиянат, батырлардың рухына деген құрметсіздік екенін айтқан Еділ Жаңбыршин ел боламыз десек, әрбір тарихи оқиғаны, сол оқиғалардың бел ортасында жүрген тұлғалардың атын жас ұрпақтың жадына тасқа қашағандай етіп таңбалауымыз керек екенін жекізді.
Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршын Премьер-Министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдап, тарихты құрметтеу, жас ұрпаққа дәріптеу мәселелеріне қатысты депутаттардың ойын жетізді.
Кеше ғана Ұлттық Құрылтайда елімізге арналған келелі идеологиялық, адами құндылықтар, азаматтардың құқықтары, әлеуметтік және саяси-экономикалық бағыттағы мәселелер нақты көтерілді. Мемлекет басшысы бәріміз көтеріп жүрген үлкенді-кішілі өзекті ойларға тоқталып, олардың іске асыруын нақтылады. Құрылтайда өз тарапымнан нағыз шайқаста қасық қаны қалғанша ерлік көрсеткен майдангерлеріміздің, Президент айтқандай: «Адал адам» қағидатына сай тарихи тұрғыдан әділ бағалануы тиіс екенін көтердім. Өйткені, әлемдегі барша ұлттарды жойып, өздерінің нацистік идеологиясын орнатқысы келген фашистерге аталарымыз қасқайып қарсы тұрды. Бірақ, бүгін тек бейбіт қоғамда өмір сүріп, оқ-дәрінің иісін сезбеген, Отан үшін күрестегі шайқастармен терең таныспаған ұрпағымыздың кейбір өкілдері тарихи оқиғаларымыз бен тұлғаларымызды жоққа шығарғысы келеді, – деді Еділ Жаңбыршин.
Бұл – тарихымызға жасалған қиянат, батырлардың рухына деген құрметсіздік екенін айтқан Еділ Жаңбыршин ел боламыз десек, әрбір тарихи оқиғаны, сол оқиғалардың бел ортасында жүрген тұлғалардың атын жас ұрпақтың жадына тасқа қашағандай етіп таңбалауымыз керек екенін жекізді.
Мысалы, көптеген ел өз тарихын тұғырлы тұлғалармен байланыстырады, тіпті олардың есімдерімен арнайы дәуірлерді атайды. Оған қоса, ордендері мен медальдарына рухани көсемдерінің, мемлекетінің айбынды қолбасшыларының есімдерін берген. Бұл ұлттың ұлылығын және саяси мәдениетінің биіктігін білдіреді. Осы ретте, кешегі Ұлттық Құрылтайда Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи әділдікті орнату үшін еліміздегі аты аңызға айналған қаһармандарымыз – Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбаев, Сағадат Нұрмағамбетовтың есімдерімен аталатын арнайы ордендерді тағайындауды ұсынды. Президенттің бұл ұсынысы – адамзат өркениетінде зардабы жөнінен бұрын соңды болмаған, миллиондаған адамдардың өмірін жалмаған, тағдырларын талқан еткен екінші дүниежүзілік соғыстағы 600 мың қазақстандық майдангерлердің рухына деген нағыз құрмет. Бұл отаншылдықты, ұлттық бірегейлікті нығайтуға келелі ықпал етеді. Бірақ батыр бабаларымыздың рухына көрсетілген Құрылтайдағы маңызды бастама ақпараттық тұрғыдан жан-жақты таратылмай, қоғамда лайықты деңгейде насихатталмады.Сондықтан, бірінші кезекте, біз Мәжіліс депутаттары осы тың идеяға арнайы тоқталуды жөн көрдік және аталған ұсынысты заңды түрде бекітуіміз қажет. Бұл шешімді тез арада алдағы Отан қорғаушылар күніне дейін қабылдап, алғашқы сарбаздарымызды еліміздің біртуар перзенттерінің атындағы мәртебелі ордендермен марапаттауымыз керек, – деді Еділ Жаңбыршин.
Бұл депутаттық сауал – Құрылтайда көтерілген мәселелерді Үкіметке ресми мінберден арнайы жолдау екенін айтқан депутат майдангерлеріміздің атын мәңгі есте сақтау шараларын қолға алу керек екенін айтты.
Екіншіден, Екінші Дүниежүзілік соғысқа қатысты ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуді қайта жаңғыртып, майдангерлердің деректері цифрландырылған арнайы Ұлттық порталды жасауы қажет. Үшіншіден, бұл жұмыстарға көпжылдық тәжірибесі бар қоғамдық ұйымдарды тартып, аталған жобаларға барлық көздерден қаржыландыру қарастырылуы тиіс. Егер осы мәселелерді тыңғылықты іске асырсақ, адал перзенттік парызымызды орындап, тарихи әділдікті қалпына келтіреміз, – деді Еділ Жаңбыршин.